Несие нарығында не болып жатыр

11314

Екінші деңгейлі банктер ел азаматтарына 13 трлн теңге қарыз берді.

Несие нарығында не болып жатыр

Отандық банктерді ірілендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыс нақты нәтиже бере бастады. Кейбір банктер бір-біріне кірігу арқылы үлкен қаржы ұйымына айналса, ендібір банктер нарықтағы орнын жоғалтып, жабылып тынды.

Қазір Қазақстанда 28 банк бар. Оның 19-ы ғана кепілзатсыз қарыз береді, ипотека рәсімдейді және тұтынушылық несие ұсынады.

Кепілзатсыз қарыз беретін банк санының қысқаруы несие нарығына кері әсер еткен жоқ. Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер ел азаматтарына 13 трлн теңге қарыз берді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке тұлғалардың банктен қарыз алу көрсеткіші 14,8%-ға, ал тұтыну несиесін рәсімдегендердің көрсеткіші 12,1%-ға өсті.

Бүгінге дейін банктер несие түрінде жеке тұлғаларға 5 трлн теңге қарыз ұсынды. Былтыр бұл көрсеткіш 33,6% болса, биыл 38,6%-ды құрап, 5% өсім көрсетті. Қаржы ұйымдары тұтынушылық несиеге 3,1 трлн теңге бөлді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 21,5%-ды құраса, биыл 24,1%-ға жетіп, 2,6%-ға еселенді.

Тап қазір несие нарығында ForteBank көш бастап тұр. Мұнда жалақы жобасының қатысушыларына жарты жылға 0,1%-бен несие беріліп жатыр. Екінші орында Halyk Bank тұр. Бұл жерде жалақы жобасының қатысушыларына өмірін сақтандырған жағдайда жарты жылға 1%-бен несие рәсімделеді.

Екінші деңгейлі банктер тұтыну несиесін 25,2%-бен ұсынады. Қазір 13 банк көрсетілген пайыздық мөлшерлемен 3 айдан 60 айға дейін қарыз береді.

Клиенттерге берілетін қарыз сомасы бойынша ForteBank пен "Банк ЦентрКредит" алда тұр. Бұл банктер клиенттеріне 7 млн береді. Ал Altyn Bank, Сбербанк, Halyk Bank 6 млн және екінші деңгейлі 7 банк 5 млн теңге ұсынады.

Банктерде сақталып тұрған салымдарға келетін болсақ, Kaspi Bank өзіне жеке тұлғалардың 163,7 млрд теңгесін тарта білді. Ел азаматтары Qazkom-ға126,5 млрд теңгені сеніп тапсырса, Halyk Bank 109,3 млрд теңгені сақтау міндеттемесін мойнына алды. Атап көрсетерлігі депозитте жатқан ақшаның 52,9%-ы ұлттық валютамен сақталған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу