ОҚО шағын және орта бизнес бойынша көш бастады

Клара Ларина Клара Ларина
5149

Еліміздің кәсіпкерлік субъектісінің 15%-дан астамы оңтүстік өңірде орналасқан.

ОҚО шағын және орта бизнес бойынша көш бастады

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік субъектісінің саны бойынша алдыңғы орынға шыққаны туралы облыстың кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлім етті.

Оның айтуынша, 2017 жылы облыс бойынша жұмыс істеген шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 177709 бірлік, яғни 106,2% болған. Ол еліміздегі ШОБ-тың жалпы үлесінің 15,4%-ын құрайды. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.

ҚР ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің ақпарына сәйкес, 2017 жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша елде жалпы 1157092 ШОБ субъектісі жұмыс істеген. Атап айтатын болсақ, ОҚО-дан кейін көш бастап тұрған үштікке  Алматы қаласы (ШОБ-тың 172880 субъектісі) мен Алматы облысы (111933) кіреді.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын орта бизнестің жалпы санының 92640-сы жеке кәсіпкерлерге, 68627-сы шаруа және фермерлік қожалыққа, 16442-сы шағын және орта бизнестің заңды тұлғаларына тиесілі.

Басым көпшілігі сауда саласында (34%) және АӨК-те (41%). Оңтүстік Қазақстандағы шағын және орта бизнесте жұмыс істеп жатқандардың саны былтырғы жылғымен салыстырғанда 2017 жылы 331490 немесе 101,3% болған.

Батырхан Құрмансейіттің айтуынша, өнім шығару көлемінде де өсу бар. Жыл басынан бері облыстың ШОБ субъектілері 158,3 млрд теңгенің өнімін  өндірген. Ал 2016 жылдың осындай кезеңінде 154,8 млрд теңгенің өнімі шыққан болатын.

Сондай-ақ басқарама басшысы өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жайлы ақпар берді.

"2017 жылдың осы кезеңінде облыс өнеркәсіптері 510,1 млрд теңгенің өнімін шығарған, – деді ол. – Жеке көлем индексі былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 100,2% болды. 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырар болсақ,  биыл өңдеу өнеркәсіптерінің негізгі салаларында өсудің бар екені байқалады. Азық-түлік  өнімдерін шығару 108,4%-ға, жеңіл өнеркәсіп 152,2%-ға, химиялық өнеркәсіп өнімін шығару 117,3%-ға артқан".

2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ОҚО-да жалпы 1,2 трлн теңге болатын 135 жобаны іске асыру жоспарланған.  Бұл 17,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Басқарама басшысының сөзінше, бүгінгі күні ИИДМБ аясында 47,7 млрд теңгенің 49 жобасы іске асырылып, 1900 жұмыс орны құрылған.

Оның ішінде биылғы жылы 2,3 млрд теңгенің бес жобасы жүзеге асқан. Бұл – вафли өндіретін "Рахат Шымкент" ЖШС (850 млн теңге), жүгері өңдейтін зауыт "Азия Агро"ЖШС (619 млн теңге), қалдықтарды өңдеу және төменгі қысымды құбыр өндіру кәсіпорны "Сырлы Созақ" ЖШС(222,9 млн теңге), "Белла жиһаз" ЖШС (550 млн теңге), газды бетон өндіру кәсіпорны "Отырабат-Құрылыс" ЖШС-ны (120 млн теңге) құру жобалары.

Сонымен қатар "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасын іске асыра бастағаннан бері 40 млрд теңгенің 1322 жобасы мақұлданған.

2017 жылдың сегіз айында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 266 млрд теңге болған, оның ішіндегі сыртқы инвестиция 48,5 млрд теңге болып, жалпы санның  18,2%-ын құраған.  

Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу