Медициналық сақтандыру қорында қанша қаржы бар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4531

Жарна төлеу бойынша Алматы мен Астана көш бастап тұр.

Медициналық сақтандыру қорында қанша қаржы бар

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенін білеміз. Аталған уақыттан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта медициналық сақтандыру қорына 133 млрд теңге жарна түскен. Жинақталған қаржының 10,4 млрд теңгесі өткен жылдың соңғы айында аударылған.

Қорға түскен қаржының 124,3 млрд теңгесі яғни, шамамен 93,5 пайызы – жұмыс берушілердің аударымдары. Қалған 8,7 млрд теңгесі немесе 6,5 пайызы жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Өңірлер бойынша жарна төлеу жағынан әдеттегідей Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр. Мәселен, осы уақытқа дейін қорға түскен қаржының 21,10 пайызы алматылықтарға тиесілі. Ал 12,62 пайызы – астаналықтардың үлесінде. Қарағанды облысының үлесі – 8,20 пайыз.

Жарна төлеудегі төменгі көрсеткіш Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелген. Дәлірек айтсақ, қорға жинақталған жалпы қаржының 2,43 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына, 2,91 пайызы Жамбыл облысына және 3,5 пайызы Ақмола облысына тиесілі.

Еске сала кетейік, қорға жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Қаржы болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың нәтижесінде 2021 жылға қарай пациенттерге көрсетілетін жоғары технологиялық қызмет саны 30 пайызға артып, жылына 3,5 мың ота жасалатын болады. Сондай-ақ 2021 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын орта есеппен 30 пайызға өсіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Міндетті медициналық сақтандыру туралы заңға сәйкес, жұмыс берушілер 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әр жұмыскердің табысының 1 пайызын қорға аударып келді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан жұмысшы табысының 1,5 пайызын аударды. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан бастап 2 пайызды, 2022 жылдан бастап 3 пайызды құрамақ.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, экономикасы мықты, еңбек өнімділігі жоғары елдер міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне басымдық береді. Өйткені, сақтандырудың бұл үлгісі шығындарды азайтып, өндіріс көлемі мен кәсіпорынның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнеске экономикалық пайда әкеледі.

Медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі артықшылығы – жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығынан туындайтын өндірістік шығындарды қысқарту. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,6 миллионнан астам адам жұмысқа уақытша қабілетсіздігіне байланысты еңбекке жарамсыздық парағын алады екен. Әр жұмыскердің күн сайын 12,6 мың теңгенің өнімін өндіретінін немесе қызмет көрсететінін ескерсек, жұмыс берушілердің жыл сайынғы шығыны шамамен 370 млрд теңгеге жуықтайды. Медициналық сақтандыру жүйесі аталған шығынды азайтады деген жоспар бар. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу