Оңтүстікте мақта терімі басталды

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
5060

Былтыр Ресей, Қытай және Еуропа елдеріне 58 мың тонна мақта талшығы экспортталды.  

Оңтүстікте мақта терімі басталды

Мақтарал ауданында биыл 134,6 мың гектар жерге мақта шиті себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық көрсеткіш.

Былтыр мырзашөлдік мақташылар әр гектардан орташа есеппен 26,2 центнерден өнім алып, бас-аяғы 286,4 мың тонна ақ алтын жинады. Биыл мақташылар егіс көлемінің артуына байланысты 300 мың тоннадан астам өнім жинауды жоспарлап отыр.

"Биыл өңірде мақта шығымы өте жақсы. Өйткені ауарайы өте қойлайлы болды. Күннің ыстық болуы мақтаның ерте пісуіне жақсы әсер етті. Мақта көсегінің ашылу қарқыны да жаман емес", – дейді "Нұр-Кетебай" өндірістік кооперативінің төрағасы Сәду Бекенов.

Аталған кооператив 2016 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 255 шаруа қожалығы бар. 1200 гектарға жуық алқабы бар кооператив биыл толайым табысқа кенелуден үмітті. Себебі аталмыш кооператив жер асты және қашыртқы кәріз суларын фосфогипс енгізу арқылы пайдалану технологиясын қолданысқа енгізген.

Әзірге жиын-терім жұмыстары Атамекен, Ш. Дәлдәбеков, Мақталы, Қызылқұм, Жамбыл және Қарақой ауылдарындағы ұсақ шаруа қожалықтарында атқарылып жатыр. Мақташылар алғашқы өнімді әзірге комбайнмен емес, қолмен теріп жатыр. Себебі мақтаның сапасы өте жақсы.  

"Бірінші өнімді қолмен теру қиындық туғызады. Алайда амал жоқ. Жүйекке бірден комбайн салуға болмайды. Оның үстіне біздің мақта алқабымыздың көлемі аса көп емес. Бір сөзбен айтқанда біз комбайнның көмегіне мұқтаж емеспіз", – дейді "Ырысты" шаруа қожалығының төрағасы Мықтыбек Ережеп.

Мақтарал өңірінде жиын-терім жұмыстары қыркүйек айының ортасында қызады. Ал қалған 8 ауданда қазан айының басында бастау алады. Алғашқы жиын-терім жұмыстары Мақтарал, Шардара, Сарығаш аудандарында басталса, ең соңғы  болып түркістандық шаруалар жинайды.

Ел бойынша мақтаның 100%-ы Оңтүстік Қазақстан облысында егіледі. Мұндағы мақтаның экспорттық әлеуеті өте жоғары. Оңтүстік ақ алтынды негізінен Ресей, Қытай және Еуропа елдеріне экспорттайды. Өткен жылы аталған мемлекеттерге елімізден 58 мың тонна мақта талшығы экспортталды.

Ендігі мәселе - мақта бағасы. Биыл диқандар мақтаға деген сұраныстың жоғары екенін ескеріп, едәуір пайдаға кенелеміз деп отыр. Бұл ретте олар мақтаны сатып алатын зауыттар тиімді баға ұсынады деген үмітте.

"Былтыр бір келі мақта теру 15 теңгеден басталып, 20 теңгеге көтерілді.  Егер мақтаның бiр тоннасы былтырғыдай 130 мың теңге болып белгіленсе, онда кеткен шығынымыздың қайтуы қиын болады", – дейді "Жасұзақ" шаруа қожалығының мүшесі  Мейірбек Әденов.

Мақтаарал аудандық ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, биыл мақта жинайтын техника жеткілікті. Қазірдің өзінде 300-ге жуық комбайн сақадай сай тұр. Ендігі мәселе – мақта тасымалдайтын тракторлар мен тіркемелердің дайындығын пысықтау.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу