Неге халық үшін үйде отыру азапқа айналды?

2751

Азаматтар әртүрлі себеп айтып, карантинді бұзуға рұқсат сұрауда.  

Неге халық үшін үйде отыру азапқа айналды?

Мемлекет басшысынан бастап қоғам белсенділеріне дейін азаматарды үйде болуға, бей-берекет сыртқа шықпауға шақырып жатыр. Алайда төрт қабырға ішінде қамалып отыру адамдар үшін ең ауыр жаза болып отыр. Мысалы, елордада үй жануарларын көшеде серуендетуге рұқсат етілді. Осыдан кейін ит асырап алушылар көбейе бастаған.

Елорда тұрғыны Болат Келдібеков сыртқа шығу үшін үйіне ит кіргізгісі келмейді. Ол қала әкімі Алтай Көлгіновтен және төтенше жағдайлар мемкомиссиясынан жүгіру, спортпен шұғылдану үшін далаға шығуға рұқсатнама беруді сұрайды.

"Комиссия қабылдаған қатаң шараларды толық қолдаймын. Сонымен бірге тұрғындарға таза ауада, ауладағы спорт алаңында, парктерде, скверлерде, Есіл жағалауында дене шынықтырумен айналысу үшін үйден шығуға мүмкіндік беруді өтінемін. Біз қауіпсіздік шараларын сақтаймыз. Маска киіп жүреміз. Өзге адамдардан аулақ боламыз. Бір жерге шоғырланбаймыз. Тіпті сыртқа шығу уақытын белгілесе де көнеміз. Оған таңғы уақытты бөлсе жарар еді", – дейді ол.

Осы мәселені көтерген қазақстандықтар кез келген вирусқа қарсы тұратын қуатты қару – адамның иммунитеті екенін алға тартады. Ал иммундық жүйені таза ауа мен дене шынықтыру күшейтеді дейді олар.

"Біздің халық онсыз да денені шымыр етуге құлықсыз. Ендеше қазіргі карантинде адамдар өз денсаулығына мән беріп, қол боста спортқа ден қоюы ықтимал. Шылымқор үшін темекі тарту сияқты спортпен ұдайы шұғылданатын адамдар үшін сыртта дене шынықтыру – өткір қажеттілік. Бірқатар елдерде көшеде дене шынықтырумен айналысуға тыйым салынбағанын жаңалықтардан көрдім. Бұқаралық спортқа Елбасының өзі мән беріп отыр ғой. Сондықтан биліктен осы мәселенің оң шешімін тауып, рұқсат беруін сұрадым", – дейді Болат Келдібеков.

Әрине, халықтың спортты таңдауын билік жақтайды. Бірақ көшеде, парктерде дене шынықтырумен айналысуға жол ашса, осыны сылтауратып, барлық адам жаппай көшеге шығып кете ме деп қауіптенеді. Өйткені тәртіп сақшыларына адамның сыртта спортпен шұғылданғанын, әлде басқа мәселемен сенделіп жүргенін анықтау қиынға түспек.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов те бұған жол бере алмайтынын жеткізді.

"Мемкомиссияның және Нұр-Сұлтанның жедел штабының нұсқауына сәйкес, азаматтардың және жеке көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды. Осы уақытта тек бірнеше себеппен ғана сыртқа шығуға болады: біріншіден, жұмыс істеуіне рұқсат етілген ұйымдар қызметкерлері үйінен жұмыс орнына барып-қайта алады. Екіншіден, азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу үшін үйге не жұмысқа жақын орналасқан дүкен мен дәріханаға баруға рұқсат. Үшіншіден, шұғыл жағдайда емхана-ауруханаға баруға кедергі жоқ. Төртіншіден, үй жануарын үй жанында серуендетуге болады", – деді А.Көлгінов.

ТЖ салдарынан жұмыссыз ерігіп отырған кейбір еркектерді әйелдері үйлеріне сыйғызбайды екен.

Алматы тұрғыны Геннадий Ерохин төтенше жағдай туралы хаттамаға өзгеріс енгізіп, баламен далада қыдыруға рұқсат етуді сұрайды.

"Жаңа туған сәбиім бар. Үйде жылап, мазаны кетіреді. Дала жылы. Демек, бала арбасынан әрі аспайтын бөбектері бар адамдарға көшеде серуендеуге кедергі болмуы керек. Бала арбадан басқа нәрсеге қол тигізбейді", – дейді Геннадий.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындардан түскен осы ұсынысты қалалық жедел штаб қарағанын хабарлады. Бірақ рұқсат етпепті. Пандемия ошақтарында Covid-19 ауамен таралмасына еш кепіл жоқ.

"Алматы қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін режим күшейтілді. Сондай-ақ азаматтардың баспанадан шығуы да шектелді. Сондықтан әсіресе, кішкентай балдырғандары бар адамдарға аса қажеттілік болмаса, сыртқа шықпауға кеңес береміз", – деді Б.Сағынтаев.

Ел Үкіметі Ақмола және Алматы облыстарындағы шипажай-санаторийлерді жауап тастады. Бірақ Көкшетау, Щучинск қалаларында жалға берілетін жеке үйлерге карантиннен қашқан мегаполистер тұрғындары қоныстанып алыпты. Олар әлеуметтік желілер арқылы орманда серуендеп жүргендерін мақтана айтып, фотоларымен бөлісуде. Бұл денсаулыққа дәру, сырқатқа шипа қарағайлы орман аумағында коттедж ұсынатын азаматтарды қуантқанымен, өзге тұрғындарды қапаландырып отыр. Олардың талап етуімен 31 наурыздан бастап Ақмола облысы карантинге жабылған.

"Көкшетау жеке карантинге жабылуы керек. Бұл – қалада пандемия өршімеуі үшін керек. Өйткені Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары тұрғындарының 15–25 пайызы карантин қарсаңында Ақмола облысының курорттық аймағына үдере "көшті". Олар Көкшетауға да еніп кетеді. Көкшетау тұрғындары қаланың толық жабылғанын және ешкімнің ішке кіргізілмеуін қалайды", – дейді Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаевқа жүгінген қала тұрғыны Забира Шинтемирова.

Алматылық белгілі заңгер Ержан Есімханов қалалықтарға сөз өтпейтініне күйінді.

"Мен Алматыда жеке секторда тұрамын. Жексенбі күні таңертең тұрып, үй ауласын ретке келтірмек болдым. Бәрібір үйде отырмын, баспанамның айналасын тазалайын, дуал сыртындағы ағаштарды суарайын дедім. Осы іспен шұғылданып жатқанымда қасымнан, қара жолмен көліктер жүйткумен болды. Ондаған емес, жүздеген көлік. Музыканы аңыратып, терезесін ашып тастаған, бетін маскамен бүркемелеген тұрғындар көлік жүргізіп барады. Кейбір машина балаға толы. Отбасылар әлдеқайда бет алған. Көңілдері көтеріңкі, күлімсірейді. Тіпті маған қол бұлғады. Жүйені, режимді бұзғанына мәз", – деп реніш білдірді сарапшы.

Мемлекет азаматтарға қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берді, үйде болуды сұрады. Өтемақы да төлеуде.

"Ал бұлар жүйені "алдап" соққанына мәз. Бұл демалыс күн ғой, әдеттегі жексенбі емес, карантиндегі жексенбі. Олай болса, көшелер босап қалуға, шөл даладағыдай тыныштық орнауға тиіс еді. Олардан қарапайым нәрсе сұралды: жай ғана үйде бол. Басқа ештеңе де істеме. Жиі қол жу. Сонда мемлекет індетті жеңеді. Үкіметті сыйламайды екенсіз, осыны өтінген дәрігерлерді, жұлдыздарды, қайраткерлерді, туысыңызды тыңдаңыз. Алайда кейбір адамдар үшін жүйеге қарсылық білдіруді, көлікке тиеліп, қонаққа баруды бәрінен жоғары қойды. Ертең вирус жұқтыра қалса, өзін емес, билікті, басқасын айыптап шулайтын да осындай жауапсыз адамдар болады", – дейді Ержан Есімханов.     

Сарапшылар өзінің де, өзгенің де өміріне салғырт қарайтын адамдар кесірінен пандемиямен күрес ұзап кетуі мүмкін деген болжам жасайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу