Орталық Азия бестігі өз бетінше даму жолын іздейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
7054

Ресейдің ықпалы бар жерде ешқандай ағартушылық немесе инвестициялық қолдау пайда әкелмек емес.

Орталық Азия бестігі өз бетінше даму жолын іздейді

Бұл апта мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз. 14 наурызда Қазақстан тарабының шақыруымен Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келеді. Ал 15 наурызға Орталық Азияның бес елінің мемлекет басшыларының жұмыс кездесуі жоспарланған. Назарбаевтың төрағалығымен өтететін президенттер кездесуінде Түркіменстан атынан осы елдің мәжіліс төрайымы Акджа Нұрбердиева қатысады. Түркімен басшысы елдегі жоғары деңгейдегі шараларға байланысты келе алмайтынын жеткізген екен. Жоғары деңгейдегі саяси шараның аймақ экономикасына қандай өзгеріс әкелерін болжамас бұрын, өңірдің қазіргі ахуалын пысықтап көрейік.

Орыстың жетекшілігіндегі одақтастық
Жалпы, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді халықаралық ұйымдар ішіндегі өзара одақтастық болмаса, Орталық Азияның бес елі өз алдына бөлек өңір ретіндегі әріптестіктері айтарлықтай жоғары деңгейде емес. Кәримов кезіндегі жабық Өзбекстан мен өз алдына томаға тұйық Түркіменстан көрші елдермен байланыстың қай түріне болса да құлықсыз. Ал Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан да "посткеңестік қарашаңырақ" Мәскеу арқылы ғана ынтымақтастықтарын ұстап тұр деуге болады. Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі, Қырғыз бен Тәжікстанның ең үлкен инвесторы ретінде Ресей Орталық Азия елдерінің өзара дамуына өзіндік бақылауын орнатып, аймақтың бет алысын ұстап отыр деуге негіз бар.

КСРО тарағаннан кейінгі Орталық Азияны Мәскеу ешқашан да экономикалық тірек ретінде санамаған. Путин саясаты аймақты бар болғаны әскери одақтас, ары кетсе сыртқы саясаттағы дипломатиялық қолдаушылар ретінде таниды.

Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін мемлекеттер арасындағы сауда қыза түседі деген жорамал әлі күнге орындалар түрі байқалмайды. Керісінше, сауда айналымы азайып бара жатыр. Мәселен, 2010 жылы Қазақстанға Ресейден импорт көлемі 60,2 млн доллардан 2016 жылы 36,8 млн долларға төмендесе, экспорт көлемі 31 млн-нан 25 млн-ға азайған. Мәскеу мен Астана арасындағы сауданың тым төмендеп кеткеніне ең алдымен мұнай дағдарысы да себеп болғаны анық. Ресейге экспорттың азайғаны өз кезегінде Қазақстанның Швейцария, Италия мен Қытайға сататын тауарының көбеюіне әсер болған. Ал ресейлік импорттың орнын ішкі нарықта Қытай тауарлары баса бастады.

Қырғыздың орыспен өзара саудасы да жыл санап құлдырап барады. 2010-2016 жылдар аралығында Мәскеу мен Бішкек арасындағы сауда дефициті 1,5 млрд доллардан 2,3 млрд долларға дейін ұлғайған. Есесіне Қырғызстанның Түркиямен және Тәжікстанмен өзара саудасы айтарлықтай көбейген.

Ресей сонымен қатар, Тәжікстанмен арадағы саудада да ұтыла бастады. Тәжікстаннан Ресейге кірген импорт көбейіп, экспорт азаюда. Есесіне, Тәжікстан нарығын Қытай өнімдері жаулай бастаған. Ашхабад пен Мәскеу арасындағы тауар дефициті 2010-2016 аралығында 1,5 млрд доллардан 2,1 млрд долларға артып отыр.

Өзбекстан мен Түркіменстанның Ресеймен арадағы саудасы жалпы азайып, соның ішінде Ресейдің бұларға сатқаны тым құлдырап кетсе, екі елдің Ресейге экспортында аздаған ілгерілеушілік бар.

Жоғарыда айтылғандай, Мәскеу үшін Орталық Азия бестігі ең алдымен дипломатиялық және әскери одақтас. Экономикалық байланыстың екінші орында қалып қоюы аймаққа Қытай интеграциясының қарқын алуына алып келді.

Қытайдың жылдық емес, ғасырлық жоспары
Қазіргі таңда Қытай мен Орталық Азияның бестігі арасындағы жалпы тауар айналымы 30 млрд долларды құрайды. Әсіресе соңғы жылдары бұл көрсеткіш тым жоғары қарқын көрсетіп отыр. Соның ішінде Қытай инвестициясының өсімі Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда айтарлықтай ұлғаюда. Энергетика секторынан бастап құрылысқа дейінгі ірі жобаларда Қытай қызығушылығы басым.

Ал "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" жобасы мен АИИБ банкі Қытай мен бестік арасында экономикалық байланысты жылдарға емес, ғасырларға дейін жалғауды мақсат етеді. Қазақстан мен Түркіменстанның ең ірі, Қырғызстан мен Өзбекстанның көлемі жағынан – екінші, ал Тәжікстан экономикасының үшінші ірі әріптесі ретінде Қытайдың Ресейден айырмашылығы біздің аймақты ең алдымен экономикалық серіктесі ретінде тануы.

Бірер жыл бұрын құрылған Азия Инвестиция және Инфрақұрылым банкі аймақтың Қытаймен арадағы қатынасына тіптен қарқын қоспақ. Банктің ең ірі доноры ретінде Қытай осы банк арқылы оңтүстік-шығыс Азия мен Орталық Азияда инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салуды көздеп отыр. Қазір банктің Тәжікстандағы жобаларды қаржыландыруы басталып та кеткен.

АҚШ-тың назары Ауғанстан
Жыл басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонға барған ресми сапарында АҚШ президенті Дональд Трампқа "Ақ үйге Орталық Азияның өкілі ретінде келіп отырмын" деп қалды. Жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығын Еуразиялық идеямен бастаған қазақ саясаты Орталық Азиямен байланыстың маңызын түсіне бастағандай.

Өз кезегінде Трамп та Орталық Азия бестігімен ынтымақтастыққа үлкен көңіл бөлетіні секілді жаттанды сөзден кейін Ауғанстанның біздің аймақ үшін үлкен қатер екенін ескерткен. Обама кезінде құрылған С5+1 (Орталық Азия бестігі мен АҚШ) серіктестігін дамыту керектігін де айтқан. Дегенмен, АҚШ президентінің негізгі ойы Ауғанстандағы лаңкестікпен күрес болғандықтан, аймақтың экономикалық перспективасын маңызды санамайтыны айтпаса да түсінікті.

Еуропалық Одақ Орталық Азияның Ресейсіз дамығанын қалайды
Жыл басында өткен "ЕО мен ОА қатынасының 25 жылы: өткеннен болашаққа" атты конференцияда Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан бестіктің өзара ықпалдастығы аймақты оң өзгерістерге жетелейтінін айтқан еді.

"Ешқандай әріптестерінің қатысуынсыз, өздері ғана жиналып, стратегиялық даму жолын талқыға салғанын қалаймыз", деген еді өкіл. Буриан, әрине, мұнда "ешқандай әріптестерінің қатысуынсыз" дегенде Ресейді ишаралап тұрғаны анық. Оның айтуынша, Орталық Азия өз саясаттарын өздері бекітіп, өз жолдарын тапқанда ғана Еуропалық Одақ қолдау көрсетуге дайын. Әйтпесе, шынымен де, Ресейдің ықпалы бар жерде ешқандай да ағартушылық немесе инвестициялық қолдау пайда әкелмек емес.

Орталықазиялық интеграцияда Өзбекстандағы президент алмасуы айтарлықтай орынға ие. Мирзиеев президенттіктің бірінші күнінен бастап Ресеймен қатынасты жақсартып, негізгі назарды Орталық Азиялық ынтымақтастыққа аударды. Нәтижесінде, Өзбекстанның Қырғызстанмен және Тәжікстанмен ара қатынасы айтарлықтай дұрысталып, Қазақстанмен сауданың ұлғайғаны сезіле бастады. Сонымен қатар, былтыр жыл соңындағы шекара дауын санамағанда, Қазақстанның төрт елмен де өзара сауда айналымы жыл санап ұлғайып келе жатыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу