Машина жасау кластері күшейіп келеді

15227

Астанада 20-21 қыркүйек аралығында Қазақстан машина жасаушыларының VI халықаралық форумы өтеді.

Машина жасау кластері күшейіп келеді

Әлемнің 30 елінен келген 1 мың делегат EXPO конгресс орталығында бас біріктіріп, көлік өнеркәсібінің бүгіні мен болашағын байыптайды. Машина жасау саласына инвестиция тартудың жолдарын талқылап, импортты экспортқа алмастыруға қатысты тиімді ұсыныстарды ой елегінен өткізеді.

Ерекше атап көрсетерлігі, жиынға қатысушыларға 2019-2030 жылдарға арналған Қазақстан машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы таныстырылады.

Форумға ел үкіметі мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен инвестициялар және даму министрлігі сонымен қатар Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйытқы болады.

Айта кетейік, Қазақстан машина жасаушыларының VI халықаралық форумы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты биылғы жолдауындағы "индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуға тиіс" деген тапсырмасын темірқазық тұтады.

Өздеріңіз білетіндей, жолдауда айқындалған 10 басым бағыттың бірі – индустрияландыру. Үкімет осы бағыт, оның ішінде машина жасау саласы арқылы ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруды көздейді.

Тарихы терең дәстүрлі форум
Қазақстан машина жасаушыларының ең алғашқы ауқымды шарасы осыдан 5 жыл бұрын қолға алынып, бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келеді. 2013 жылы ұйымдастырушыларға форумды машина жасаушылар үшін инновациялық шешім қабылдайтын халықаралық алаңға айналдыру міндеті жүктелді. Мақтағанамыз емес, міндет мінсіз орындалды. Бұған Қазақстан машина жасаушылары форумының VI рет өткізілейін деп отырғаны дәлел.

Қазақстан машина жасаушыларының I халықаралық форумы үкімет басшысының жиынға қатысушыларға президенттің құттықтау хатын оқып беруімен және кейінгі форумдардың бастау бұлағы болғанымен есте қалды. 2014 жылы өткен II халықаралық форумда Қазақстанның машина жасау саласы еліміздің индустриялық дамуының локомотивіне айналуға тиіс екені тілге тиек етілсе, 2015 жылы өткен III халықаралық форумда ЕАЭО мен ДСҰ жағдайында Қазақстан машина жасаушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. 2016 жылы ұйымдастырылған IV форумда машина жасау ісі дамығанда ғана экономика толық индустрияланатыны айтылды. Ал былтырғы V форум машина жасау саласы ұлттық экономикамыздың басым секторы болып қалатынын нақтылап берді.

"Қазақстанның машина жасаушыларына бәсекеге қабілетті болудан басқа жол жоқ"
"Қазақстан машина жасаушылар одағы" ЗТБ басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаевтың мәлімдеуінше, одақ екі жүзден астам кәсіпорынды бір арнаға тоғыстырып отыр. Олардың барлығы отандық көлік өнеркәсібінің дамуына қал-қадірінше үлес қосып келеді.

"Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық саясат инвестициялық климатты жақсартуды көздейді. Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы ойдағыдай аяқталып, қазір екінші бесжылдық өтіп жатыр. Ол әлемдегі күрделі экономи­калық жағдайға қарамастан, ерекше қарқынға ие болуда. Біз шикізат экспорттаушы ел емес, экономикасы мықты мемлекет атану жо­лындағы жұмысымызды жалғастыра береміз. Себебі Қазақстанның машина жасаушыларына бәсекеге қабілетті болудан басқа жол жоқ", – деді Мейрам Пішембаев.

Оның сөзінше, немістер мен жапондар және корейлер машина жасау саласының үлесін ЖІӨ-нің 40%-на жеткізген. Бізге де осындай көрсеткішке ұмтылу керек.

"Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстан машина жасаушылары өндіріс көлемін 17,2%-ға көбейтіп, 470 млрд теңге табыс тапты. Осылайша отандық машина жасаушылар өнім мен табыс көрсеткіші бойынша көш бастады. Біздің алдымызда импорттың үлесін азайтып, экспортты ұлғайту міндеті тұр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстың қарқынын күшейтеміз", – деді Қазақстан машина жасаушылар одағы" ЗТБ басқармасының төрағасы.

Мейрам Пішембаев алға тартқан деректі дәйектеу үшін біз сатистика агенттігіне жүгіндік. Онда машина жасау саласындағы өндіріс көлемінің биылғы жылдың I жартыжылдығындағы көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51 млрд теңгеге артық болғаны белгіленген. Мұны статистика агенттігі жасаған төмендегі кестеден көруге болады.

Машина жасау: бұрын һәм бүгін
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз машина жасау саласын тұралатып алдық. Өзге елдерден бөлек шыққанға дейінгі 15%-дық өндірістік көрсеткіш көзден де, көңілден де ғайып болды. 1997 жылы өнеркәсіптік өндіріс біржолата тығырыққа тірелді. Осылайша ол 3 жыл қиын жағдайды бастан кешірді. 

Екі мыңыншы жылы машина жасау саласы қайта бас көтеріп, қадамын нықтай бастады. 2005 жылы аталмыш саланың жылдық көрсеткіші 20%-ға жетті. 2008 жылы еліміздің машина жасаушылары 300 млрд теңге табыс тапты. Ал 2010 жылдан бастап машина жасау саласы үздіксіз өсім көрсете бастады. Бұған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау түрткі болды. Отандық машина жасаушылар электровоз, локомотив, жүк және жолаушылар вагондарын, жеңіл және жүк көліктерін сонымен қатар бронды әскери техника шығара бастады. (Бұл туралы сәл кейінірек жазамыз - автор).

Өткен жылы машина жасау өндірісінің жалпы көлемі көбейіп, жеңіл көлік шығару - 4,7 есе, теміржол вагондарын құрастыру - 9 есе, трансформатор өндіру - 2 есе артты. Тұтастай алғанда былтыр елімізде 19,5 мың автокөлік өндірілді.

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" одағы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферовтің айтуынша, 2017 жылы ел азаматтары  отандық автокөлік сатып алуға 71,3 млрд теңге жұмсаған. Ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 88,3 млрд теңгеге 14,66 мың көлік құрастырылған. 

"2018 жылдың алғашқы алты айында зауыттан шыққан көліктердің 8 573-ін немесе 62,5%-ын "Азия Авто" АҚ, 5 152-ін немесе 37,5%-ын "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС құрастырды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысында еліміздің жалпы ішкі өнімі құрылымында сала кәсіпорындарының үлесі 88,3 млрд теңгеге жетті. Автокөлік өндірушілері  бюджетке 3,9 млрд теңге салық төледі", – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның машина жасаушылары өз өнімдерінің  экспорттық әлеуетін де арттырып жатыр. Мұның айқын айғағы біздің елде өндірілген темір тұлпарлар Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде жүйткіп жүр.

"Біз экспорттық әлеуеттің артқанын көріп отырмыз. 2017 жылы экспорт 4 есеге ұлғайды. Бұл біздің нарық үшін айтарлықтай жоғары көрсеткіш", – деді бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

Орталық Азияда баламасы жоқ зауыт
Жоғарыда Қазақстанның машина жасаушылары электровоз, локомотив, жүк және жолаушылар вагондарын шығарып жатқаны жайлы кеңірек жазатынымызды ескерткенбіз. Тақырыпты тарқату үшін ауыр машина жасау тарихының тыңына түрен салған, Орталық Азияда баламасы жоқ "Локомотив құрастыру зауыты" жайлы сөз қозғамақшымыз.

Аталмыш зауыт 2009 жылы 3 шілдеде ашылды. Бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚШ-тың General Electric компаниясымен бірлесіп, қазақстандық тепловоздың техникалық сипаттамасын әзірледі. Нәтижесінде Қазақстанда ТЭ33А - Evolution сериясындағы бір секциялы тепловоз құрастырылатын болды. Ал 2009 жылдың 7 желтоқсанында "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ-ның конвейерінен шыққан су жаңа ТЭ33А локомотиві қолданысқа берілді.

Бүгінгі таңда "Локомотив құрастыру зауытынан" шыққан тепловоздар Тәжікстан, Латвия, Украина, Қырғызстан, Түрікменстан, Эстония, Моңғолия мемлекеттерінің қажетіне жарап тұр. Аты аталған елдер Қазақстанда жасалған тепловоздарды арнайы тапсырыспен сатып алып жүр. "Локомотив құрастыру зауыты" локомотив паркінің жаңаруына да өлшеусіз үлес қосып отыр. Мұны Қазақстан машина жасаушыларының жемісті жұмысы деп бағаласақ, қателеспейміз.

Суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды
Қазақстанның машина жасаушылары осындай көлік түрлерін де шығарады. Қарулы күштеріміздің айбынын асырып, мүмкіндігін арттыру мақсатында өндіріліп жатқан бронды машиналарды "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС - Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы компанияларының бірлескен кәсіпорны өндіреді. Бүгінде аты аталған кәсіпорынның өнімдері  Ресей, Қытай, ТМД және Африка елдеріне экспортталады.

"Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аумағындағы индустриялдық паркте орналасқан кәсіпорынды 2015 жылдың 30 қарашасында президент, ҚР қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Қазақстан мен Оңтүстік Африканың бірлескен кәсіпорны жылына 150-200 бронды машина өндіреді. Атап көрсетерлігі бұл жерде қазақстандық үлестің салмағы басым. Мұнда негізінен отандық шикізат қолданылады. Сырттан оқ өткізбейтін болат парақтар мен бронды көліктің ішкі бөліктеріне қажетті темірлер ғана тасымалданады.

Қазақстан машина жасаушыларының қолынан шыққан бронды техниканың баллистикалық қорғанысы НАТО-ның STANAG 4569 стандартының 3 деңгейіне сай. Бронды машиналардың барлығы құрыш бұзар 7,62 миллиметрлік оққа төтеп бере алады.

Бір ерекшелігі, "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС өндіретін бронды машиналардың барлығына қазақша ат берілген. "Арлан", "Алан, "Барыс"  деген атауларды естігенде құлақ құрышың қанып қалады. 

"Арлан" бронды машинасының техникалық сипаттамасын қарап отырып, оның минаға қарсы қорғанысы бар екенін білдік.

"Салмағы 16 тоннаны құрайтын "Арлан" бронды машинасы 285 аттың күшіне ие дизель қозғалтқышының күшімен жүреді. Сағатына 100-120 шақырым жылдамдықты бағындыра алатын әскери көлік қажет болған жағдайда арнайы жасақтың мақсатын жүзеге асыру үшін қолданылады", – деді "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС бас директорының орынбасары Көбей Жаңбыршы.

Оның сөзінше, "Арлан" бронды машинасы 10 адам тасымалдай алады және доңғалағы жарылған жағдайда 70 шақырым жерге дейін тоқтамай жүре береді.

"Барыс" бронды машинасы қорғаныс әлеуетінің мықтылығымен ерекшеленеді. Бұл туралы Көбей Жаңбыршы: "Барыс" баллистикалық шабуыл­дарға төтеп бере алады. Ол жолсыз жерлердегі әскери тапсырмаларды мінсіз орындайды", – деді.

Белгілі болғандай, "Барыс" бронды машинасында заманауи навигациялық құралдар қол­данылады. Бронды машина ұрыс даласында ешбір атыс құралына дес бермейді.

"Алан" бронды машинасы командалық-штабтық жұмыстарды атқаруға арналған. Ол жолсыз жерде 160 шақырым жылдамдықпен жүре алады.

"Қазақстанның машина жасаушылары аталмыш көлікке қатысты жобаны израильдықтармен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Машинаның жасалуына - біз, технологиясына - шетелдіктер жауапты. Басынан бақайшағына дейін брондалған көлік 10 күннің ішінде құрастырылады", – деді "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС бас директорының орынбасары.

Біз Қазақстан машина жасаушыларының бүгінге дейін бағындырған белесін бір барлап шықтық. Қысқа мақалада барлық мәселені майдан қыл суырғандай талдап, жіктеп бердік деп айтудан аулақпыз. Десекте ойлы оқырманға Қазақстан машина жасаушыларының ерен еңбегі мен осы саладағы толайым табыстарды тиісінше жеткіздік деп үміттенеміз.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу