Ресей зейнеткерлердің "соңғы стансасына" айналудан шаршады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4192

Солтүстік көршіміз жаһанға жарияламай-ақ, зейнеткерлікке шығу жасын көтеріп жіберді.

Ресей зейнеткерлердің "соңғы стансасына" айналудан шаршады

Жыл сайын егде жастағы жүздеген, тіпті мыңдаған қазақстандықтардың, соның ішінде мемлекетқұраушы қазақ ұлты өкілдерінің Ресей азаматтығын алуы себебін сарапшылар осы елде зейнеткерлікке ерте жаста-ақ шығуға мүмкіндік берілетіндігімен түсіндіреді. Бірақ кілең зейнеткерлер тұратын елге айналуға қай мемлекет құлай құштар болсын?! Сондықтан Ресей өз қоғамының жұмыс жасайтын экономикалық белсенді қабатына түсер бұл ауыртпалықты бірте-бірте жеңілдетудің қу схемаларын енгізуге кірісті. 

Нәтижесінде қартайған, буыннан әл тайған ресейліктер зейнеткерлікке шыға алмайтынын біліп, айран-асыр болуда. Оларға жасы жетсе де, не себепті зейнеткерлік тағайындалмайтынына Ресей зейнетақы қоры ресми түсініктеме берді. Ол түсініктемеге мұқият көз жүгірткен сарапшылар енді "сақтандырушы зейнетақыдан" қағылған ресейліктердің саны жыл сайын өсе бастайтынын айтады.

РФ еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Максим Топилиннің түсіндіруінше, РЗҚ зейнеткерлік жасына жеткен азаматтарға "сақтандыру өтілінің және зейнетақылық балдарының жетіспейтініне" байланысты "сақтандырушы зейнетақы" тағайындаудан бас тарта бастады.  

"Азаматтардың бұл санатына "әлеуметтік зейнетақы" тағайындалады", – дейді министр.

Бірақ мұның астарында да қулық жасырын жатыр. "Әлеуметтік зейнетақының" көлемі аз, онымен қоймай, ол енді ресми зейнетақы жасынан бес жыл кейін тағайындалатын болады. Яғни, әйелдер осы ең аз зейнетақы түрін тек 60 жастан, ал ерлер 65 жастан бастап ала алады.

Осылайша, ресейліктерге не қарттық шақта мардымсыз "әлеуметтік зейнетақыға" қанағат қылуға және өлместің тірлігін кешуге, немесе аударылымдар жасап, өз қарттығын қамтамасыз етер қазынаны өзі қордалай бастауға тура келеді.

Ресми мәлімет бойынша қазірдің өзінде РЗҚ зейнет жасына жеткендердің 1,2%-ына негізгі "сақтандырушы зейнетақыны" тағайындаудан бас тартып үлгерген. Өйткені олардың бұл үшін қажетті сегіз жылдық ресми жұмыс өтілі болмай шыққан.

Ресей зейнетақы қорының мәліметінше, жыл сайын 1,8-1,9 миллион адамға сақтандырушы зейнетақы тағайындалады екен. Яғни, қанша ресейліктің зейнеткерлік жас биігіне көтерілгенімен, зейнеткерлікке қол жеткізе алмағанын осыдан бағамдай беруге болады.

Оның үстіне мамандар "бас тартулардың" саны алда еселеп артатынын алға тартады. Өйткені бірнеше жылдан кейін сақтандырушы зейнетақы тағайындау үшін зейнет жасына жеткен азаматтың кем дегенде 15 жыл ресми стажының болуы талап етіледі.

Ресей зейнетақы қорының мәліметінше, биылғы жылы негізгі зейнетақы түрінің, яғни сақтандырушы зейнетақының орташа көлемі 14 мың 75 рубльді, соның ішінде жұмыс жасамайтын зейнеткерлер үшін 14 329 рубльді құрайды. Ал тиісті жұмыс өтілі мен зейнетақылық балдарды жинай алмаған зейнеткерлердің әлеуметтік зейнетақысы 9 045 рубль болып отыр.

Экономист мамандар Ресейде зейнетақыға қатысты проблемалар жыл өткен сайын ушыға түсетінін бұрыннан айтып, дабыл қаққан. Мәселен, РФ бұрынғы экономикалық даму вице-министрі Сергей Беляковтың түсіндіруінше, қазіргі кезде негізгі еңбек жолы ауыр 90-шы жылдар мен күрделі ХХІ ғасыр басына тұспа-тұс келген азаматтар зейнеткерлікке шығуда. Ал олардың көбісі ол заманда не ресми рәсімделусіз еңбек еткен, немесе жалақыларын "конвертте" алған. 

Ресей 2024 жылға дейін зейнетақы тағайындау үшін талап етілетін жұмыс өтілі көлемін бірте-бірте көтеріп, ақыры 15 жылға, ал қажетті коэффициенттер санын 30-ға дейін жеткізуге кірісті. 

"Бұл проблемалардың жаппай белең алуына әкелуі мүмкін. Бас тартулардың артуына енді жұмыс өтілінің дұрыс есептелмеуіне қатысты мәселелер жамалады. Өйткені стаж сонымен қатар болашақ зейнетақының көлеміне де ықпал етеді", – деген Сергей Беляков мұның елдің наразылығына себеп болуы ықтималдығын жасырмайды.

Әлеуметтанушы Роман Алехин сақтандырушы зейнетақы талаптарының артуына байланысты "көптеген ресейліктердің қиын жағдайда қалатынын" растайды.

"Бұл жерде мәселе жұмыс өтілі аз адамдарға тағайындалатын әлеуметтік зейнетақы көлемінің тым аздығында болып отыр. Оның аздығы сонша, сақтандырушы зейнетақыға қол жеткізе алмаған барлық азаматтарды қайыршылық күйге түсіреді", – дейді маман.

РФ Есеп палатасының төрағасы Татьяна Голикованың мәліметінше, күн көріс шегінен төмен, яғни қара табан кедей жағдайында өмір сүріп жатқан ресейліктердің саны 2017 жылы тағы екі миллион адамға артып, 22 миллионға дейін жеткен. Соның ішінде 12 миллионы – жұмыс жасайтын ресейліктер көрінеді.

Қалай болғанда, көрші мемлекеттің ресми тұлғалары да, сарапшылары да халықты жаңа талаптарға көндігуге, "тек ресми жұмыс жасауға және жұмыс берушінің аударылымдар жасауын ұдайы бақылап отыруға" шақырады. Одан басқа олардың амалы жоқ. Әйтпесе, арттарында да, алдарында да әзірге тек дағдарыс.

Жалпы, зейнеткерлікке шығу жасын ресми әрі жаппай көтеру мәселесіне солтүстік көрші президенттік сайлаудан кейін оралады деп күтілуде. Владимир Путиннің жеке бастамасы бойынша құрылған, Ресейдің 2024 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеп жатқан РФ стратегиялық әзірлемелер орталығының басшысы, бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин президенттік аламан өткеннен кейін әйелдердің жасын 63-ке, ал ерлердің жасын 65-ке дейін ұлғайту туралы бастама енгізген. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу