Мыс өндірісінің қарқыны күшейіп келеді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
8453

KAZ Minerals 2017 жылы катодты мыс өндірісін 260 мың тоннаға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

Мыс өндірісінің қарқыны күшейіп келеді

Топтың мыс өндірісі бойынша жылдық жоспарлы көлемі 225-260 мың тонна деп бекітілді. Мұндай жоспар 2016 жылдың есебінде жарияланды. 2016 жылы топ 140,3 мың тонна катодты мыс шығарды. Осылайша биылғы жылдың қорытындысы бойынша өндіріс 1,6-1,9 есеге артуы мүмкін.

Өндіріс Бозшакөл және Ақтоғай жобаларының есебінен артады. Дәлірек айтсақ, өнімді барынша көп алу үшін Бозшакөл КБК-да флотациялық үдерісті жақсарту жоспарлануда. Кеніш жылдың екінші жартысында толық қуатпен жұмыс істеуге көшіп, 2017 жылы 95-110 мың тонна тауарлық мыс шығарады деп күтілуде.

Ақтоғай КБК-да 45-65 мың тонна концентраттағы мыс өндіруді жоспарлап отыр. Сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай фабрикасы жобалық өндіріс деңгейіне 2017 жылдың екінші жартысында жетеді деп көзделген. Ақтоғайдағы тотыққан кеннен мыс өндіретін кешен бүгінгі күні 100% қуатымен жұмыс істеп тұр және жыл соңына қарай катодты мыстың өндіріс көлемі 20 мың тонна болады деп жоспарланған.

"Шығыстүстімет" пен "Бозымшаққа" келер болсақ, онда шамамен 65 мың тонна катодты мыс өндіру жоспарлануда, 2016 жылы бұл көрсеткіш 77,4 мың тоннаны құраған. Жоспарды төмендеу 2016 жылдың желтоқсан айында Юбилейно- Снегирихин шахтасының тоқтауы мен Орлов шахтасындағы техникалық жұмысқа байланысты болған.

2017 жылы топ 135-170 мың унция, оның ішінде Шығыс өңір мен Бозымшақтан 50-60 мың унция, Бозшакөлден 85-110 мың унция алтын өндіруді жоспарлап отыр, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,7-42%-ға артық.

Күміс өндіру жоспары 2,75-3,00 млн унция деп белгіленді, бұл былтырғы көрсеткіштен 3,3-11,4%-ға кем. Концентраттағы мырыш өндіру деңгейі 70-75 мың тонна болып белгіленді - 0,5-7%-ға кем.

"Біздің жаңа жобалардың сәтті іске қосылуы мыс өндірісін 73% арттыра отырып, саладағы таза ақшалай өзіндік құнның ең төменгі деңгейін – бір фунтқа 59 АҚШ центін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жақында Ақтоғай КБК-де сульфидті кеннен өнім өндіру басталғалы бері Бозшакөл мен Ақтоғай толықтай пайдалануға дайын тұр. Қазіргі нарықтың нығаюы жағдайында KAZ Minerals өзінің мақсатына жету жолында, яғни 2018 жылы 300 мың тонна аз шығынды мыс өндіруге жетуде жоғары әлеуетін көрсетіп отыр", - деп мәлімдеді KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Олег Новачук.

Қаржылық нәтижелерге келер болсақ, 2016 жылы топ табысын 2015 жылмен салыстырғанда 15,2% 766 млн долларға дейін арттырды.

Есепке сәйкес, топтың жалпы EBITDA көрсеткіші 2015 жылы 208 млн болса, 2016 жылы 492 млн долларға дейін артты. Оны Бозшакөлдің және Ақтоғайдағы тотыққан кенді өңдейтін кешеннің өнімі 2016 жылдың бірінші тоқсанында сатыла бастауымен және Бозымшақ КБК өнімінің сатылым көлемінің артуымен түсіндіруге болады.

Топтың EBITDA көрсеткіші 351 млн долларға жетіп,  2015 жылдың көрсеткішінен 202 млн доллар сомасынан асты және оның құрамында жобалық деңгейге дейінгі капиталдандырылған табыс жоқ. Топтың операциялық пайдасы 142%-ға артып, 218 млн-ға жетті, 2015 жылы бұл көрсеткіш 90 млн болған.

Өнімді сатудан түскен жалпы табыс 969 млн долларды құрап, 2015 жылмен (677 млн доллар) салыстырғанда 43%-ға артты. Бұл Бозшакөл мен Ақтоғайдың 280 млн доллар және 68 млн долларға жеткен үлестерінің арқасында мүмкін болды.

"Табыстар мен шығындар туралы есепте көрсетілген өнімді сатудан түскен табыс 2016 жылы 15%-ға артып, 766 млн-ға жетті, оған Бозшакөл (93 млн доллар) және Ақтоғай (52 млн доллар) кеніштерінің жобалық өндіріске қол жеткізгеннен кейінгі өнімді өткізуден түскен біріккен табысы себепші болды. Бұл кеніштердің жобалық деңгейге дейінгі өндіріс кезіндегі өткізілімнің табыстары 187 млн доллар (Бозшакөл) және 16 млн долларды (Ақтоғай) құрап, капиталға айналдырылды. 2015 жылы жобалық деңгейге дейінгі өндіріс кезіндегі сатылымның 12 млн доллар табысы Бозымшақ кенішінің өнімін өткізуден түскен табысынан ғана тұратын", - деп мәлімдеді компанияда.

2016 жылы топ 141 мың тонна мыс өткізді, 2015 жылы 84 мың тонна өнім өткізген болатын. Сауда көлемі Лондон металдар биржасындағы мыстың орташа бағасының төмендеуінің орнын толтыруға мүмкіндік берді. 2016 жылы мыстың биржадағы орташа бағасы тоннасына 4860 долларды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 12%-ға арзандады (тоннасына 5 495 доллар).

Есеп беру кезеңіндегі топтың таза берешегі $2,67 млрд құраса, нақты қаражаттың сомалық көлемі $1,1 млрд тең болды.

2016 жылдың желтоқсан айында KAZ Minerals Тобы "Қазақстанның даму банкі" АҚ-дан жаңа несие желісі бойынша 300 млн доллар алып, қолданыстағы экспорт алдындағы несие желісін 50 млн долларға арттыру туралы келесімге қол жеткізгенін еске салды компания.

"Ақтоғайдағы қаражат салу бюджеті 200 млн долларға азайып, 2,1 млрд долларға жетті, Бозшакөл бойынша 100 млн доллар көлеміндегі соңғы төлемдер 2017 жылға жоспарланды. Жеке және қарыз қаражатының қатынас көрсеткіші айтарлықтай жақсарып, болашақта оны қысқарту жоспарлануда", - деп хабарланды KAZ Minerals-та.

Топ кәсіпорындарындағы таза ақшалай өзіндік құн 2016 жылы бір фунтқа 59 АҚШ центін құрады, 2015 жылы бір фунтқа 109 АҚШ центінен келді.

"Бозшакөлдегі өндірістің жалпы және таза өзіндік құны тиісінше бір фунтқа 106 және 27 АҚШ центінен келді, бұл көрсеткіштерге кеніш жұмысының бастапқы кезінде шығындардың аз болуы оң әсер етті. Шығыс өңір мен Бозымшақтағы мыс өндірісінің жалпы ақшалай өзіндік құны – бір фунтқа 191 АҚШ цент. Бұл кәсіпорындардағы өндірістің таза ақшалай өзіндік құны – бір фунтқа 68 АҚШ цент (2015: бір фунтқа 109 АҚШ центі)", - делінген хабарламада.

2016 жылы компания мүмкіндігінше ірі шығындарды қысқартты. Шығыс өңір мен Бозымшақтағы өндірісті қолдауға жыл басында жоспарланған 80-90 млн доллардың орнына 50 млн доллар бөлінді. Топтың өндірісін кеңейтуге арналған ірі шығындар бастапқыда жоспарланған 575 млн доллар емес, 273 млн долларды құрады.

2017 жылы өндірісті қолдау шығындары мынандай болады деп күтіліп отыр: 70 млн доллар – Шығыс өңір мен Бозымшаққа, 30 млн доллар – Бозшакөлге, Ақтоғайға – 20 млн доллар бөлінбек. Өндірісті кеңейтуге арналған ірі шығындарға 415 млн доллар жоспарланған. Атап айтсақ, 265 млн доллар Ақтоғай жобасын аяқтауға бағытталады. "Бозшакөл" жобасы бойынша соңғы төлемдер 100 млн долларды құрайды, 30 млн доллар Артемьев шахтасының екінші кезегіне және 20 млн доллар басқа мақсаттарға, оның ішінде Көксай жобасы және Қазақстандағы мыс балқыту зауыты жобасы бойынша зерттеулерге жұмсалады.

"Мыс балқыту зауыты Бозшакөл мен Ақтоғайдың мыс концентратын өңдейтін болады. Құрылысты бастау туралы шешім қосымша техникалық және экономикалық бағалаудан кейін және қайтымсыз жобалық қаржыландыру амалдары болса қабылданады", - деп баса назар аударылған хабарламада.

Одан бөлек топтың қаржылық жағдайының оң болжамына қарамастан өркендеу жобаларына айтарлықтай қаржы құйылғандықтан директорлар кеңесі дивиденттерді төлеуге "ұсыным бермейді" және қысқа мерзімді басым бағытта жеке және қарыз қаражаттар қатынасының көрсеткішін жақсартуды жалғастыруда. Листинг басталғалы бері топ акционерлерге 2,1 млрд долларға жуық қаржы төлеп, болашақта төлемдерді жандандыруды жоспарлап отыр

KAZ Minerals 5 кеніш пен 4 кен байыту фабрикасына иелік етеді. Компания мыс және ілеспе өнім ретінде мырыш, күміс пен алтынды едәуір мөлшерде өндіреді. KAZ Minerals PLC компаниясының акциялары Лондон, Қазақстан және Гонконг қор биржаларының айналымында жүр.

Нәтижелері жарияланғаннан кейін KAZ Minerals акциялары Лондон қор биржасының ашылуында 589 пенске дейін өсті.

Егер бағалы қағаздың құны өсуін жалғастырса компания Лондон қор биржасының 100 үздік компаниясының  (FTSE-100) қатарына қайта келуі мүмкін. Қазіргі кезде KAZ Minerals компаниясы FTSE-250 орнында келеді. KAZ Minerals-тың нарықтық капиталы 2,54 млрд фунттан жоғары.

FTSE-100 тізіміне капиталы ондаған млрд фунтты құрайтын компаниялар мен бірге шағын компаниялар енген: DIXONS CARPHONE PLC (DC.) – 3,47 млрд фунт, EASYJET PLC (EZJ) – 3,84 млрд фунт.

Материалды жазу кезінде көптеген сарапшы 2016 жылдың қаржылық нәтижелерін күтіп,  KAZ Minerals бойынша мақсатты таргеттерді қайта қарау үстінде болатын.

"Акциялардың құны 600 пенске дейін өседі деп бірлі-жарым адам ғана күткен шығар. Мысалға, мен соңғы рет қыркүйек айында шолу жазған кезде акциялардың өсуін болжағам, бірақ осындай қарқынмен өсетінін ойламадым да", - деп шынын айтты abctv.kz-ке "Асыл Инвест" АҚ сарапшысы Қаныш Әбдіразақов.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу