Мұғалімдер онлайн технология өздерін жұмыссыз қалдырады деп қорқады – Рауан Кенжехан

7152

Қазақстандықтардың 22 пайызы интернетке мұқтаж.  

Мұғалімдер онлайн технология өздерін жұмыссыз қалдырады деп қорқады – Рауан Кенжехан

Astana Finance Days қаржы конференциясының аясында цифрлық білім берудің Қазақстандағы келешегі талқыланды. Сессияның бірінші бөлімінде қазақстандық мамандар өз пікірлерін ортаға салса, екінші бөлімде халықаралық сарапшылар ұсыныстары мен ескертулерін айтуға мүмкіндік алды.

Пандемия кезінде қашықтан білім беру қалай ұйымдастырылғанын баяндаған Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари оқушыларға қашықтан білім беру неге жаппай онлайн-режимде жүргізілмегенін түсіндірді.

"АҚШ-та күн бізден 12 сағат жай бататын болса да, онлайн оқытуға бізден бір күн бұрын көшті. Біз олардың әрекетін бағып отырдық. Кейін АҚШ-пен қоса Монғолия, Түркия сияқты елдердің тәжірибесін зерделедік. Бұлардың барлығында онлайн оқытудан бөлек теледидар, радио, пошта арқылы оқыту қатар жүргізілді Мысалы, орта сыныпқа дейінгі балаларға компьютердің алдында   15 минуттан көп отыруына болмайды. Сондықтан, біз бабаларды бірнеше сағат бойы компьютердің алдында қаңтарып ұстай алмадық. "Неге оқушыларды 100 пайыз онлайн оқытпадық" деген сұрақтан гөрі "Ол қаншалықты тиімді" деген сұрақ маңызды", – деді вице-министр.

Ал "Bilim Media Group" компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжехан пандемия қашықтан оқытуға қатысты консервативтік көзқарастарды бұзды деген пікір айтты.

"2011 жылы қашықтан білім беруге қажет контент жасап бастаған кезде шынымен де біз саланың пионері едік. Мектептерде түрлі гаджеттер ұстауға тыйым болды. Ал компьютер сыныптары көрменің қызметін атқарып, көп жағдайда жабық тұрды. Осыдан келіп көшеде ХХІ ғасыр болса, мектептің ішінде ХІХ ғасыр болып жатқандай әсер сезілді. Ал пандемия кезінде біз өз жобаларымызды жаңа жағдайға жылдам бейімдеу керектігін түсіндік", – деген сарапшы ұстаздар арасында онлайн білім беру технологияларының кесірінен жұмыстан айырламыз деген қорқыныш әлі бар екенін айтты.

"Мұғалімдердің түпсанасында қауіп бар. Көптеген мұғалім сауалнама алған кезде көбі онлайн-технологияларды өздерін алмастыратын құрал деп қабылдайтынын түсіндік. Сондықтан мектептерде онлайн-оқытуға қырын қарау бар. Ал біз ұстаз бәрі бір керек деп ойлаймыз. Мұғалімсіз оқыту процесін ұйымдастыру мүмкін емес", – деді ол.

"Ақпараттық талдау орталығы" АҚ-ның бас сарапшысы Надежда Черкашина қазақстандық оқушылардың компьютерлік сауаты әлі төмен деңгейде екенін айтты.

"2015 жылдан бері ПИЗЕ сараптамасында қазақстандық оқушылардың нәтижесі нашарлап келеді. Компьютерлік сауаттылық бойынша өте төмен баға алып жүрміз. 2018 жылғы арнайы талдау да осы тұжырымды растады", – дейді сарапшы.

Төтенше жағдай кезінде онлайн-білім беруге белсенді қатысқан  "Daryn Online" платформасының өкілі Ержан Оңалбаев IT-мамандардың алдындағы ендігі міндет оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланыстың сапалы алаңын жасау екенін айтады.

"Біздің жүйеге 2,7 млн қолданушы тіркелген болса, соның 2,3 млн адамы – оқушы. Пандемия кезінде оқушылар мен ата-аналардың компьютерлік сауаты әр түрлі деңгейде екенін көрдік. Тіпті электронды поштаны қалай құру керегін білмейтіндер кездесті. Тамыздың 15-інен бастап кері байланыс жүйесін іске қоспақпыз. Бұған дейін оқушылар алдын ала жазылған сабақты тыңдап отырып, туындаған сұрағына жауап ала алмайтынын көрдік. Осы мәндегі сын пікірлер көп айтылып жүр. "Дарын-Ticher" жобасы осы проблеманы шешеді", – деді ол.

Халықаралық сарапшылар қашықтан білім берудің сапасын интернет жылдамдығымен ғана байланыстыру қате деген пікірге тоқталды. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы басшысы Артур ван Дизен қашықтан білім беру нәтижелі болуы үшін тұрғындардың сатып алу қабілетін артыру керектігін де еске салды.

"Біз білетін статистика бойынша, Қазақстандағы елді мекендердің 78 пайызы интернетке қосылған. Мектептердегі интернеттің жылдамдығы орта есеппен  секундуна 3 мегабит екен. Интернет желісі дұрыс тартылмаған деген мағынада сын көп айтылады. Ол дұрыс тартылған күннің өзінде  сапалы интернетті сатып алуға кейбір отбасылардың қаржылық мүмкіндігі жоқ болып жатыр", – деді ЮНИСЕФ өкілі.

Ол, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға қашықтан берген білім жеткіліксіз екенін, оларға арнап қосымша жобалар әзірлеу керектігін де ескертті.

"Қазақстанда ата-аналарды қойып, мұғалімдердің де компьютерді меңгеруі төмен деңгейде. Аса қарапайым саналатын Zoom-ның өзін қиыналып пайдаланғандар болды. Бұл Қазақстанға ғана тән мәселе емес емес. Цифрлық теңсіздік бүгінде өзекті проблемаға айналды. Елдердің дамуында осы фактор шеуші рөл атқаруы мүмкін. Қазақстандықтардың 78 пайызы интернетпен қамтылған дедік қой. Қалған 22 пайыздың проблемасын жете зерттеу керек.  Цифрлық білімге асығыс көшсек, осы 22 пайызды жоғалтып алуымыз мүмкін. Ал интернеті бар үйлерде бірнеше оқушы болуы мүмкін. Барлық бала бір компьютерге немесе гаджетке телміріп отырса, білім сапасы төмендейді. Осы жағын ескеріп, радио, теледидар, интернет арқылы білім берудің теңгерімді жүйесін ойластыру керек", – деді Артур ван Дизен.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу