Шаршы алаңда – қазақтың жас таланттары

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3005

Бокстан Қазақстан жастар құрамасы тамыз айында өтетін әлем чемпионатына қатысатын құрамын жариялады.   

Шаршы алаңда – қазақтың жас таланттары Фото: kfb.kz

Биыл жастар арасындағы әлем чемпионаты Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өтеді. 20-31 тамыз аралығында бүкіл әлемнің талантты жас қырандары "Дунай-Арена" спорт кешенінде бақ сынайды. Қазақ елі құрамасы бұл чемпионатқа толық құрамда 20 боксшы (10 жігіт, 10 қыз) апарады. Бірінші кезекте ел намысын қорғайтын ұл-қыздарымыздың тізімімен таныс болайық:

Жігіттер

49 келі: Махмұд Сабырхан

52 келі: Кәрім Серкебаев

56 келі: Бейбарыс Жексен

60 келі: Рахат Сейітжан

64 келі: Талғат Шәйкен

69 келі: Ермахан Жақпеков

75 келі: Нұрбек Оралбай

81 келі: Сағындық Тоғамбай

91 келі: Айбек Оралбай

+91 келі: Дамир Тойбай

Қыздар

48 келі: Әнел Құдайберген

51 келі: Жансая Әбдірайымова

54 келі: Айзада Есләмғали

57 келі: Еркежан Дәулетжанқызы

60 келі: Мария Гладкова

64 келі: Жұлдыз Тойкова

69 келі: Мәрия Бейсебава

75 келі: Надежда Рябец

81 келі: Гузаль Садықова

+81 келі: Дина Исламбекова

Бірден айтайық, құрама сапы осал емес. Бәрі де – халықаралық додалардың дәмін татқан таланттар. Мәселен, биыл көктемде Бангкокта өткен құрлық чемпионатында бұлардың тең жартысы Азия чемпиондары атанған (Махмұд Сабырхан, Талғат Шәйкен, Ермахан Жақпеков, Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай, Дамир Тойбай және Жансая Әбдірайымова, Жансая Әбдірайымова, Гузаль Садықова, Дина Исламбекова). Төртеуі күміс жүлдеге қол жеткізген (Нұрбек Оралбай және Айзада Есләмғали, Еркежан Дәулетжанқызы, Мәрия Бейсебава). Тағы да төрт талантымыз қола медаль еншілеген болатын (Бейбарыс Жексен және Әнел Құдайберген, Мария Гладкова, Жұлдыз Тойкова).

Будапештегі әлем чемпионатына да жастарымыз жан-жақты дайындалып жатыр. Жігіттер маусымның 19-ынан бері жаттығу жұмыстарын бастап кеткен. Тіпті оқу-жаттығу жиынын өзге елдің (Иран, Үндістан, Таиланд) боксшыларымен өткізіп, тәжірибе алмасу да қарастырылған болатын. Сонымен қатар, әлем чемпионаты басталғанша екі халықаралық турнирге қатысып, дайындықтарын пысықтап алулары керек болатын. Бірақ бұл турнирлерге Венгрияға баратын жігіттердің бәрі қатыспайтын да шығар. Оны бапкерлер құрамы таразылап-саралап отыр деп ойлаймыз.

Жалпы, Ғалым Кенжебаев жаттықтыратын жастарымыздың мойындарына артылып отырған жүк – ауыр. Себебі, 2014 жылы Болгарияның бас қаласы Софияда өткен әлем чемпионатында Қазақ елі құрамасы екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 1-орынға ие болған. Абылайхан Жүсіпов пен Шалқар Айқынбай алтынмен апталып, Сұлтан Заурбек пен Вадим Казаков күміс жүлде олжалаған болатын. Ендігі меже сол биіктен түспеу екенін бәріміз де білеміз. Яғни жастар құрамасы жалпы командалық есепте тағы да бірінші орынды еншілеуге тырысады.

Бұйыртса, Будапешт төріне керілген шаршы алаңда тағы да чемпиондар шығып, қазақ боксының жаңа жұлдыздары жарқ етіп көзге түсер. Солай болғай деп тілейміз. Несін жасырайық, талай таланттың томағасын сыпырған Ғалым Кенжебаев "әлем боксына енді қандай жаңа есім сыйлайды екен" деп тағатсызданып та жүрміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу