Несие беру тәртібіне өзгертулер енгізілмек

Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев осылай мәлімдеме жасады. 

Несие беру тәртібіне өзгертулер енгізілмек

ҚР азаматтары берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың аяғына дейін кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу бойынша нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. 23 маусымдағы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев осылай мәлімдеме жасады. Ұлттық банк бекітілген, кепілсіз тұтыну несиелері бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды 30 шілдеге дейін есептен шығару механизміне сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген қаржылық айыбы бойынша берешекті кешіруді көбейтеді.

Қазақстандықтардың банк алдындағы төленбеген қарызы қанша?

Қазақстандықтардың несие бойынша 6 трлн теңгеден астам қарызы бар. Ал онлайн-қарыздар барлық берілген несиелердің 2,5%-ын құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Қарапайым ғана ойын автоматтарында "желілік ойын" ойнау үшін кейбір адамдар 1 500 000 теңгені көзді жұмып кредитке алған. Салдарынан қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, берекесі қашты. Тұтынушылар арасында  кепілсіз тұтынушылық несиелер үлкен сұранысқа ие. Қарыз құрылымындағы олардың үлес салмағы бір жыл ішінде 49,7%-дан 54,1%-ға дейін өсті. Бөлшек кредиттерді беру құрылымында онлайн несие беретін компаниялардың үлесі 2019 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша 2,5%-ды құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 0,9 п.т. артық. Шағын несиелеу (микрокредит) үлесі де өсіп отыр. Мәселен, МҚҰ бұрын 4,6%-ды құраса, қазір 5,2% болып отыр. ҚР ЕДБ үлес салмағы керісінше 93,2%-дан 92,2%-ға дейін азайды.

"Банктер, микроқаржы ұйымдары және проблемалық кредиттер қоры арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін 20 тамызға дейін өтеу туралы келісім жасалған соң, Қордан банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді. Осыдан кейін, Ұлттық банк өзінің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде банктер мен микроқаржы ұйымдарының есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды қабылдау бойынша жүргізген рәсімдерін тексереді", – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев.

Ол  90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салу бойынша "Банктер мен банктік қызмет туралы" және "Микроқаржылық ұйымдар туралы" заңға түзетулер енгізілетінін айтты. Бұл түзетулерді Ұлттық банк Парламенттің қарауына биылғы жылдың қырқүйегінде енгізеді.

2019 жылғы мамырдың соңында банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 12 760,1 млрд теңгені құрады. Сәуір айымен  салыстырғанда 1,5%-ға өсті. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 100,8 млрд теңгеге, 1,0%-ға, жеке тұлғаларға – 5 659,3 млрд теңгеге, 2,2%-ға дейін ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,7%-ды немесе 1,2 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютамен берілген кредиттер көлемі бір айда 10 330,0 млрд теңгеге, 2,2%-ға дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,1%-ға, жеке тұлғаларға – 2,4%-ға өсті. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 430,1 млрд теңгеге,1,4%-ға дейін төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,2%-ға, жеке тұлғаларға 4,6%-ға төмендеді. Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 2019 жылғы мамырдың соңында 81,0%-ды құрады (2019 жылғы сәуірде – 80,4%). Ұзақмерзімді кредиттер көлемі бір айда 10 902,8 млрд теңгеге 1,9%-ға дейін өсті, қысқамерзімді кредиттер көлемі 1 857,3 млрд теңгеге 0,7%-ға дейін төмендеді. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бір айда 2 228,2 млрд теңгеге, яғни 0,3%-ға ұлғайды (экономикадағы кредиттердің жалпы көлемінен 17,5%-ы). Банктердің салалар бойынша экономикаға бөлген кредиттерінің ең қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,9%), сауда (13,3%), құрылыс (5,6%) және көлік (3,9%) сияқты салаларға тиесілі.

Қазақстандықтар қаншалықты қаржылық сауатты?

Бүгінгі таңда, халықтың тұрақты жұмысы бары да, жұмысы жоғы да несиеге байланған. Тіпті, ешқандай табысы жоқ студенттерге де қазір шағын несие бере береді. Ұялы телефоннан бастап, тұрмыстық техниканың барлық түрі, автокөлік, баспана және ақшалай несиелерге қол жеткізу соншалықты қиын емес. Оның үстіне, қазір еліміздегі екінші деңгейлі банктер түрлі жағдайлармен несиесін төлей алмай жүргендерге біршама жеңілдіктер жасап, борышкерлерді "радикалды" қадамдарға баруына итермелемейді. "Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы" заңындағы 36-баптың 1-тармағына сәйкес, егер қарыз алушы келісімшартта көрсетілген мерзімде қарызын төлей алмаса, сол күннен бастап 30 тәулік аралығында банк ескерту жасайды. Яғни, банк алдындағы міндеттемелерді орындамағаны туралы хабардар етеді, несиелік берешекті кешіктірмей төлеу керектігін айтып, кешіктірген әрбір күн үшін қосымша ақша төлейтінін ескертеді. Қарыз алушымен келіссөз жүргізу барысында банктің жауапты қызметкерлері займды өтеу мерзімінен кешіктірілудің себеп-салдарын анықтап, мерзімінен өтіп кеткен займды төлеудің жоспарларын құрады. Егер де заемшының қаржы жағынан қиындықтары бар болса, мерзімі өткен қарызды өтеудің уақыты анықталады.

Алайда көптеген адам қаржылық сауаты төмендігінен, жоғары пайыздарға ұрынып қарызға белшесінен батып жатыр. Жоғарыда келтірілген цифрларға қарайтын болсақ, қазақстандықтардың 2/3-де несие бар. Оның үстіне, елде банк алдындағы қарызын өтей алмай жүргендердің көп екенін де байқауға болады. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Мәжіліс депутаттарының бастамасымен жүзеге асқан осынау заң жобасы негізінен қарыз алушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Заңға сәйкес, берешегі бар азаматтар коллекторлық агенттіктердің үстінен Ұлттық банкке арыздана алады, яғни коллекторлар тарапынан заң өрескел бұзылса ғана. Заңда коллектордың банк клиентіне қай уақытта хабарласуға болатынына дейін көрсетілген. Жалпы, коллекторлық агенттіктер банк пен клиенттің арасындағы медиатордың ролін атқарады. Бұл заң өз кезегінде банктердің де, қарызы бар азаматтардың да құқықтарын толықтай қорғауға мүмкіндік туғызуға тиіс. Дегенмен "бұл заң қарызы бар азаматтардың сөзін сөйлейді екен" деп банк алдындағы берешегін өтемей жүруге ешқандай мүмкіндік бермейді. Қарызды қайтармаған жағдайда коллекторлар сот арқылы банкке тиесілі қаражатты бәрібір өндіріп алады. Сол үшін "алмақтың да салмағы бар" деген қазақтың нақыл сөзін естен шығармаған жөн.

Бір реттік борышты төлеу  қашанға дейін жалғаспақ?

Елімізде аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға кепілсіз кредиттерді есептен шығару процесін қыркүйек айының басында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұндай мерзімдер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланған "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыштық жүктемесін төмендетуге бөлінген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы" қаулы жобасында қарастырылған. Құжатқа сәйкес, екінші деңгейлі банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеуді жүзеге асыратын ұйымның қаулысымен анықталған "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ "2019 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына ақшаны аударады". Құжаттың жобасында кредиттік бюро 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде банктермен және микроқаржы ұйымдарымен берешекті есептен шығару мәніне салыстырып тексеруді жүзеге асыруы тиіс екендігі анықталды. Егер борышкерлер көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болса, кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешектер өтеуге жатады. Құжат бойынша, жалпы берешек 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс. Негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспайды.

"Азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Пруденциялық реттеу аясында кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған", – деді Е. Досаев.

Ұлттық банк заң аясындағы актілерге тиісті түзетулерді биылғы жылдың қыркүйегінде қабылдайтын болады. Жоғары да атап көрсеткеніміздей, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" жарлығы, тұрмысы төмен отбасыларға үлкен қолдау болмақ.

Айдана Тілеуғабылова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу