Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізудің негізгі пайдасы – қызметкердің уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты өндірістегі шығынды азайту.
Осы мәселе кеше үкіметте "Ұлт саулығы – мемлекет бәсекелестігінің кепілі" атты брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының төрайымы Елена Бахмутова, республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев қатысқан жиында талқыланды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, үкімет "Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар заң актісіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес 6 кодекс пен 16 заңға өзгеріс енгізілмек.
Заң жобасында МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген мөлшеріне, жарна төлеуші мен төлем нысанына байланысты өзгеріс, төлемшінің жаңа санаттарын белгілеу, мемлекеттік төлем жасайтын азаматтар қатарын нақтылау, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру және МӘМС пен ТМККК бойынша дәрілік қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған. Оның ішінде ерекше назарға іліккені жұмыс берушінің неліктен МӘМС жүйесіне қатысатыны туралы ақпарат.
Естеріңізде болса, елбасы жолдауын түсіндіру жұмысы барысында бұл туралы бірқатар ақпарат белгілі болған еді. Оған сәйкес жұмыс беруші 2017 жылдың шілдесінен бастап қызметкерінің айлық жалақысының 2%-ын медициналық сақтандыруға аударып отыруы керек. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 5 пайызға жетеді.
Қаржылық дағдарыс кезінде шығынға батпаудың жолы қандай? Кәсіпорын басшылары соңғы кезде осы мәселе төңірегінде көп толғанып жүр. Қысқа жіпті күрмеуге келтіру үшін жұмыс күшін дұрыс ұйымдастыра білу маңызды. Алайда бұл кадр штатын орынсыз қысқарта беру дегенді аңғартпаса керек. Қысқартудан бұрын ұжымда қызметті тиімді бөліскен жағдайда ғана кәсіптің тасы өрге домалайды. Яғни бірнеше ортаңқол қызметкердің орнын бір кәсіби маман басуы керек.
Бірақ жұмысты бұлай бөліскенде қызметтік жүктеме де ұлғаятынын ұмытпаған абзал. Мойнына артылған салмақтың салдарынан организмнің қажуы қалыпты жағдай. Сондықтан персонал ұзақ немесе жиі ауыратын болса, өндіріске кері әсері болатынын да ескеру керек.
Сондықтан жұмыс беруші өз қызметкерінің денсаулығын күтуіне жағдай жасау арқылы жұмысының өнімділігін арттырады. Ал ол ауырған жағдайда кететін қаражат медициналық сақтандыру есебінен өтеледі. Бұл қысылтаяң шақта қаржылай қиналмауға көмек екені даусыз.
Сонымен қатар бүгінгі еңбек нарығында екінің бірі білікті маман тарту үшін өз жұмыскеріне толық әлеуметтік пакетті, оның ішінде медициналық сақтандыруды ұсына алмайтыны белгілі. Ал МӘМС енгізген жағдайда әлеуметтік пакет бәріне қолжетімді болады. Бұл – кадр мәселесін шешуге септігін тигізеді. Мысалы экономикасы дамыған елдерде (Франция, Германия, Корея, Жапония) міндетті медициналық сақтандыру үлгісін ұстанады.
МӘМС енгізудің негізгі пайдасы қызметкердің уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты өндірістегі шығынды азайту. Жыл сайын 2,6 миллионнан астам қызметкер еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдейді. Орта есеппен әрбір жұмыскер 12,6 мың теңгенің өнімін шығарады делік. Онда жұмыс берушінің жыл сайынғы шығыны шамамен 370 млрд теңгеге жуықтайды.
Яғни уақтылы профилактикалық тексеруден өтіп тұрған қызметкер аурудың алдын алып, жұмыстан қалмауына мүмкіндік туады. Тіпті көптің қалтасы көтере бермейтін қымбат ем-дом қабылдау қажеттілігі туған жағдайда қор шығынды өз мойнына алып, аурудан жылдам айығуға жағдай жасайды. Сөйтіп қызметкердің еңбекке жарамсыздық күндері азайып, жұмыс берушінің ықтимал шығыны қысқарады.
Серікбол Селеубайұлы