Павлодарлық 1747 кәсіпкердің қарызы кешірілді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12047

Салықтық рақымшылық акциясының аяқталуына үш ай қалды.  

Павлодарлық 1747 кәсіпкердің қарызы кешірілді

2019 жылдың 1 қаңтарынан басталған салықтық амнистия аясында павлодарлық 1747 кәсіпкердің салықтық қарызы кешірілді. Рақымшылық акциясына 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған салықтық берешектер жатқызылған болатын. Осылайша, республика бойынша жинақталған қарыз көлемі 210,4 млрд тегені, ал қарыз үшін есептелген өсімпұл 122,9 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, Павлодар облысы бойынша 11,7 млрд теңге қарыз бен 7 млрд теңге айыппұл есептелген еді.

Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтің айтуынша, 2019 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, павлодарлық кәсіпкерлердің 391,8 млн теңге салықтық қарызы және 73,6 млн теңге айыппұл мен өсімпұл кешірілген. Бұл ретте, Павлодар облысы бойынша қалыптасқан ең көп өсімпұлдардың көлемі 6 млн теңгеге дейін жетіп отыр.

Облыс бойынша есептелген қарыз бен кешірілген соманы салыстырсаңыз, жергілікті кәсіпкерлердің анау айтқандай белсенділік танытып отырмағанын аңғаруға болады. Бұл павлодарлық кәсіпкерлер тамаша мүмкіндікті пайдаланбай отыр деген сөз.

Еске сала кетейік, салықтық рақымшылық акциясы 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады. Демек, шағын және орта бизнес субъектілерінің салықтық берешектерден құтылуына толық үш ай қалып отыр. Мұндай акциялар бұған дейін 2005 және 2013 жылдары ұйымдастырылған болатын.

"Акцияның мақсаты – 2018 жылдың 1 қазанына дейін салықтық берешек арқалап келген кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, бизнеске мүмкіндік беру. Кәсіпкерлер қарыздың негізгі бөлігін өтеген жағдайда, олардың өсімпұлдары мен айыппұлдары кешіріледі", – дейді департамент басшысы.

Ал осы жылдың шілде айынан бастап рақымшылық акциясы жеке тұлғаларға да қолданыла бастады. Яғни, өткен жылдың 1 қазанына дейін жер, мүлік, көлік салықтары бойынша қарыз арқалаған тұрғындар берешектің негізгі бөлігін өтеп, артық қарыздан құтыла алады. Бүгінде 16 мың павлодарлықтың шамамен 150 млн теңге өсімпұлы кешірілген. Бұл ретте, Павлодар облысы жеке тұлғалардың салықтық қарызын кешіру бойынша республикада алдынғы қатарда тұр.

Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы Галина Бирюкованың айтуынша, акция аясындағы түсімдер көбея түспек. Өйткені, Қаржы министрінің бұйрығы бойынша акцияға толықтырулар енгізіліп отыр.

"Салықтық амнистияға жатқызылатын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны көбейтін болды. Біріншіден, салықтық тексеру нәтижесінде салық және басқа да міндетті төлемдер 2018 жылғы 1 қазанға дейін есептелсе де, бірақ тексеру нәтижелері туралы хабарламаны шағымдануға немесе хабарламаны орындау мерзімі келмеуіне байланысты 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша берешегі жоқ салық төлеушілер де акцияға қатысатын болды. Бұл бір.  Екіншіден, 2018 жылғы 1 қазаннан кейінгі кезеңде 2018 жылғы 1 қазанға дейінгі салықтық кезеңге қосымша есеп тапсырған салық төлеушілер де салықтық рақымшылықпен қамтылады. Бұдан бөлек, салықтық есеп бойынша айыппұл сомасын есептен шығару оны 2019 жылғы 1 шілдеге дейін төлемеген жағдайда ғана жүргізіледі", – дейді Галина Бирюкова.

Белгілі болғандай, рақымшылық акцияға қатысушылар тізімі кеңейтілгеннен кейін павлодарлық 9 кәсіпкер мүмкіндікті пайдаланған. Олар салықтық тексерулердің нәтижесі бойынша және 10 млн теңгеге жуық қосымша есептер ұсыну арқылы есептелген қарызды төлеген. Нәтижесінде 1,5 млн теңге айыппұлдан құтылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу