Сарапшылар ауылшаруашылық өнімдерін төлқұжаттауды ұсынып отыр

3791

Әлемде органикалық өнімге деген сұраныс артып келеді. Өнімді алқаптан дүкен сөрелеріне дейін жеткізу желісін цифрландыру сатып алушыға "таза" азық-түлікті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Сарапшылар ауылшаруашылық өнімдерін төлқұжаттауды ұсынып отыр

Астанада өткен семинар барысында Organic Services GmbH (Германия) директоры Джеральд Хэррманн органикалық өнім, яғни фермер, егістіктің ауданы, делдалдар, зауыт жайлы барлық ақпаратты алуға болатын бағдарламалық қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін таныстырды. Жүйенің көмегімен дүкен сөрелеріне дейінгі жеткізудің барлық желісін көруге болады. Бағдарламаның "бағдаршамдары" қай жерде барлығы "таза", қай жерде қиындықтар бар екенін көрсетіп береді. Джеральд Хэррманнның айтуынша, бүгінгі күні тек бір сертификатқа сеніп отыруға болмайды. Сонымен қатар бұл бағдарламалық қамтамасыз ету жалған өніммен күресуге мүмкіндік береді.

"Азық-түлік арқылы оңай ақша табуға болады. Ал дәрі-дәрмек немесе қаржылық алаяқтықпен ақша жасау қиын. Сондықтан ұйымдасқан қылмыс әлемі контрафактілік өнімді жасауға ойысқан. Бірқатар өнімнің жалған өнім екенін көрсетіп берген зерттеу бар. Соның бірі сүт. Қытайда сүт ұнтағының жалғандығына қатысты үлкен жанжал болғанын білеміз. Сондай-ақ олардың қатарында бал, ет, алкоголь бар", – деді шетелдік сарапшы.

Жалпы бұл жобаға ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қызығушылық танытты.

"Басқа нарыққа өніміңді өткізу өте қиын, ол үшін майды органикалық тұқымнан өндіргенімізді дәлелдеу керек. Ал оны бақылап отыру мен есепке алудың арқасында ғана дәлелдеуге болады. Яғни қазір қағазға (сертификат) сенбейді, дәлел болу керек", – деді ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Зейнолла Шәріпов органикалық өнімге арналған семинар сыртында болған әңгімеде.  

Әлемдік органикалық өнім нарығы 80 млрд еуро деп бағаланып отыр және бұл одан әрі өсуде.

"Біздің құжаттарымызбен бізді ешкім мойындамайтынын жақсы білеміз. Бірақ та құр босқа қарап отырмаймыз, сертификаттау мен тіркелу мәселесін шешуді қарастырмақпыз", – деді ауыл шаруашылық министрлігінің өкілі.

Ведомство Қазақстанда сертификаттау жүргізу үшін халықаралық ұйымдарды тартуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі АҚШ пен ЕО-ның мемлекеттік қолдауға қатысты тәжірибесімен танысып жатыр. АҚШ-та фермерлерге көбінесе кеңес беріледі, ол жақта нарық өндірушілердің органикалық өнімге көшуін өзі ынталандырады. Ал Еуропалық одақта сертификаттау мен гектарға субсидия беріледі.

Ал Қазақстанда органикалық тыңайтқыштарға субсидия беру әзірге жоспарда жоқ.

"Мұның дұрыс емес екенін жақсы білеміз, бірақ ол үшін сол органикалық тыңайтқыштарды өндірушілер тарапынан астыртын әрекет пен жемқорлық факторлары болмас үшін технологиялық процесті реттеп, әкімшілдендірудің нақты тетігін жасау керек. Өйткені бұл жерде қауіп өте жоғары", – деп түсіндірді қатысушыларға Зейнолла Шәріпов.

Ведомство АӨК саласындағы әртүрлі субсидия әзірге жеткілікті деп отыр.

Зейнолла Шәріповтың айтуынша, елде органикалық өнім өндірушілердің саны 20 шақты. Журналистердің органикалық өнімнің бағасы туралы сауалына жауап берген ол оған қосылатын үстеме 30%-дан басталатынын айтты.

"Бұл ең арзан баға. Мысалы, Түркияда органикалық тауық 200 пайызға қымбат тұрады. Бұл жерде тек сертификаттау ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар да маңызды. Мұндай өнімді өндірудің өзіндік тәуекелі бар, өйткені химиялық қорғау құралдары мен минералдық тыңайтқыштардан бас тартып, биологиялық және механикалық қорғау құралдарына көшуге тура келеді. Әрине, бұл жұмыстың бейнеті көп. Бірақ та көшу кезеңі аяқталып, жерде тепе-теңдік қалыпқа келгеннен кейін, өндірушілер барлық кезеңнен өздері өтеді. Өнімділік қайта қалпына келіп, өндіру көлемі де әдеттегідей болады және шығын да көп болмайды", – деп түсіндірді АШМ өкілі.

Шетелдік сарапшы Джеральд Хэррманның сөзінше, Қазақстан мен Орталық Азияда органикалық өнімді дамыту үшін нарықта сенімді қалыптастыру маңызды болады.

"Күмәнді ақпарат мәселесін, яғни алаяқтық мәселесін шешіп алу керек. Тап осының салдарынан Еуропа мен АҚШ-тың органикалық өнім нарығының қатысушылары Қазақстанға келуге деген ынтасы болмауы мүмкін", –деді ол abctv.kz. тілшісіне берген сұхбатта.

Сонымен қатар сарапшы органикалық өнім өндіруді заңнамалық деңгейде реттейтін жүйені құру қажет екендігіне де тоқталып кетті.

"Егер мұндай жүйе болса, онда тұтынушыға органикалық өнімнің не екенін түсіндіру оңай болады. Егер, мысалы, логотип болып, ол жақсы жарнамаланса, онда тұтынушы оны көріп, оған сенетін болады", – деген ол, "органикалық" өнім өндіру азық-түлік өнеркәсібінің тұрақты тренді екенін және жердің ластануы, өнім сапасы қазіргі уақытта өткір мәселенің біріне айналып отырғандықтан әлемнің осыған келе жатқанын айтты.

Айгүл Төлекбаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу