Медициналық қызметті қандай қосымшалар арқылы алуға болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7118

Дәл қазіргі уақытта ел тұрғындары 19 мобильді қосымшаны пайдалана алады.

Медициналық қызметті қандай қосымшалар арқылы алуға болады

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы медициналық қызмет көрсету толықтай электронды форматқа көшіріледі. Емханалар мен ауруханалар қағазбастылықтан біржола құтылады. Осылайша, дәрігердің де, науқастың да жұмысы айтарлықтай жеңілдейді. Соның есебінен сапа жақсарады. Ең бастысы алтыннан да қымбат уақыт үнемделеді. Әрбір науқас туралы ақпарттың бәрі бір жүйеде жинақталып тұрады. Бәріне қолжетімді.

2018 жылдың басында "Қағазсыз аурухана" пилоттық жобасы басталған болатын. Бүгінде аталған жобаға сәйкес, барлық өңір бойынша жоспарланған 710 денсаулық сақтау ұйымының 667-сінде (94%-ы), сондай-ақ 184 амбулаторлық-емханалық көмек көрсету ұйымның 181-інде (98%-ы) медициналық құжаттар электронды форматта жүргізіледі.

Жалпы денсаулық сақтау министрлігі бекіткен медициналық құжаттардың 121 тіркеу және есеп беру формасы бар. Бүгінде соның 63-і электронды форматқа ауысқан.

"Қазіргі таңда аудандық денсаулық сақтау ұйымдарының 99%-ы медициналық ақпараттық жүйелермен қамтылған. Ал аудандық деңгейден төмен ұйымдардың қамтылуы – 53%. Медициналық қызметкерлердің 90,8%-ы компьютермен жабдықталған және толықтай интернет желісіне қосылған. Аудандық деңгейден төмен ұйымдардың жабдықталуы 54%-ды құрап отыр", – дейді денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

Министрліктің ақпаратына сенсек, дәл қазіргі уақытта ел тұрғындары 19 мобильді қосымшаны пайдалана алады.

1. DamuMed – дәрігердің қабылдауына жазылу үшін қажетті қосымша;

2. Dariger Pro – клиникалық хаттамалар сақталатын база. Қажетті хаттаманы жедел тауып алуға болады; 

3. HealthBook – диагностикалық қызметтер топтастырылған жүйе. Қосымша арқылы қажетті емхананы, дәрігерді таңдауға мүмкіндік бар;

4.  "103 КОНТРОЛЬ" – диспетчерлік орталықты автоматтандырудың бағдарламалық кешені;

5. FMS – халықтық бақылау. Қосымшаның көмегімен емханалар мен ауруханалардың жұмысына баға беруге болады;

6. Health City – мемлекеттік органдар мен халықтың интерактивті байланысына негізделген қосымша;

7. "Менің жүктілігім" ("Моя беременность") – жүкті әйелдерге арналған қосымша;

8. Egov мобильді қосымшасы;

9. "Oncoscreen" – қатерлі ісік ауруын диагностикалауға арналған қосымша;

10. "Посоветуй врача.kz" – тұрғындар дәрігерлер мен медициналық ұйымдар туралы пікірлер қалдыра алады;

11. By MedElement Co – түрлі аурулар бойынша дәрігердің анықтамалығы;

12. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған SOS мобильді қосымшасы;

13. CDL OLYMP Kazakhstan – "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханасы мобильді қосымшасы;

14. "Көмек 103" – алғашқы медициналық қызмет көрсету бригадасының жұмысын автоматтандыруға арналған қосымша;

15. 103apteka.kz – интернет-дәріхана;

16. 103.kz – қажетті дәріні іздеуге арналған қосымша;

17. "Достармед А" – "Достармед А" жеке клиникасының мобильді қосымшасы;

18. "Патронажды мейірбике" – ана мен балаға көмек қажет болса, осы қосымшаның көмегімен мейірбике шақыра аласыз;

19. Сәбилерді күтуге арналған мобильді қосымша.

Олжас Әбішевтің сөзіне сенсек, бүгінде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектесетін 546 арнайы жазба әзірленген. Қазірдің өзінде 6 миллионға жуық адам цифрландырудың игілігін ешқандай қиындықсыз көре алады. Ал 1 млн 951 мың 338 адам мобильді қосымшаларды пайдаланып жүр. Бұл жалпы тіркеуде тұрған халықтың 10,8%-ы. Өңірлер бойынша медициналық ақпараттық жүйелерде 10,2 миллион электронды денсаулық құжаты ашылып, толтырылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу