"Нұрлы жер" бағдарламасына өзгеріс енгізіледі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8448

Елордада 39 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап тұр.

"Нұрлы жер" бағдарламасына өзгеріс енгізіледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үкіметтің "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын бекіткен 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысына өзгеріс енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр премьерге жазған түсіндірме жазбасында қаржыландыру көзі мен шарттары ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің хаттамасымен бекітілгенін еске салды.

Құжатқа сәйкес, "Бәйтерек девелопмент" АҚ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің уәкілетті ұйымына бас қаладағы проблемалық нысандарды аяқтау үшін кредит береді.

Айта кету керек, әкімдік биыл елордадағы құрылысы қаңтарылып тұрған 39 тұрғын үйді салуды аяқтау үшін уәкілетті ұйым – "Елорда құрылыс" ЖШС құрды. Бұл компания енді "Бәйтерек девелопмент" АҚ аударған қаражат есебінен алдымен проблемалық тұрғын үй кешендеріне қаржылық, заңдық және техникалық аудит жүргізеді. Осыдан кейін олардағы жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын, аяқталмаған құрылыс нысандарын бұзуды немесе бөлшектеуді, жер учаскелерін сатып алуды, жаңа көппәтерлі тұрғын үй салуды қаржыландырады, құрылысқа аванс береді.

"Елорда құрылысқа" "сақалды" құрылыстарды аяқтағаннан кейін олардағы коммерциялық бос алаңдарды – сауда орындарына арналған төменгі қабаттарды (цоколь), автотұрақты және басқасын сатуға, сонымен қатар осы мақсаттарға бөлінген жер учаскелерінде жаңа көп пәтерлі тұрғын үйлерді, жапсарлас үй-жайлар мен паркингті салуға рұқсат етілмек.

Ұлттық қордың қаражатын елорда проблемалық тұрғын үй кешендеріндегі және олардың аумағында тұрғызылатын жаңа баспананы, бос алаңдарды сату арқылы қайтарады.

Адал емес құрылыс компанияларынан үлескерлердің пайдасына өндіріп алынған ақша да осы бағытқа жолданады.

Бұл ретте Нұр-Сұлтандағы жаңадан бой көтерген кейбір жаңа тұрғын үй кешендерін сүріп тасталады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, кезінде құрылыс салсын деп берілген бірқатар жер учаскесіндегі бөгде құрылыстарды бұзуға, сондай-ақ аяқталмаған құрылыстың қалқайып ұзақ тұрып, тозығы жетуіне байланысты толық бұзуға немесе бөлшектеуге тура келмек.

"Мысалы, "Территория комфорта-1" ТК аяқталмаған, ол консервацияланбаған күйде осымен 15 жылға жуық уақыт тұр! Бұдан бөлек жер учаскелерін сатып алу қажет болады, өйткені бір тұрғын үй кешені тұрғызылатын жердің әртүрлі бірнеше бөгде жер иелері бар. Мысалы, саяжай учаскелері мен гараж иелері", – дейді ол.

Әкімдік уәкілетті кәсіпорны арқылы жеке құрылыс компанияларына кран, бетонтасығыш және басқа да көліктерді сатып алуға көмектеседі деп күтілуде.

"Проблемалы нысандардың құрылысын жалғастырып әкету үшін мердігер ұйымдарға техниканы жұмылдыруға және құрылыс материалдарын сатып алуға қаражат керек. Мысалы, "Шығыс" және "Жағалау" тұрғын үй кешендерінде мердігерлерге материалдарды сатып алуға аванс қажет", – дейді ведомство.

Елордадағы қандай тұрғын үйдің құрылысын мемлекет аяқтап беретінін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы" (ВАК) қарайды және тізбесін түзіп, оларды қаржыландыру үшін "Елорда құрылыс" ЖШС-ға ұсынады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу