Сарыағаштағы ШОБ субъектілеріне скрининг жасалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2681

Зерттеу барысында жұмыссыздар саны статистикадан 5 есе көп екені анықталды. 

Сарыағаштағы ШОБ субъектілеріне скрининг жасалды

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Оңтүстік Қазақстан облысының халық ең көп шоғырланған ауданына жүргізген ауқымды зерттеуінің нәтижесін  жариялады. Зерттеу барысында ОҚО-ның ірі аудан орталығы – Сарыағаш қаласының тұрғындары мен шағын және орта бизнес субъектілеріне скрининг жасалған. Соның қорытындысында жұмыссыз жүрген адамдардың нақты саны мен ресми статистика арасында бес еселенген айырмашылық бар екені  әшкереленді. Қалада 2 156 кәсіпкердің тіркеусіз жұмыс істеп жатқаны, бизнесмендердің статистикада көрсетілгенге қарағанда 4 есе көп жұмысшыны еңбекпен қамтып отырғаны белгілі болды. 

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, бұл аудан пилоттық жоба ретінде таңдап алынған. Неге таңдау дәл "Сарыағашқа" түсті? Өйткені ол облыстағы ең көп бала туу көрсеткішін көрсетіп отырған әрі жергілікті тұрғындарының бизнес белсенділігі жоғары саналатын аудан.

Мұнда 327 842 адам өмір сүруде. Оның ішінде экономикалық белсендісі – 158 мың немесе 48%-ы. Қазіргі уақытта Сарыағашта 20 мың 300 бизнес нысаны жұмыс істеп тұр.  Соның сыртында 78 мың 800 адам өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарында. Тағы 40 мың адам жұмыссыз. Сондықтан жұмыс орындарын ашу ауданның күн тәртібіндегі ең өткір мәселесі саналады.

Ұлттық палатаның зерттеу тобы онда барлық үйлер мен кәсіпкерлік субъектілерін 100% қамтып, аралап шығыпты. Жаппай қамту нәтижесінде  қаладан 253 бизнес-жобаны құруға мүмкіндік беретін 47 қосымша кәсіпкерлік көзі табылған.

"Мұны балабақша мысалында түсіндіре кетейін. Біз қол жеткізген мәліметтер бойынша, зерттеу кезінде сұрау салынған жұртшылықтың 29,6%-ы үйлерінде мектепке дейінгі жастағы кішкентай балалары барлығын, егер балабақша ашылса, соған беруге дайын екендіктерін хабарлаған. Алайда жаяу бара қоятындай жақын жерде мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымы жоқ көрінеді. Балабақшалардың орташа қуаттылығын назарға ала отырып, біз қалаға қосымша осындай 8 нысан керектігін анықтадық. Сондай-ақ тәрбиелеушілер мен бала күтушілерге деген cұраныс көлемі де есептелді", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Ол зерттеу нәтижесінде жұмыссыз бен өнімсіз жұмыс жасайтын 121 мың сарыағаштық анықталғанын айтты.   

"Енді біз барлық 121 мың адамды "Атамекен" қолдау орталығы" арқылы өткізбекпіз. Бұл – "Бизнестің жол картасы 2020", өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, аграрлық компетенцияларды дамыту және басқа да қолдау шараларын біріктіретін "бір терезе" қағидатындағы орталық. Онда клиентке деген көзқарастың өзі ерекше: қысқа жүздесумен ғана тыйылатын байланыс орнына оны толық сүйемелдеу енгізілуде. Бұл клиенттің өзінің келуі арқылы да, сондай-ақ ІТ-технологиялар көмегімен қашықтықтан да жүзеге асырылады. Сарыағаш ауданы үшін осындай кем дегенде 3 орталық қажет. "Бастау" бағдарламасын бұл ауданда 3 жылға 12 мың адамға дейін ұлғайтуды және оқыту мерзімін 2 аптаға дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз", – деді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары. "Бастау" түлектері кем дегенде 30 мың жұмыс орнын ашады деп күтілуде.  Егер тәжірибе табысқа кенелсе, ол өзге өңірлерге таралуға тиіс.  

Тек Сарыағаш ауданының ғана аграрлық әлеуеті бүкіл қазақстандықтардың көкөніс пен жеміске деген қажеттілігін өтеуге жететіні мәлім болды. Бірақ талдау көрсеткендей, үлкен күш жалпы көлемі 30 мың гектардан астам аумақта бидай дақылдарын өсіруге жұмсалуда: оның өнімділігі әр гектардан құнарлығы нашар, 1 тонна астық алумен шектеледі екен. Салдарынан 1 гектар жердің беретін тиімділігі 150 доллардан аспайды. Ал қарқынды жеміс берер бау-бақшаларда бұл көрсеткіш 20 мың долларға дейін барады. Сондықтан Сарыағашта өнімділігі төмен, табысы нашар бидай егу орнына, негізгі екпінді "интенсивті бау-бақшаға" түсіруге ұсыным берілді. Аудан өз өнімін өткізетін нарығы үшін алаңдамауына да болады екен. Ұлттық палата көкөніс пен жеміс бойынша тек Ресейдің жыл сайынғы қажеттілігі 1 миллион тоннадан асатынын атап көрсетеді.

Зерттеу осы ауданда барлық кәсіпорындардың 45,6%-ы тіркелмей, көлеңкеде кәсіп жүргізетінін әшкереледі. Нәтижесінде аудан бюджеті 1,6 млрд теңге салықтан қағылады. Егер олардың барлығы ресми тіркеуге тұрса, Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнімі бірден 20,4 млрд теңгеге артып шыға келмек.

"Атамекен" КҰП зерттеу қорытындысында Сарыағаш ауданында "агроаймақ" құру бастамасын көтерді. Оның бірінші кезеңінде 1 мың 500 гектар аумақта осындай "агроаймақ" құрылмақ. Оның ішінде 500 гектарын – жылыжайлар, ал мың гектарын интенсивті бау-бақша алады. 

Тек осының өзі ғана көкөніс өндірісін қазіргіден 1,5-2 есе, яғни 144,3 мың тоннадан 250 мың тоннаға дейін, ал жеміс өндірісін бірден екі есеге, 7,1 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ 25 мың адам жұмыс табады деп жоспарлануда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу