Үкімет инвестиция тартуға ерекше назар аударуда. Сол үшін Kazakh Invest ұлттық компаниясын құрды. Оның әр өңірде филиалдары бар. Инвесторлармен жұмыс істеу үшін облыс әкімдеріне бір-бір орынбасардан бекітілді. Облыстарда инвесторларға қызмет көрсету орталықтары құрылды. Өңірлік инвестициялық штабтар да жұмыс істеп тұр. Алайда шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес.
Инвестициялар және даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2005-2017 жылдары Қазақстанға 264 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Алайда жеке инвестиция тарту көрсеткіштері төмен. Мәселен, Шымкент қаласында тікелей инвестициялар 275%-ға өскенімен, жеке инвестицияның үлесі тек 65% ғана. Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы, Астана қаласындағы жағдай да осыған ұқсас. Сондықтан үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдері жеке инвестициялар тарту көлемін арттыруы қажет деп есептейді. Ол үшін жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау қажет.
Сондай-ақ шет елдердегі Қазақстан елшіліктері де жеке инвестиция тарту жұмысын күшейтіп, нақты үйлестіруі керек.
"Елшіліктердің негізгі жұмысы – инвестиция тарту. Осы орайда қай елден, қандай елшіліктің көмегімен қанша инвестиция тартылғанын анықтау керек. Сондықтан елшіліктер жұмысының КРІ-ына (өзекті тиімділік көрсеткіштеріне – ред.) талдау жүргізуді тапсырамын", – деді Бақытжан Сағынтаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, үкімет басшысы әрбір өңірде жыл сайын ұйымдастырылатын инвестициялық форумдарға қатысты пікір білдірді. Премьер-министрдің айтуынша, форум қорытындысы бойынша бірқатар меморандумға қол қойылады. Бұдан былай осындай келісімдер бойынша қолға алынатын жобалардың сапасы жақсаруға тиіс. Бақытжан Сағынтаев форумдардың жұмысына, оның қорытындысы бойынша жүзеге асырылатын жобаларға талдау жүргізуді тапсырды.
"Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар көп жағдайда елімізге отбасы мүшелерімен бірге келеді. Өкінішке қарай, оларды тіркеу, балаларды мектепке дейінгі мекемемен, мектеппен қамту, медициналық көмек көрсету және тағы да басқа сервистік қызметтерге қатысты мәселе жиі туындайды. Сондықтан инвесторларға қызмет көрсетуді бір портал арқылы жүзеге асыру маңызды", – дейді Бақытжан Сағынтаев.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндауынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21,6%-ға өсіп, 7,5 трлн теңгені құраған. Жалпы, Қазақстан шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Өңірге бағытталған инвестициялардың шамамен 70%-ы біздің елге тиесілі.
"Тау-кен өнеркәсібінде (41,4%-ға өсті), құрылыста (37,1%-ға) және өңдеу өнеркәсібінде (26,4%) өсім байқалуда. Инвестициялардың басым бөлігі Атырау (35,8%), Астана (9,2%) және Алматы (6,5%) өңірлеріне тиесілі", – дейді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп, рұқсат беру, салық салу, кедендік бақылау жүйелері, сондай-ақ, көші-қон визалық режимі айтарлықтай жеңілдеді. Қазақстанға азаматтары визасыз режиммен келіп кететін елдердің тізімі кеңейтілді. Бүгінде олардың саны – 62.
"Қазір ірі инвесторлардың қатысуымен болатын инвестициялық даулар Жоғарғы сотта қаралады. Оларды қарау үшін Жоғарғы сотта Астана қаласының мамандандырылған сот алқасы құрылды. Проблемалық мәселелерді жедел шешу мақсатында инвесторлардың мүддесін қорғайтын инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді", – дейді министр.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, өңірлерде инвестициялық жобаларға жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, газбен жабдықтау, инвестициялық порталдардың жұмысын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажет.
Ал сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жыл басынан бері АҚШ-қа, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Қытайға, Түркия мен Финляндияға жоғары деңгейдегі сапарлар ұйымдастырылғанын еске салды. Наурыз айында Тәжікстан мен Өзбекстан президенттері Астанаға келді. Жақында Брюссельде еуропалық бизнес алыптарымен кездесу өтті. Осы келіссөздердің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 30,6 млрд доллар болатын 135-ке жуық құжатқа қол қойылған.
"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевтың мәліметінше, дәл қазіргі уақытта ел аумағында шетелдік инвестициялардың қатысуымен 188 жоба тіркелген. Оның 49-ы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 51 жобаның құжаттары әзірленуде. 74 жоба әлі пысықталып жатыр.
"32 жоба Алматы облысына тиесілі. Жобалардың саны бойынша алғашқы бестікке Алматы облысынан бөлек, Қарағанды, Ақтөбе облыстары және Астана мен Алматы қалалары еніп отыр. Ірі инвесторлардың қатарында голландиялық Farm Frites, арабтың Phoenix Global, австралиялық Cedar Meats, бельгиялық Carmeuse Group, түркиялық Yildirim Holding, француздың Total Eren компаниялары бар", – дейді Сапарбек Тұяқбаев.
Оның сөзінше, инвестиция тартуға арналған өңірлік сайттарды бір порталға біріктіру қажет. Осылайша, 17 сайттың орнына бір ғана бірыңғай портал құрылады.
Еске сала кетейік, 2018 жылы инвесторлар тарапынан түрлі мәселелер бойынша 40 өтініш келіп түскен. Оның 19-ы толығымен шешіліп, 21-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Фархат Әміренов