Миллиардтардан үмітті банктер бірігіп жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4740

Мемлекет басшысы банктерге Ұлттық қордан қаржы бөліп, елді дағдарыстан құтқарғысы келеді. 

Миллиардтардан үмітті банктер бірігіп жатыр

Естеріңізге сала кетейік, сейсенбі күні Үкімет отырысында елдің бас банкирі Данияр Ақышев Ұлттық банктің елдегі банк секторын сауықтыру бағдарламасын іске қосқанын мәлімдеді.

Бағдарлама дайындалмай жатып банктер біріге бастады

Бағдарламаға сай, екінші деңгейлі банктердің банкрот болмауы үшін Ұлттық қордан көмек беріледі. Бұл тұрғыда банктерге қойылатын жалғыз шарт – олар тек Ұлттық қор ақшасын ғана пайдаланбай, өздеріне өздері капитал бөлуі керек.

"Активтердің сапасын бағалау және стресс-тестілеу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша анықталған проблемалар­дың ауқымына қарай тиісті шаралар қабылданады. Оларда, бірінші кезекте, банктің орнықтылығын арттыру үшін банкті оның акционерлері тарапынан үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптар қамтылады. Сондай-ақ, шаралар­ да проблемалы банктерді қалыпқа келтіру және реттеу рәсімдері қамтылады. Сондықтан Ұлттық банктің стресс-тест жүргізу бойынша іс-қимылдары проблемалы банктерді тиімді қалыпқа келтіру және реттеу үшін құқықтық және экономикалық жағдайлар жа­сауды және банктердің пробле­маларын банк жүйесіне деген сенімді жоғалтпай жедел шешуді қамтамасыз ететін неғұрлым және ең аз мемлекеттік шығыстары бар қауіпсіз тәсілдерді болжайды. Орнықтылығы жеткіліксіз банктерге қатысты шаралар қабылдау кезінде уақтылы хабар­дар болу реттеушіге қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қоғамдық шығындарды барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Проблема қаншалықты ерте анықталса, оны шешу соншалықты жеңіл болады, оны шешу кезінде әлеуметтік және экономикалық шығын соншалықты аз талап етіледі", – деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың мәліметінше, бағдарлама алдағы уақытта орындала бастайды.

Жалпы, елдегі қаржы саласы тікелей мемлекет басшысының қадағалауында екені анық. Бұл тұрғыда елбасының ұстанған саясаты – дағдарыстан аман шығу үшін әлеуметтік бағдарламаларға ақша бөлумен қатар, жеке меншік банктерді де қамқорлыққа алу. Кей сарапшылар мұның нарықтық экономикаға қайшы екенін алға тартқанымен, бұл елбасы жолдауы мен дағдарысқа қарсы іс-қимылдарда айқын көрсетілген бағдарлама түрінде жүзеге асырылмақ.

Ол үшін мемлекет банктерге стресс-тестілеу жүргізіп, қай банктің қаржы бөлуге тұрарлық екенін анықтамақ. Қазіргі таңда елімізде 33 банк болса, олардың кейбірі қазір қосылып жатыр. Ондағы мақсат, мемлекеттен бөлінетін 2 трлн теңгеден шама келгенше молынан "қарпып" қалу. Өйткені, Ұлттық банк Ұлттық қордың қаржысын ұсақ банктерге бермейді. Осыны ескерген Tengri Bank пен Capital Bank, оның алдында Цеснабанк мен ЦентрКредит банктері қосылатынын мәлімдеді. Ал елдегі ең ірі екі банк саналатын Халық банкі мен Қазкоммерцбанктің қосылатыны туралы ақпарат елдегі банк секторын бір сілкінтіп тастады.

Монополия банк секторына да келді

Олай дейтініміз, қос банк бірігетін болса, екеуі нарықтың 51 пайызын иемденбек. Демек, банк секторында белгілі бір деңгейде монополия орнайды.

Егер Қазком мен Халық банкі қосылатын болса, қазіргі таңда елдегі банк секторында 1-орында тұрған Қазком (4,7 трлн теңге) және 2-орындағы Халық банкі (4,6 трлн теңге) 9,3 трлн теңгемен нарықтың 37,4 пайызын иемденіп, елдегі ең ірі супербанкке айналады.

Өз кезегінде Ұлттық банк елдегі банктердің бірігу процестерін қолдап отыр. Дәстүрлі түрде республикалық басылымдарға жасайтын түсіндірме жұмыстарында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, Ұлттық банк елдегі кішігірім банктердің өзіне қолдау көрсетуге дайын.

"Әлсіз банктер нарықтан кетуге тиіс"

"Ұлттық Банк жалпы алғанда, нарықта тек күшті және қаржылық тұрғыдан орнықты, реттеушінің талаптарын орындауға және банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмей қызметін жүзеге асыруға қабілетті банктер жұмыс істеуге тиіс болатын ұстанымды қолдайды. Әлсіз бан­ктер нарықтан кетуге тиіс", – деді Олег Смоляков.

Смоляковтың айтуынша, банктік қызметтер нарығында қалуға ниетті банктер елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалдың және Қазақстанның банк секторы алдында тұрған қатердің өзгеруі жағдайында тиісті шараларды қабылдауға – бірігуге немесе үстеме капиталдануға тиіс. Бұл ретте Ұлттық Банк банктердің бүкіл банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бастамаларын ғана қолдайды.

Бұл тәсіл ағымдағы халықаралық практикаға сәйкес келеді және жақында болған кездесулердің, сондай-ақ және оны экономика мен банк секторының жай-күйі мәселелері бойынша талқылаулар барысында Халықаралық валюта қоры да оң бағалап отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу