Сербияның менмендікке берген жауабы

4859

Белград Еуропа одағының ескертуіне қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда келісіміне қол қойды.  

Сербияның менмендікке берген жауабы

Өткен жұма күні Сербия Балқан түбегінде бірінші болып, Ресей бастаған Еуразиялық экономикалық одақпен (ЕАЭО) еркін сауда келісіміне қол қойды. Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл пәтуа Белградқа соншалықты экономикалық пайда бермейді, бірақ Еуропа одағының Сербияны өз құрамына алуға асықпауы, Ресей мен Қытайға осы аймақта ықпалын күшейтуге жол ашып отыр. "Блумберг" агенттігі тіпті Брюссельдегі шенеуніктердің  Сербияға қатысты сылбырлығын менмендік деп атады.

Серб үкіметінің Еуразиялық экономикалық одақпен жасаған келісімі Еуропа одағы басшыларын алаңдатпай қоймады. Интеграциялық блок "Қарт құрлықтың" ең тұрақсыз аймағын өз орбитасына шақырғанымен, Балқан елдерін одаққа әлі қабылдаған жоқ. Соған қарамастан, Сербия президенті Александр Вучич өзінің 7 млн тұрғыны бар елін қайтсе де, ЕО-ға кіргізуге уәде беріп отыр. Бір жағынан, ол 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақты  құруға көмектескен Кремль басшысы Владимир Путинмен де тығыз байланыс орнатып жатыр.

 "Еуропа одағы бұл аймаққа көмектескісі келеді. Алайда Балқан мемлекеттерін блокқа қабылдауға келгенде, жағдай өзгеше. Сонымен қатар одақта Балқанды тұрақтандыратын өміршең жоспар жоқ. Енді еуропалықтар толық шешпеген проблемаларды өзгелер қолға  алайын деп отыр", – дейді Ұлыбританиядағы Геосаясат және Үлкен стратегия орталығының зерттеушісі Тимоти Лесс "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында.

Премьер-министр Ана Брнабич қол қойған еркін сауда келісіміне сәйкес, Сербия Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанмен бұрын жасалған сауда пәтуаларын тіпті кеңейтіп, 180 млн тұрғыны бар Еуразиялық экономикалық одаққа ірімшік, жеміс-жидек, темекі тәрізді өнімдерді тарифсіз сата алады. 

Батыс Балқан саудасы

Еуропа одағына өтеміз бе, өтпейміз бе деп екіұдай күй кешкен батыс Балқан мемлекеттері қазір ортақ нарық құруға келісіп отыр. Мәселен, жақында Сербия, Албания және Солтүстік Македония өзара сауда-саттықты өркендетіп, инвестиция тарту тетіктерін үйлестіру жоспарын жариялады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ұлтаралық жанжалдардан қатты зардап шеккен аймақ үшін бұл бірліктің ерекше көрінісі. Сонымен қатар олар өз қатарларына Черногорияны, Косовоны, Босния-Герцеговинаны да шақырды.

"Біз өзіміз және өңіріміз үшін бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Шамамыз жететін шаруаларды басқаларға қалдырмауымыз керек",– деді Вучич өткен айда Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген сөзінде.

Еуропа одағы болса, Сербиядан үшінші жақпен жасалған кез-келген сауда келісімінен бас тартуды талап етіп отыр. Керісінше жағдайда, Сербияның одаққа кіру процесі қиындай түспек. Бұған қоса, бір мәлімдемесінде, Еуропа комиссиясы 2025 жылға дейін жаңа мемлекеттер үшін ЕО-ның есігін ашпайтынын ескертті.

Прагматикалық серіктестер

Бұл жағдай Вучичке өзге саяси күштермен байланысты тереңдетуге көбірек уақыт беріп отыр. Оның 2014 жылы билікке келгеннен бері көздегені де осы еді. Сонымен қатар, Вучич Брюссельдің Ресейге жариялаған санкцияларына қосылмай да, Сербияның одаққа кіру мүмкіндігін азайтып алды. Айта кетсек, Мәскеу халықаралық экономикалық шектеулерге осыдан бес жарым жылдан астам уақыт бұрын Украинадан Қырымды аннексиялағаны үшін алынғаны белгілі.

Сонымен қатар, Сербия басшысы Ресейден соғыс ұшақтары мен өзге де қару қабылдап, Мәскеуге сапар шегіп, Путинмен бірнеше рет кездесті. Қазір ол Ресеймен бірігіп әскери жаттығу өткізіп жатыр. Оған алыс қашықтыққа арналған С-400 зымыран кешені де тартылды. Кремль мұндай ракеталық жүйені НАТО-ның мүшесі Түркияға да сатты. 

Сербия сауда министрлігінің мәліметінше, елдің Еуразиялық экономикалық одақпен арадағы сауда-саттығының көлемі соңғы үш жылда 50 %-ға өсіп, 1,1 млрд долларға жеткен. Соның 90 %-ы Ресеймен жасалған сауданың үлесінде. Салыстырып көрсек, Сербия Еуропа одағына 13 миллиард доллардың тауарын сатыпты. Сондықтан, кейбір сарапшылар Белградтың Еуразиялық экономикалық одақпен келісімге қол қоюының астарында экономикалық емес, қандайда бір саяси мақсат жатқанын алға тартып отыр.

"Еркін сауда келісімі жаман нәрсе емес. Бірақ оның Еуропа одағы тарапынан ешқандай прогресс жоқ кезде жасалуын жақсылықтың нышаны деу қиын",– дейді бұрынғы Югославия және Сербия премьер-министрінің орынбасары Миролюб Лабус.

Айта кетсек, РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев Сербияға қазанның 19-да барып, Вучичпен кездесіп, Қызыл армияның Белградты азат етуінің 75 жылдығын рәсіміне қатысқаннан кейін, түрлі салаларда ынтымақтасу туралы бірталай құжатқа қол қойды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу