Мұғалімдердің өздері үштілділікке дайын емес. Әзірше

4762

2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту бағдарламасында 2019 жылдан бастап 12 жылдық оқуға көшу қарастырылыпты. 

Мұғалімдердің өздері үштілділікке дайын емес. Әзірше

"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің алпыс пайызынан астамында балалар мектеп табалдырығын алты жасқа дейін аттайды. Жаңа стандарт бойынша 2019 жылдан бастап балалар 6 жастан бастап мектепке баруға міндеттеледі", – деді Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова 2 қарашада Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Он екі жылдық оқыту несімен ерекшеленеді?

Директор орынбасарының айтуынша, 12 жылдық білім берудің басты ерекшелігі – бірінші сыныпқа дейінгі нөлінші сыныпты енгізу көрінеді. Яғни, он бір сыныптық білімнің алдында бүлдіршіндер нөлінші сыныпқа баруға міндеттелмекші.  

"Биылғы 1 қыркүйектен бастап мектеп табалдырығын аттаған бірінші сыныптар жаңа жүйемен білім алады. Ал екінші, бесінші және жетінші сынып оқушылары 2017-2018 оқу жылынан бастап, үшінші, алтыншы, сегізінші, оныншы сыныптар 2018-2019 оқу жылынан, ал 2019-2020 жылдары төртінші, тоғызыншы және он бірінші сыныптар жаңа жүйеге көшпек", – деп жоспарлап отыр білім министрлігі.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі, мектеп оқушыларына азаматтық сауаттылық үйретілмек. "Азаматтық сауаттылық" деген жаңа жүйе бойынша пән ретінде беріле ме, әлде жалпы жүйе азаматтық сауаттылыққа үйрете ме, ол жағын нақтылауға бас ұстаздар асықпады.

Сонымен қатар 12 жыл білім алатын оқушылар бес күндік оқу аптасына көшеді. Министрлік өкілдері екі күндік демалыс үшін ұстаздардың жалақысы мен үйретілетін пән саны өзгермейтінін айтты.

Журналистердің осы 12 жылдық білімге көшу үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінгені туралы сұрағына Зейнеп Мақсұтова нақты жауап бере алмайтынын мойындады.

Мұғалімдер ағылшынша сабақ бере ала ма?

Шарада көпшіліктің талқысына түскен мәселенің бірі үштілділік болды. Осы 2 қараша күні ғана Мәжілістің кеңейтілген отырысында Бекболат Тілеухан үштілділік мәселесін көтере келіп, елдің бас ұстазы Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдады. Осы орайда, Білім министрлігінің мектепке дейінгі оқыту және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова үштілділіктің ең бірінші мақсаты қазақ тілінің халық ішінде қолдану аясын кеңейту екенін айтты. Сөзінің дәлелі ретінде ол жаңа жүйе бойынша Қазақстан тарихының орыс мектебіне де, қазақ мектебіне де тек қазақ тілінде оқытылатынын алға тартты. Дегенмен, екінші жағынан, өз кезегінде дүниежүзі тарихы пәні де мектептің оқыту тіліне қарамастан тек орыс тілінде беріледі деп жоспарланыпты.

Депутат сауалының екінші бөлігі "әліппенің" аты "сауат ашу" болып өзгеруіне қатысты еді. Білім және ғылым министрлігі орта білім және мектепке дейінгі департамент басқарма жетекшісі Талғат Жәкенов оған: "Әліппе мен ана тілі пәндерін қоса отырып жаңадан "сауат ашу" деген пән енгіздік, ал ішкі мазмұнында ешқандай өзгеріс жасалмады", – деп жауап берді.

"Ал ағылшын тілінің бірінші сыныптан бастап енгізілуі тек пән ретінде ғана сипат алады. Тек жоғарғы сыныптарға барғанда ғана оқушыларды химия, физика, биология және информатика пәндерін ағылшынша оқытамыз. Ол үшін алдымен пән мұғалімдерінің өздерін ағылшынға оқыту қарастырылған. Бұл қанатқақты жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірігіп қолға алдық. Ұстаздарға арналған курс 3 қазанда Астана, Алматы Қарағанды қалаларында басталды. Ол 21 желтоқсанда аяқталады. Біз 75 ұстазға ағылшын тілін үйретеміз. Оқу процесінде шетелдің үздік тәжірибелері ескерілген. Мұғалімдер үшін арнайы оқыту әдістемесін жасап шығардық. Сондай-ақ, орталықта ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімдер жұмыс істейді. Олардың халықаралық сертификаттары бар. Біздің компания Cambridge Language ASSESSMent-пен байланыс орнатқан", – деді Талғат Жәкенов.

"Ағылшынша сабақ беруге бірінші кезекте мұғалімдер дайын емес"

Дегенмен, халық арасында бұл мәселеге қатысты алуан түрлі пікірдің бары рас. Астанадағы жеке меншік білім беру ұйымдарының бірінде физика пәнін ағылшын тілінде оқытатын, аты-жөнін атамауды өтінген ұстаздың айтуынша, ағылшынша сабақ беруге бірінші кезекте мұғалімдердің өздері дайын емес.

"Өйткені, – дейді мұғалім, – қазіргі ұстаздардың барлығы дерлік мектепті де, университетті де қазақ немесе орыс тілдерінде бітірген. Ағылшын тілін мектепте оқығаннан кейін қайта ашпаған. Осы орайда, алдымен университетте педагогика мамандығы бойынша оқитын студенттерді алдымен ағылшынға үйретіп, үйретіп қана қоймай, сол тілде сабақ бере алатын білікті маман ретінде баулу керек. Ал бұл жұмыс 2019 жылға дейін шешілетін мәселе емес".

Мұғалімдерді дайындау демекші, министрлік қазірде 75 ұстазды бір айдан бері күніне 4 сағаттан ағылшынға баулып жатқан көрінеді. Бес айлық курстың нәтижесі бойынша бұл ұстаздар аталған пәндерді ағылшынша оқытуға міндетті. Осы мақсатта бюджеттен 10 млн теңге шамасында қаражат бөлініпті. 

Іріктеліп алынған ұстаздарға ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген маман Гауһар Кенжина оқыту процесінде шетелдің үздік тәжірибесі ескерілгендігін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, министрліктің бұл бастамасы елдегі білім беру саласын әлемдік деңгейге жетелейтін бірден-бір қадам. Оған дәлел ретінде Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінің білім беру жүйесін айтуға болады. Бұл елдер бүлдіршіндердің мектеп табалдырығын аттаған күнінен бастап ағылшын тіліне оқытады екен. Нәтижесі де көп ұзамай көріне бастапты. Ең бастысы - ертеңіне түлектер ағылшын тіліндегі ғылыми әдебиетті қиналмай оқитын көрінеді.

Ата-аналар жиі ауысатын оқулық мазмұндарын түсіне алмай әуре

Мәселеге қатысты Жезқазған қаласы 8-ші мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары да үн қосты. Олардың айтуынша, 12 жылдық білім беру жүйесінің бұрынғыдан көп айырмашылығы жоқ. Өйткені, жаңадан қосылған "нөлінші сынып" деген бұрын да болған дүние. Ал жүйедегі оқу бағдарламасымен әзірге танысып үлгермеген ата-аналар пәлен деп пікір айта алмайтындарын мойындады.

Оның есесіне ата-аналар бірнеше жыл сайын ауысып отыратын оқулық мазмұндарын қазірдің өзін де түсіне алмайтынын жасырмады.

Жалпы, жиі өзгеріске ұшырайтын білім саласы алдағы тұрақтала қоймасы анық. Жаңа жүйеге біртіндеп көшкен оқушылар уақыты келіп мектепті бітіретін кезде 12 жылдық жүйе екінші рет сынаққа түспек. Түлектерді біріңғай стандарттық тестілеу кезінде жыл сайын жаңаша сұрақ дайындап, келер жылы сұрақтар жүйесін қайта өзгерту керек болатыны анық.

2000-шы жылдардың басында мектептегі оқулықтар "Рауан" баспасынан "Атамұра" баспасына ауысқан кезде де бірнеше жыл қатарынан оқушылар оқулыққа бейімделе алмай әуре болғаны ұмытылған жоқ. Одан кейін 2008 жылдан бастап Ұлттық біріңғай тестілеу жаңа жүйеге ауысқанымен, сынақ тестілер ескі жүйе бойынша тапсырылып келеді. Ал тестке тек бірнеше апта қалған кезде ғана он бірінші сынып оқушылары жаңа сұрақтармен танысып жататын.

Бұл туралы Зейнеп Мақсұтова "Оқу бағдарламасы қазірдің өзінде дайын, ал оларды бағалау жүйесі, яғни тест сұрақтары дайындалып жатыр", – деп мәлімдеді.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу