Назарбаев пен Лукашенко ЕАЭО жайын сөз етеді

Аскар Муминов Аскар Муминов
4539

Астана мен Минск өрлеу нүктесін тапты.

Назарбаев пен Лукашенко ЕАЭО жайын сөз етеді

Ақорданың баспасөз-қызметі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Белорусь еліне сапары барысында Белорусь-Қазақстан бизнес форумы өтетінін хабарлады. Күн тәртібі бойынша Беларусь пен Қазақстан іскери ортасы ынтымақтастығының келешектегі бағыты талқыланып, екі ел бизнесмендерінің арасында келіссөз өтеді.

Форумға Қазақстан тарапынан машина жасау, ауылшаруашылығы, ауыл шаруашылық жабдықтары мен техникаларын  өндіру, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, логистика саласында белорусь бизнесімен өзара әрекет етуді дамытуға қызығушылық танытып отырған 150 кәсіпорын мен ұйымның өкілі қатысады деп жоспарланып отыр.

30 қараша күні Минскіде құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін ҰҚШҰ-ға мүше барлық елдердің басшыларының қатысуымен ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтеді деп жоспарланған. 

Сарапшылар Назарбаев пен Лукашенкоға ҰҚШҰ отырысы барысында әскери ынтымақтастық мәселесінен басқа да маңызды мәселелерді талқылайды деп отыр. Екі ел басшысының келіссөзі барысында экономикалық кооперация, ЕАЭО-да туындаған проблемаларды бірлесіп шешу және дағдарысты еңсеру шаралары сөз болады.

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Беларусь арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды.

Еуразиялық интеграцияда барлығы жақсы емес
Беларусь саясаттанушысы Александр Шпаковский abctv.kz-ке берген сұхбатында 1994 жылы Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бірігу туралы идеясын сынап, "Еуразиялық одақ" деген жаңа ойыншықпен өздерін алдаусыратқаннан гөрі ТМД-ны нығайту қажеттігін алға тартқанын тілге тиек ете келіп, қазір Минск пен Астана одақ құрамында бірлесіп жұмыс істеп жатқанына назар аударды.

Сауда-экономикалық қарым-қатынас жайын сөз етер болсақ, онда екі ел арасындағы ең жақсы көрсеткіш 2010-2014 жылдары байқалған. Ол кезде Беларусь-Қазақстан арасындағы сауда көлемі 867,1 млн доллардан 966,8 млн долларға өскен. Тауар айналымының көлемі бойынша Қазақстан тек Ресей мен Украинаға ғана жол беріп, ТМД елдері арасында үнемі орынға ие болып отырады. Бірақ та 2015-2016 жылдары тауар айналымы күрт төмендеп, 574,4 және 419,1 млн доллар болды. Ал бұл кезде беларусь экспорты 2014 жылғы ең жақсы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе азайып, 879,4 млн доллардан 363,7 млн долларға дейін төмендеген.

Сарапшы 2017 жылы екі жақты сауда көрсеткіштерінің қайта қалыпқа келіп жатқанын атап өтті. Тап қазіргі уақытта Қазақстан мен Беларусьтің тауар айналымы былтырғы жылмен салыстырғанда 71,1%-ға өскен. Сарапшының ойынша, жалпы Беларусь елі үшін Қазақстанмен сауда жасау пайдалы, 2007 жылдан бастап жалпы оң сальдо үш миллиард доллардан асқан.

Алайда сарапшы еуразиялық интеграцияда екі ел арасындағы жағдай біз ойлағандай жақсы емес екеніне тоқталды. Александр Шпаковскийдің сөзінше, Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Беларусь елінен Қазақстанға құрғақ сүт жеткізу нарығында жергілікті өндірушілерді ығыстыратынына қатысты текетіресін еске алсақ та жетіп жатыр. 2013-2015 жылдары екі мемлекеттің үкіметтік деңгейінде талқыланған Көкшетау қаласында беларусь ауыл шаруашылық техникаларының индустриалдық-технологиялық паркін құру жоспары күні бүгінге дейін қағаз жүзінде қалып отыр.

Сарапшы Минскінің ЕАЭО-да бірыңғай энергетикалық нарық құруды жылдамдатуға қатысты ұмтылысына Қазақстанның қолдау көрсетпегенін, сонымен қатар одақтастардың еуразиялық интеграция бойынша ДСҰ-ға бірге кіру туралы ойларының да жүзеге аспағанын, РФ мен Қазақстан бұл ұйымға жеке-жеке кіргенін де сөз етті.

"Беларусь пен Қазақстанның әскери саладағы ынтымақтастығының нәтижесі шамалы болса да көңілге сенім ұялатады. Біріншіден, мемлекеттер ҰҚШҰ-ға қатысушы болғандықтан қазірдің өзінде одақтас болып табылады. Екіншіден, 2002 жылдан бастап Беларусь және Қазақстан жылына 40-қа дейін бірлескен шара өткізуді қарастыратын екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарын басшылыққа алады. Беларусь пен Қазақстан ҰҚШҰ-ның  "Өзара әрекет ету" шұғыл әрекет етудің ұжымдық күші оқуларына,  "Мызғымас бауырластық" бітімгерлік күш маневрларына үнемі қатысады. Әскери-ғылыми сала, сондай-ақ қарулы күштер үшін мамандар дайындау өзара әрекет етудің жеке аспектісі болып табылады. Минскі мен Астана арасында жүйелі байланыс орнағаннан бері Беларусь елінің әскери академиялары мен басқа да салалық жоғары оқу орындарында Қазақстанның 300-ден астам офицері ұлттық қауіпсіздік саласы бойынша білім алды. 2017 жылы шамамен 60 қазақстандық әскери қызметкер, соның ішінде Ұлттық ұлан және ҰҚК желісі бойынша жұмыс істейтіндер Беларусь елінде білім алды. Сондай-ақ әскери-техникалық кооперация саласында да Қазақстан мен Беларусь арасында өте жақсы жетістіктер бар. Екі елдің кеңес кезінде шығарылған әскери ұшақтарды жаңғырту саласында ынтымақтастық жасаудың оң тәжірибесі көңіл қуантады. 558-ші авиажөндеу зауытында Қазақстанның ӘӘК-нің Су-27 және Су-27УБ жойғыштары жаңғыртудан өтті", – деді сарапшы.

Миллиардқа деген ұмтылыс
Минскідегі "Альпари" инвестициялық компаниясының сарапшысы Вадим Иосуб те осы жылы Беларусь пен Қазақстан арасындағы сауда қарқынды дамып жатқанын атап кетті. Беларусь еліндегі Қазақстан елшісі Ерғали Бөлегенов жақында президент Лукашенкомен кездескен болатын, кездесу барысында президент келесі жылы екі ел арасындағы тауар айналымы миллиард долларға жетуі мүмкін екенін айтқан еді.  

Сарапшы көпшілік Нұрсұлтан Назарбаевтың  Беларусьқа сапары барысында тек қана экономикалық мәселе талқыланатынын айтып жатқанына назар аударды.

Сапар барысында бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтілуде, бұл құжаттар ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейтеді. Сонымен қатар Лукашенко мен Назарбаев Беларусь-Қазақстан бизнес форумына қатысуға тиіс.

"Екі елдің экономикалық қарым-қатынасында аса қатты бір проблема мен қайшылық жоқ, бірақ жалпы қиындық бар. Бұл жерде әңгіме екі елдің өзара саудада Ресей аумағы арқылы тауар тасымалдау барысында үшінші елдерге қарсы контрсанкция енгізіліп, бұл ЕАЭО ішіндегі саудада көрініс табатын қиындықтар жайында болып отыр. Кездесу барысында сыртқы қауіптерге қарсы әрекет ету жайлы үйреншікті әңгіме сөз болатыны анық, алайда қауіпсіздікке басты басымдық берілуі екіталай. Мұндай мәселені қарастыру үшін ҰҚШҰ форматында жеке кездесу бар", – деді Вадим Иосуб.

Келісімге келуге болады
Саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев болса, елбасының Беларусь еліне сапары ҰҚШҰ саммитінің мерейтойына орайластырылып отырғанымен, келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің экономикалық интеграция проблемалары негізгі тақырып болады деп есептейді. Ол қазіргі уақытта Беларусь одақ құрамында болудан көп пайда көріп отырғанымен, Беларусь басшысының, сонымен қатар Қазақстан басшысының да өкпе-назы бар екенін атап кетті.

"Екеуі де ЕАЭО-ның жағымсыз тұстары жайлы ашық сын айтудан ұялмайды, бірақ Лукашенко мұны БАҚ үшін де ашық айтудан тайсалмаса, Назарбаев керісінше ұстамдылық танытады. Қазақстан президенті өзінің ойы мен ұсыныстарын тиімді жеткізу мақсатында мұны ЕАЭО елдері басшыларының саммитінде бетке айтады. Негізі Беларусь-Қазақстан байланысы тек жағымды жағынан көрінуде, өйткені байланыстың саяси келіспеушілік пен экономикалық бәсекелестік жағы да бар. Екі ел басшысының президенттік өтілі үлкен болумен қатар қазіргі жағдай өздерінің ұлттық мүдделерін шоғырландырып қорғау қажеттігінің қосымша факторы болып табылады", – деп түсіндірді саясаттанушы.

TeleTrade компаниялар тобының жетекші сарапшысы Марк Гойхман мемлекеттер 2014 жылғы дағдарыстан кейін өзара саудада құлдыраудан өтті деп есептейді. Оның сөзінше, Астана мен Минск үшін ЕАЭО, ТМД асындағы кооперация мен екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті бар. Интернет-технологиялар, энергетика, ауылшаруашылық пен өндіруші өнеркәсіп үшін машина жасау саласындағы алдыңғы қатарлы жобаларда ортақ мүдделер көп. Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары барысында елдердің Азиядан Еуропаға транзиттік дәлізі, оның ішінде Қытайдың бастамасымен жасалып жатқан "Бір белдеу, бір жол" жаһандық жобасы аясында көлік-логистикалық әлеуетін келісе отырып пайдалануға ерекше мән берілуі мүмкін деп атап кетті сарапшы.

"ФИНАМ" ИК бас директорының орынбасары Ярослав Кабаков Қазақстан мен Беларусь басшылары ЕАЭО және Кедендік одақ аясындағы даулы мәселелер бойынша шоғырландырылған ұстаным мәселелерін көпішілікке шығармай-ақ талқылауы мүмкін екенін айтты. Ресейдегі импорт алмастыруға қабылданған бағам мен рубльдің әлсіздігі КО бойынша серіктестер үшін ресейлік нарыққа экспорт пен реэкспортты дамытуда қиындық тудырады деп атап кетті сарапшы.

"Ресей кейбір тармақтар бойынша тіпті импортқа тыйым салу мен шектеу қою мүмкіндігін қарастырып отыр. Мысалы, қантқа қатысты. Ресейдің мүдделеріне құрметпен қарай отырып, Лукашенко мен Назарбаев ең бірінші өздерінің өндірушілерінің мүддесін басшылыққа алады", – деді сарапшы.

Беларусьтың Қазақстанға экспорты негізінде сүт және сүт өнімі, тракторлар, шиналар, қант, жүк автокөліктері, жиһаз, машина, ағаштан жасалған өнімдер, пластмасс, дәрі-дәрмек тұрғанын атап кеткен жөн. Қазақстанда алюминий, мақта талшығы, жалатпалы және суық илемделген прокат, аралас минералдық тыңайтқыштар, жеңіл көлік жақсы сатып алынады. 2011 жылы Беларусь жағы қазақстандық мұнай өнімдерін сатып алудан бас тартып, Қазақстанға өздері мұнай өнімдерін экспорттай бастады. Егер 2013 жылы Беларусьтың жеткізген мұнай өнімдерінің құны 41,2 млн доллар болса, 2014 жылы бұл 88,5 млн доллар болған, ал 2015 жылы мұнай өнімдері Беларусь экспортының барлық көлемінің 8,5%-ын құрады.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу