Осы жылдың соңына дейін Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ІТ-платформасы құрылмақ. Жаңа портал үш электронды сату алаңын біріктіру жолымен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жаңа платформа үшін мемлекеттік сатып алу веб-порталы, "Самұрық-Қазына" порталы және жер қойнауын пайдалану порталы біріктірілмек. Бірыңғай порталдың операторы "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы болмақ. Бұл платформа сатып алу саласын одан әрі цифрландыру және кәсіпкерлердің сатып алуға қатысуын жеңілдету мақсатында құрылып отыр.
"Әзірленген жобаларды жүзеге асыру үшін заңнамалық нормаларды бекіту керек. Осыған орай мәжіліске ұсынылған заң жобасына тиісті түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, заң жобасында сатып алу саласына қатысты бірқатар өзгерістер қамтылған. Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектордың, оның ішінде ұлттық компаниялардың сатып алу қағидаларын заң аясында реттеу, сондай-ақ олардың қызметкерлеріне әкімшілік жауапкершілік белгілеу қарастырылып отыр", – қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов.
Еске сала кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын халық қалаулылары ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алу жүйесі бақыланбайтынын айтып, мәселе көтерген болатын. Өйткені, ұлттық компаниялардағы бұл процесс мекеменің ішкі құжаттары бойынша жүргізіледі. Ал қазіргі заңнама бойынша ішкі құжаттарды бұзған қызметкер жауапкершілікке тартылмайды. Бүгінде осыған қатысты заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр. Егер ол мақұлданатын болса, алдағы уақытта ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алу процесі заңмен қадағаланбақ. Бұл ретте, кемшілікке жол берген компания қызметкеріне әкімшілік жауапкершілік бекітілмек.
Сәбит Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесін цифрландыруға көшірудің нәтижесінде үнемделген ақша көлемі 5 есе артқан. Мәселен, 2015 жылы 43 млрд теңге үнемделген екен. Ал 2016 жылы үнемделген қаржы көлемі 173 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 219 млрд теңге үнемделіпті.
Департамент директорының сөзінше, соңғы жылдары мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестік те артып келеді. Мәселен, бұрын бір конкурста бір-екі қатысушыға ғана бақ сынаса, қазір қатысушылар саны төрттен кем болмайды. Бұл мемлекеттік сатып алу саласына деген қатысушылардың сенімділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
"Мемлекеттік сатып алу – сыбайлас жемқорлыққа бейім сала. Сондықтан, аталған саланы цифрландыру маңызды болып табылады. Осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде еліміздегі мемлекеттік сатып алу жүйесі 100 пайыз электронды форматқа көшірілді. Бұл саладағы жоспарлаудан бастап төлем жүргізуге дейінгі жұмыстың бәрі электронды түрде жүзеге асырылады", – деді Сәбит Ахметов.
Спикердің айтуынша, 2016 жылдан бастап аталған сала толығымен электронды шарттарға көшкен. Мұндай шарттар конкурсты қазынашылық органдарына тіркеуді веб-портал арқылы жолдауға мүмкіндік береді.
"Сонымен қатар, электронды банк кепілдіктері енгізілді. Аталған шаралар тапсырыс берушілердің және конкурсқа қатысушылардың жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетті. Бұдан бөлек, 2016 жылы камералды бақылау енгізілді. Яғни, бақылау жұмыстары нысанға бармай веб-портал арқылы онлайн режимде жүргізіледі. Камералды бақылдаудың барлық рәсімі және аудиторлардың барлық қызметі портал арқылы жүзеге асырылады. 2017 жылдан бастап шартты орындау актілері, оның ішінде қабылдау, тапсыру актілері, шот-фактуралар веб-портал арқылы электронды түрде рәсімделеді", – деді департамент директоры.
Сондай-ақ, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап веб-порталда электронды шағым қызметі іске қосылды. Сондай-ақ, шағымдармен қатар, олардың нәтижелерін қамтитын шағымдар тізімі қалыптастырылған. Аталған тізім барлығы үшін ашық және қолжетімді. Бұл қоғамға шағымдар бойынша қабылданған шешімдердің негізділігін бағалауға мүмкіндік береді, дейді қаржы министрлігінің өкілі.
"Осылайша біз аталған рәсімдерді электронды форматқа көшіре отырып, мемлекеттік сатып алу жүйесін цифрландыруды толықтай аяқтадық деп айтуға болады", – деді Сәбит Ахметов.
Фархат Әміренов