"Сауда соғысында" алғашқы оқ атылды

4806

Вашингтон мен Бейжіңнің бір-біріне жариялаған жаңа тарифтері дүниежүзілік экономикалық өсімді тежеуі мүмкін.

"Сауда соғысында" алғашқы оқ атылды

Жұма күні АҚШ пен Қытайдың бір-біріне жариялаған жаңа импорттық тарифтері өз күшіне енді. Осылайша, әлемнің екі алпауыты арасындағы сауда майданында алғашқы оқ атылды. Ресми Бейжің мұны "экономика тарихындағы ең үлкен соғыс" деп атап үлгерді.

Трамп айтқанында тұрды: бейсенбіден жұмаға қараған түні, Вашингтон уақытымен сағаттың тілі 00:00-ді көрсеткенде, АҚШ-қа Қытайдан баратын машина жабдықтарына, электроникаға, автомобильдерге, сәуле шашатын диодтарға, компьютерлік қатты дискілердің жинақтаушыларына баж салығы 25 пайызға дейін өсті. Экономистердің ескертуінше, екі держава арасындағы тайталастың мұнша шиеленісуі ғалам экономикасының өсімін тежеп, халықаралық сауда жүйесінің "жүрегіне" пышақ сұғып, сол соққының толқыны бүкіл планетаны шарпуы мүмкін. 

Дегенмен, жұмадағы тарифтер – сауда соғысының басы ғана тәрізді. Өйткені, АҚШ президенті Қытай шығарған 450 миллиард доллардың тауарына салықты көтеруге уәде бергені белгілі. Солардың көбі – импорттық өнімдер.

Осылайша, екі экономикалық супердержава айлар бойы жүргізген диалогтар сәтсіздікке ұшырағандай. Жаңа тарифтер күшіне енуге бірнеше сағат қалғанда Трамп айтқандай, Америка  әлі қытайлық жүздеген миллиард доллардың тауарына салықты өсіруге әзір.

Трамптың ойынша, Қытай Құрама Штаттардың экономикалық іргетасын теңселтіп келеді. Ал, өткен жылы екі ел арасындағы сауда дефициті 375,2 миллиард долларға жеткен және де Ақ үй әкімшілігінің сөзіне сенсек, Бейжің Американың технологилық нау-хауын немесе "басты қазынасын" киберұрлық, интеллектуалдық мүлікті аудару, мемлекеттік-корпорациялық иелену тәсілдері арқылы меншіктеп, әлемде индустриалдық үстемдікке ұмтылып отыр.

Трампқа мұндай соғыстың АҚШ үшін де кері әсері болатыны талай рет ескертілді. Алайда, республикалық президент бұл шайқаста Құрама Штаттардың Қытайдан басым түсетіндігіне шәк келтіріп отырған жоқ.

Бірақ, Қытай өз экономикасының ішкі сұранысқа көбірек ден қойғанын және оның экспортқа тәуелділігі шамалы екенін алға тартып, бұл "дауылға" да төтеп беретініне сенімді. Қытай орталық банкінің монетарлық саясат комитетінің мүшесі Ма Юнь жұма күні мәлімдегендей, АҚШ-тың алғашқы соққысы ел экономикасына "шектеулі ғана әсер" етпек.

"50 миллиард долларлық сауда соғысы Қытайдың жалпы ішкі өнімінің өсімін 0,2 пайызға ғана төмендетеді", – дейді Ма мырза "Синьхуа" ақпарат агенттігіне берген сұқбатында.

Бейжіңнің мәлімдеуінше, Қытай Құрама Штаттардан келетін небары 130 миллиард доллардың тауарына қарсы шара қолдана отырып, АҚШ-қа "сапалық" және "сандық" соққы беріп, Қытайда жұмыс істеп жатқан америкалық трансұлттық корпорациялардың қызметіне орасан нұқсан келтіре алады.

"Сауда соғысында ешкім ұтпайды. Ол еркін сауда мен көпжақты процесстерге зиян тигізеді", – деді Қытай премьер-министрі Ли Кэцян Софияға барған сапарында.

Осы мәлімдемеден кейін Шанхай мен Шэнчжень биржаларында индекстер шамамен 1 пайызға өсті. Ал, Бейжіңнің кейбір тұрғындары бұл соғыстан елде қымбатшылық басталады деп қауіптенсе де, үкіметті қолдауға әзір.

"Отандық өнімдерді қолдауға барымды саламын. Меніңше, Қытайда жасалған тауарлар ешкімдікінен кем емес" – дейді Қытай астанасының тұрғыны Янь "Франс пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Бейжің қазір Құрама Штаттарды жаңа тарифтердің күшімен "бүкіл әлемге оқ атты" деп айыптап, шабуылға ұшыраған қытайлық экспорттық өнімдердің айтарлықтай бөлігі шетелдік компаниялардың, соның ішінде, америкалық инвесторлардың көмегімен шығарылғанын ескертті.

"Ең алдымен Америка" деген ұранды ту етіп, Трамп қазір АҚШ-тың дәстүрлі серіктестері – Еуропа одағын, Жапонияны, Мексиканы, тіпті Канаданы да тарифтік нысанаға алып отыр. Соның салдарынан ғаламдық сауда дауы өршіп, болат пен алюминийдің бағасы өсіп, одан дүниенің басты экономикасы да зардап шегеді деген болжам бар. Бұған қоса, Вашингтон импорттық автомашиналардан да салықты бұрынғыдан көбірек алмақ.

АҚШ орталық банкі ескерткендей, тарифтердің өсуі 10 жыл бойы оңалып келе жатқан Америка экономикасының "көк аспанын қара бұлтпен" торлай бастады.

Федералдық резерв жүйесі жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, Құрама Штаттардағы компаниялар орталық банкке шығындарды азайтқанын немесе оларды кейінге қалдырғанын және сауда жанжалдарының өздеріне болашақта жағымсыз әсер ететінін хабарлаған.

Сонымен қатар, сауда соғысының басталуы Трамп пен оның еркін сауда-саттық пен ірі бизнеске жақтас Республикалық партиясы арасындағы алшақтықты ұлғайта түсуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу