Немістер Қазақстанның алтынын Ресей асырып, Қытай аттандыруы мүмкін

8723

Мақсатқа жету үшін инвестор алтын комбинатының жұмысшыларына орташа жалақы ретінде 260 мың теңге ұсынбақшы.

Немістер Қазақстанның алтынын Ресей асырып, Қытай аттандыруы мүмкін

Былтыр Тараз қаласында өткен "Taraz invest – AqroI ChemicaI Day 2016" халықаралық инвестициялық форумында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен германиялық "Aurum Deutschland AG" компаниясының бас директоры Йоган Штоль Қордай ауданында алтын кен орнын барлау және кен байытатын комбинат құрылысын бастау туралы келісімге қол қойды.

Бұл рәсім әлемнің алтын өндіретін алдыңғы қатарлы елдерінде кен игеру тәжірибесін табысты жүргізіп келе жатқан "Aurum Deutschland AG" компаниясынан Жамбыл облысына инвестиция тарту үшін жасалды.

Өткен жылы 18 қаңтарда инвестиция және даму министрлігі мен "Aurum Deutschland AG" ЖШС арасында Жамбыл облысының Қаратас-Майбұлақ іздеу алаңында алтын және асыл тас компоненттерін барлауға келісім жасалып, шетелдік компания Қордай ауданында тау-кен металлургия комбинатын салатын инвестор болып бекітілді.

Мемлекетаралық келісімдерден соң компания өкілдері аталған кен орнында барлау жұмыстарын жүргізіп, кен орнында алтынның құрамы жеткілікті деген мәлімдеме жасады. Қазір жалпы құны 250 млн еуроға бағаланған жобаның 100% акциясын иеленіп отырған  германиялық компания Ноғайбай ауылы  маңынан бой көтеретін тау-кен металлургия комбинатының жобасын әзірлеп жатыр.

Компания өкілдері тас уату, елеу, тасымалдау, үю сынды жұмыстарды атқаратын заманауи жабдықтарды Германия, Швеция, Франция, Ресей мемлекеттерінен әкелетіндерін де айтып үлгерді. Болжам бойынша, бұл жерде бір жылда 5100 келі алтынды концентрат алынады. Ол алдымен Доре қоспасы түрінде өндіріледі.

Компания бас директорының бірінші орынбасары Юрий Фадеев Германия үкіметі шет  елде жұмыс істейтін компаниялардың жұмысын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Бұл – іс барысында жобадан ауытқуға және құқық бұзуға жол берілмейді деген сөз.

Юрий Фадеев Қордай ауданындағы таулы қыратты жерлерде алтын өндірудің қиындығын ескеріп, Қазақстанға әлемде әлі қолданылмаған бірегей технология жеткізілетінін және ол алғаш рет осы жерде пайдаланылатынын айтты.

Оның сөзінше, компания комбинатқа қажет мамандарды жергілікті жастардан жасақтайды. Мақсатқа жету үшін арнайы колледж ашылады. Онда болашақ мамандарға тегін білім беріледі. Уақыт өте келе жас мамандар Германияда іс тәжірибеден өтеді.

Айта кетейік, инвестициялық жоба аясында Қордай ауданында 1200 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Алдын ала болжам бойынша, комбинат жұмысшыларының орташа жалақысы 260 мың теңге болады.

Кен орнын барлауға арналған жер көлемі 20164 гектар алқапты алып жатыр. Осы жерді барлауға германиялық компания 30 млн доллар қаржы шығындады. Барланған аймақта құрамында бірқатар ауылдық округтердің шаруа қожалықтарына тиесілі егістік және жайылымдық жер бар. Міне, осы жер дау туғызып тұр.

Жерлерінен айырылып қалудан қауіптенген шаруалар алтын комбинатының қоршаған ортаға зиян тигізетінін алға тартып, наразылық білдірсе, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Юрий Пасечный кәсіпорынның экологияға кері әсері   болмайтынын айтып отыр.

2021 жылы толық қуатымен жұмыс істей бастайтын комбинаттың алтын қоспасы Астана қаласындағы зауытқа қайта өңдеуге жіберіледі. Ал бір бөлігі Ресей мен Қытайға жөнелтіледі.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу