Ресей һәм қырғыз нарығын жаулаған қазақ

5374

Инновациялық өнім өндіретін жас кәсіпкер уақытының басым бөлігін мемлекеттік мекемеде қағаз толтырумен өткізіп жүр.

Ресей һәм қырғыз нарығын жаулаған қазақ

Тұрақты жұмыссыз жүрген жігіттер Ресейден – білім, Израильден – өнім, Италиядан – шикізат алып, Қазақстанда кәсіп бастайды деп ешкім ойлаған жоқ.

Кісінің қабағына қарап күнелтуді ар санаған қос азамат тығырықтан шығудың жолы жеке кәсіппен айналысу екенін бірден түсінді. Сөйтті де Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде қолға алынбаған жобаны жүзеге асыруға кірісті. Мақсатқа жету үшін 2014 жылы Қуаныш пен Нұрхан Мәскеуге аттанды. Олар Ресейде арнайы курстан өтіп, сұйық резина түріндегі гидрооқшаулағыш өндірудің қыр-сырын меңгерді.

Бүгінде "KazIzol" серіктестігін басқарып отырған жас кәсіпкер Қуаныш Айғожин экологиялық жағынан таза әрі қоршаған ортаға зияны жоқ құрылыс материалын өндіреді. Бұл материал кез келген бұйымды суық пен судан қорғайды және шіруден сақтайды.

"Кәсіпкерлікке келуіме досым Нұрхан түрткі болды. Біліммен қаруланып алған соң, арманымызды ақиқатқа айналдыруға көштік. Серіктестік құрып, тапсырыс қабылдай бастадық. Бір жылда Ақтөбе облысының 50 нысанына қызмет көрсеттік. Уақыт өте келе еліміздің барлық аймағына өнім жөнелтетін деңгейге жеттік", – дейді Қуаныш Айғожин.

Оның сөзінше, теңгенің құлдырауы жігіттердің кәсібіне салқынын тигізген. Бұл туралы Қуаныш Айғожин: "Экономикалық жағдайға байланысты тапсырыс күрт кеміп кетті. Біздің жұмыс істеуімізден бос жүретін күніміз көбейді. Салдарынан досым басқа жұмысқа ауысты. Мен тығырықтан шығудың жолын қарастыра бастадым. Дайын өнімді Израильден тасу қаржылық жағынан тиімсіз екенін түсініп, гидрооқшаулағышты өзімізде өндіру қажет деген тоқтамға келдім. Осылайша бизнес жоспар құрып, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының семинар-тренингіне қатыстым. Жобам қолдауға ие болып, қор арқылы 17,5 млн теңге несие алдым. Қаржы қолға тиген соң Италияға барып, өндірістік тәжірибеден өттім. Келгеннен кейін Қытайдан құрал-жабдық сатып алдым. Тоқтап қалған іс қайта жанданды. Қала сыртынан арнайы өндіріс орнын ашып, отандық өнім өндіре бастадық, – дейді Қуаныш Айғожин.

Кәсіпкердің айтуынша, шикізаттың 60% Италиядан келеді. Қалған 40% Ресей мен Қазақстанның еншісінде. Ресейден – полимер материал тасымалданады. Ал қорап пен орама отандық өндірушілерден алынады.

"Кеңес дәуірінде үй салғанда төбеге қара қағаз жабатын. Оны шайырдан құятын. Бұл әдіс әлі күнге дейін қолданыста. Ал Еуропа 30 жылдан бері мұның орнына гидрооқшаулағыш пайдаланады. Біріншіден, бұл – экологиялық таза зат. Себебі құрамында табиғи каучук пен тал қабығы ғана бар. Бұдан жасалған қою сұйықтық, адамға да, қоршаған ортаға да зиянын тигізбейді. Екіншіден, бағасы сәл қымбат болғанымен сапасы өте жоғары.

Бұл – инновациялық құрылыс материалы болғандықтан ТМД елдерінде өндірілмейді. Олардың барлығы сырттан сатып алады. Біздің елімізге де сырттан әкелетіндер бар. Бірақ олардың бағасы отандық өнімнен 3-4 есе жоғары. Біз өндіріп отырған өнім 15 жылға дейін шыдайды, – дейді Қуаныш Айғожин.

Оның сөзінше, гидрооқшаулағышты кез келген құрылыс нысанының іргетасына, төбесіне, жертөлеге, еденге, қабырғаға қолдануға болады.Тотығу мен шіруден сақтау үшін мұнай құятын ыдыс пен құбырға да жағады.

Қуаныш Айғожиннің айтуынша, Ақтөбеде өндірілетін отандық өнімге Еуропалық зертханалар сапа сертификатын берген.

Қазіргі таңда "KazIzol" ЖШС өнімі Ресейдің Орынбор, Астрахань, Волгоград, Қазан, Уфа қалаларына және Қырғызстанға импортталады. Бішкектегі ашық аспан астындағы теннис алаңын осы серіктестік салып берген.

Кез келген кәсіптің қызығы мен шыжығы һәм кедергісі қатар жүреді. Қуаныш Айғожин да мұны айналып өте алмапты.

"Өнімді өзге елден тасығанша, өзіміз өндірсек деген арманымызға қол жеткіздік. Алайда әлі де кедергі көп. Мәселен тапсырыс алып, сырттан шикізатты қабылдап, қызу жұмыс жүргізіп жатқан кезде салық немесе статистика басқармасының есебін өткізу керек болады. Қаланың бір шеті мен екінші шетіндегі мекеменің арасындағы шаруаны бітіруге бірнеше күн кетеді. Кеден арқылы шет мемлекетке өнім жіберу немесе қабылдау кезінде де қолымызға құжаттарымызды ұстап алып, екі апта шапқылаймыз. Осының барлығы электронды түрде болса, кәсіпкерлер уақыт жоғалтпас еді.

Мысалы мен банкке қатысты жұмыстың барлығын онлайн атқарамын. Барлығын компьютер арқылы бақылаймын. Атқарушы билік мен айтқан мәселелерді электронды жүйеге енгізуге асығар емес. Ал кәсіпкерлердің көпшілігі уақытының басым бөлігін мемлекеттік мекемеде қағаз толтырумен өткізеді", – дейді Қуаныш Айғожин.

Сөз арасында ол жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдік жасалуы қажет екенін айтты.

"Еуропада, тіпті көрші Ресейде кәсіпті енді бастағандар 3 жылға дейін салық төлемейді екен. Осы жүйе біздің елге де енгізілсе, кәсіп ашқысы келетін жастардың қатары көбейетін еді", – дейді Қуаныш Айғожин.

Әлия Рүстем

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу