Astana Finance Days қаржы конференциясының аясында бірнеше сарапшы осы сауалға жауап іздеп көрді.
Халықаралық валюта қорының реттеуші-директорының орынбасары Тао Чжан мұндай теорияға ұлттық экономиканы әлемдік тұрақтылықтан жоғары санайтындардың көбірек сенетінін айтып, АҚШ билігінің кейінгі жылдардағы мәлімдемелерін сынға алды.
"Қазіргіден әлдеқайда дербес, әлдеқайда экологиялық таза экономика керек екенін бәріміз айтып жүрміз. Бірақ оған жетудің жолы қане? Эпидемияға дейін де нарықтар арасындағы қарым-қатынас құлдырай бастаған. Қуатты өндірістерді өз отанына қайтару туралы тіпті тым көп айтылып кеткен. Жабық экономиканың артықшылықтары қайтадан күн тәртібіне шықты. Бірақ осы ұрандарға негізделген шешімдердің ел экономикасына, халық тұрмысына қалай әсер ететінін, оның шығынын елдің қаржылық мүмкіндігі қалай көтеретінін ескеру керек", – деді қаржыгер.
Оның айтуынша, ХВҚ пандемия өршіген 1,5 айда қиындықққа тап болған мемлекеттерге жалпы көлемі 50 млрд доллар болатын 70 түрлі несие ұсынған. Бұл елдердің дағдарыстан қалай шығатыны осы қаражатты қалай игергеніне байланысты болмақ.
"Ұлы депрессиядан кейін жаппай экономикалық өсім болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біршама уақытқа бейбітшілік орнады. Сондықтан бұл дағдарыстың салдарына да оптимистік пейілмен қараймын. Бізге адамдар мен капиталдың, тауарлардың еркін айналымын қамтамасыз ететін жаһандану керек. Жаһандануды жерлеп тастауға әлі ерте. Бұл құбылыс эпидемиядан кейін экологиялық сипат алып, жаңа деңгейге шығуы мүмкін", – деді ол.
Ал "Жаһандық дербес нарықтар" стратегиясының жетекшісі Массимлиано Кастелли COVID-19 жаһандануды біржола жерлеп тастамаса да, қарқынын тежейді деген пайым айтты. Бұл ойын ол мынадай дәйектермен түсіндіреді.
"COVID-19 цифрлану процесін жылдамдатты. Бірден 5 жылға секіріс жасадық десе де болады. Еуропа елдері бұған дайын болып шықты. Ал дайын емес елдер әлі қалыпқа түсе алмай жатыр. Соның салдарынан экономикалық құлдырау біз күткеннен де терең болып шықты. Қазір әлем экономикасы тауар өндіруден қызмет көрсетуге көшіп жатыр. Қосымша құн салығының тізбегі қысқарып келеді. Бұл эпидемияға дейін пайда болған еді. Оның әсерінен жеделдей түсті. Мемлекеттер ұлттық қауіпсіздігін ойлағандықтан, стратегиялық бағыттарын қайта қарап, жаһандану кешеуілдейді. Мысалы, Трамп мырзаның шешімдері халықаралық саудаға кері әсер етіп жатыр. Ұлттық тенденциялардың артуы капиталдың қозғалысын тежеуде. Осының бәрін қосып қарасақ, эпидемия жаһандануға деген қысымды күшейте түсті. АҚШ пен Қытай арасындағы алшақтық жаһандануға әсер етіп, әлемдік экономиканы оқшаулануға әкелуі мүмкін. Көп дүние АҚШ-тағы сайлауға байланысты", – деді экономист.
Ол бұдан былай жаһандану аймақтар аумағында жүреді деген болжам айтты. Ондай аумақтардың орталығында Қытай, АҚШ, Еуропа тұруы мүмкін.
"КСРО ыдырап, гипержаһандану кезеңі болды. Сол тұста дамушы елдер жаһанданудан көбірек ұтқанын көреміз. Яғни, шағын елдердің экономикасы жаһанданудың жаңа бағыттарына оңай кірігеді. Ал бұл жолы жаһанданудың орнына "аймақтану" белең алуы мүмкін. АҚШ, Еуропа, Қытай сияқты үш орталық болуы мүмкін. Осы үш өңірдің айналасында аймақтану жүруі ғажап емес", – деді маман.
БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің бас директоры Татьяна Валовая халықаралық ұйымдардың құзіреті шектеулі болғандықтан адамзат COVID-19 сияқты сын-қатерлерге лайықты соққы бере алмай отыр деген пікір айтты.
"Негізі эпидемия жаһандануды уақытша болса да жерледі деп айтуға болады. Бірақ бізде оған дейін де толыққанды жаһандану болған жоқ. Тауар айналымы, қарым-қатынас болғанымен, ғаламдық деңгейде басқару тетіктері болған жоқ. Әлемдік ауқымда қиындықтармен күресетін құрал жоқ екенін эпидемия көрсетті. БҰҰ қазір осы тұрғыда жұмыс істеп жатыр. Біздің қолымыз байлаулы. Өйткені халықаралық ұйымдарың құзыреті шектеулі", – деген сарапшы киберқауіпсіздік цифрландырудың көлеңкесінде қалып қоюы мүмкін деген қаупін білдірді.
"Цифрландырудың мүмкіндігі мықты болғанымен, киберқауіпсіздік деген бар. Эпидемия базалық мамандықтардың қаншалықты құнды екенін айқындап берді. Адамды емдеп, тамақпен қамтитын мамандықтарды престижді ету керектігін көрсетті. Дамудағы теңсіздікті жоймасақ, кез келген қауіп алдында адамзат баласы осалдық танытады. Бұл жолғы эпидемияның әсері дамымаған, табысы аз, интернеті әлсіз, ауызсуға тапшы елдерде қатты сезілді. Медицинаның сапасы төмен елдерге әлі де қиын тиіп жатыр. Оларда жағдай тұрақтанғанша әлем эпидемиядан құтылды деп айтуға болмайды", – деді Татьяна Валовая
Қытай дәрісіне тәуелділік АҚШ-тың жағдайын ауырлатып отыр. Британиялық тарихшы, Пристон университетінің профессоры Гарольд Джеймс осындай мәлімет айтты.
"Эпидемиядан кейін дамыған елдердің өзінде егемендікке акцент көбейеді. Біз басқа елде шығатын дәрілерге тәуелді болғымыз келмейді. АҚШ азаматтары антибиотиктердің 80 пайызы Қытайдан алынатынын естіп, қатты дүрлікті. Осыдан кейін АҚШ билігі Үндістан мен Қытайдың осы саладағы экспортын алмастыруға күш салып жатыр. АҚШ-тың жағдайы осындай болғанда шағын мемлекеттердің күні не болғанын ойлай беріңіз. Мысалы, Словения мен Эстонияға қажет дәрі алу ірі мемлекеттерге қарағанда қиын. Осы проблеманы әлем болып шешуіміз керек. Жеткізу тізбегіне қаншалықты тәуелді болып қалғынымызды көрдік. Түрлі елдің үкіметтері түрлі стратегияларды сынап жатыр. Ұлыбритания мен АҚШ-тың эпидемиямен күресі сәтсіз болды. Ал Жаңа Зеландия мен Дания сәтті тәсілді таңдады. Бұл осы елдердегі үкіметтің білім-білігі жоғары деген сөз. Эпидемия білікті Үкіметтің моделін өзге елдерден көшіруге болатынын көрсетті. Көптеген демократиялық мемлекеттер қателіктерін мойындап, стратегиясын қайта қарауда", – деді сарапшы.
Есжан Ботақара