Мұнай нарығына қауіп төнді

6370

АҚШ пен Қытайдың текетіресі энергетикалық шикізат бағасын арзандатуы мүмкін.

Мұнай нарығына қауіп төнді

Дүйсенбі күні АҚШ 200 млрд долларлық тауарына тариф жариялап, сауда жанжалын өршіте түсті. Бұл – бірнеше апта бойы күтілген оқиға. Бірақ  сонда да, Трамп әкімшілігі райынан қайтады деген үміт болды. Ол үміт ақталмады.

АҚШ үкіметінің салықтық жазалау тәсілдерін қолдануды әрі қарай жалғастырғаны өз алдына, бүгінде Вашингтон Қытайдың тағы 267 млрд  долларлық өнімдеріне тариф қолданатынын аңғартып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, құрама штаттар сауда министрлігі тіпті бұл идеяны қарастыруға кірісіп кеткен.

OilPrice.com порталының мәліметінше, екі экономикалық держава арасындағы сауда соғысы мұнай мен газ нарығына бірнеше тұстан соққы береді. Біріншіден, тарифтік тайталастың тым ушығуы экономикалық өсім қарқынын бәсеңдетуі ғажап емес. Бұған дейін Вашингтон Қытайдан келетін 50 млрд доллардың заттарына салықты көтергені белгілі. Бірақ сол жазалау шарасы аз ғана тауар түрлерін қамтыды. Ал осы жолғы 200 млрд долларлық тариф Америкада тұтынушылық өнімдердің айтарлықтай бөлігінің бағасын өсіріп, АҚШ экономикасының дамуын тежейді деген қауіп бар.

Екіншіден, сауда соғысы осы жолы мұнай-газ секторын айналып өтпеуі мүмкін. Бұған дейінгі тарифтік жанжал оған әсер етпегенді. Сейсенбі күні Қытай Вашингтоннан кек алу мақсатында АҚШ-тан импортталатын 60 млрд  доллардың тауарына тариф енгізетінін ескертті. Сол өнімдердің ішінде Америкадан тасымалданатын сұйытылған табиғи газ да бар. Оған қатысты салық 10%-ға өсуі мүмкін.

Тарифтер өз күшіне енгеннен кейін екі мемлекет мұнымен тоқтап қалады дегенге кепілдік жоқ. Себебі екі жаққа да қарсыластан қайтпау туралы қысым жасалып жатыр деген болжам бар. Көптеген бақылаушылардың ойынша, мұндай жағдайда тарифтік тайталасты бүгін-ертең тоқтату мүмкін емес.

Дегенмен, Америка мұнай институтының маманы Стивен Комсток мәлімдегендей, АҚШ - әлем сұйытылған табиғи газ экспорттаудан алдыңғы қатарда тұрған елдердің бірі. Сондықтан Қытай тарифті көтерсе, ол көгілдір отынды басқа елдерге сата алады. Бейжің болса, мұндай газды Аустралия, Катар, Малайзия, Ресей де экспорттай алады.

Әзірге Қытай АҚШ-тың шикі мұнайына тариф жарияламай отыр.  Негізі Бейжің соңғы екі жылда құрама штаттардан "қара алтынды" белсенді түрде импорттап келеді. Бірақ кейбір болжамдарға қарағанда, Трамп Қытайдың 267 млр долларлық тауарларына баж салығын көтеретін болса, коммунистік мемлекет резервте сақтап отырған бұл тәсілді АҚШ-қа жауап ретінде қолдана алады.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, АҚШ мұнайына тариф жарияланатын болса, бұл жағдай энергетикалық нарыққа тікелей залалын тигізбеуі мүмкін. Өйткені америкалық экспортерлер өзге импортер таба алады. Бірақ сол клиенттер шикізат бағасын айтарлықтай түсіруі ықтимал. Ал Қытай көмірсутегін өзге елдерден де сатып ала алады.

Дегенмен сауда соғысының әлем экономикасына кері әсері мұнай нарығына жағымсыз ықпал етуі мүмкін.

"Осы уақытқа дейін АҚШ пен Қытай арасындағы сауда жанжалы екі мемлекетте мұнайға сұранысқа айтарлықтай әсер еткен жоқ. Америкада да, Қытайда да энергетикалық отын өңдеу деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Бірақ  тариф соғысы тоқтамайтын болса, оның кесірі әлем елдерінен мұнайды көп импорттайтын Қытай мен АҚШ экономикасына теріс ықпал етіп, өзге мемлекеттердің мұнайына сұранысты төмендетуі де мүмкін", – деп жазылған Commerzbank (Германия) таратқан мәлімдемеде.

Алайда  Қытайда Трамп әкімшілігінің өмірін қиындататын өзге бір тәсіл бар. Мысалы, ол Иран мұнайын мейлінше көбірек сатып алу үшін қолдан келгеннің  бәрін жасай  алады. Оның үстіне Бейжің Теһранға жарияланған санкцияларды заңсыз деп есептейді. Болжамдарға қарағанда, сауда соғысы тым өршіп кететін болса, Иранға америкалық санкциялардың зардабын жеңілдетуге көмектесу үшін Қытай біршама агрессивтік қадамға баруы мүмкін.

Әзірше екі держава арасындағы экономикалық қарсыластық мұнай бағасына айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Дүйсенбі, сейсенбі күндері көмірсутегінің құны біршама құбылып тұрды. Ал Сауд Арабиясы бұл шикізат нарқының 80 доллардан асқанын қалайтынын мәлімдегеннен кейін баға әдетінше шарықтауы тиіс еді. Бірақ трейдерлер бұл жаңалықты АҚШ-Қытай сауда соғысының күшеюіне байланысты аса қабылдай қоймаған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу