Шетелдік валютамен салынған депозит 0,5 пайызға өсті

3345

Ұлттық банк бұл шешімі арқылы ішкі нарықтың ойыншылары мен қатысушыларына жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және қажет болса шетел валютасымен сақталған активтердің де тартымдылығын көтеруге дайын екенін тағы бір рет дәлелдегісі келеді.

Шетелдік валютамен салынған депозит 0,5 пайызға өсті

Ұлттық банк 1 шілдеден бастап қаржылық институттар үшін шетел валютасымен сақталған депозиттердің жылдық пайызын 0,5 пайызға көтеруге шешім қабылдады.
Сарапшы Олжас Төлеуовтің пайымдауынша, Ұлттық банк бұл шешімі арқылы ішкі нарықтың ойыншылары мен қатысушыларына жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және қажет болса шетел валютасымен сақталған активтердің де тартымдылығын көтеруге дайын екенін тағы бір рет дәлелдегісі келеді.

2015 жылдардағы доллардың ықпалын әлсірету туралы мемлекеттік деңгейде сөз болған мәселе қазір өзектілігін жоғалтып барады.
"Шетел валютасы үшін 0,5 пайыздық сыйақы туралы ұсыныстан кейін коммерциялық банктер активтерін долларландыруға асығады. Бұл теңге бағамына, инфляциялық таргеттеу кезінде бас реттеушінің монетарлық саясатының тиімділігіне кері әсерін тигізеді", –дейді Олжас Төлеуов.
Сарапшылардың басым көпшілігі бұл шешім банк жүйесінің ішкі нарықтағы ұстанымын күшейтеді деп үміттеніп отыр.

2013-2015 жылдары Ұлттық банк Қазақстандық қаржы институттарына ішкі валюта міндеттемелерінің көлемін айтарлықтай арттырды. Кейіннен бірқатар нормативтік талаптарды орындау үшін банктер нөлдік ставка бойынша Ұлттық Банктегі шоттарға шетел валютасын орналастыруға мәжбүр болды. Сол себепті бас реттеуші банкте теңге мен шетел валютасымен салынған депозиттердің ара салмағын бақылап отыратын мүмкіндік береді. Ұлттық банк осы тетік арқылы алдағы бірер жылда теңгемен салынған депозит салымдарының күрт түсіп немесе теңгенің құнсызданып кетуіне жол бермейді.
Тәуелсіз сарапшы, экономист Александр Юриннің шетел валютасымен салынған депозиттегі нөлден жоғары пайыз (0,5) қаржы институттары үшін тартымды болғанмен, Ұлттық банк пен Үкіметке өзіне тиімсіз болатынын тілге тиек етіп өтті.
"Себебі екінші деңгейлі банктер мұндай жағдайда Ұлттық банктің есеп шотындағы шетелдік валютаны кері қайтарып алып, айналымға шығарады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің алтын –валюта қорының өсіміне кері әсерін тигізетін көрінеді", –дейді Александр Юрин.
Мұндай саясат, сарапшының пайымдауынша кез келген жағдайда қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін қауіп-қатерлерге ие.
Сарапшылар қаржы жүйесіндегі немесе жаһандық экономикадағы жағымсыз салдар орын алуы мүмкіндігіне қарамастан, монетарлық билік нарық алдында артқа шегінеді немесе беріктік танытатынын айтады. Басқа жол жоқ. Олар осы мәселеге ерекше назар аударып отыр. Егер реттеуші банк монетарлық реттеуді тікелей араласу арқылы одан ары күшейтетін болса, валюта мен қаржы нарығына, шаруашылық жүйесіне келер жыл оңайға соқпайды.
Олардың пайымдауынша, шетел валютасы мен ұлттық валюта салымшыларының ұстанымдары арасындағы айырмашылық жыл өткен сайын тереңдеп барады: Алғашқы топ үшін шетелдік валютамен сақталған депозиттегі көтерме пайыз маңызды емес, тек жиған –тергенін девальвациядан қорғауға ғана басымдық береді екен. Олар үшін депозиттен көретін табыс тек қосалқы рөл атқарады. Ал екінші топ теңге құнсызданса, арадағы айырмашылықтан пайда көреміз деп ойлайды. Ал ірі олигархтар қаржысын Қазақстанда сақтағысы келмейтіні және бар болса тек айналымда ғана жүретіні бұқараға белгілі.
Екінші деңгейлі банктердің бәрі бірдей Қазақстанның депозиттерге жиған кепілдік беру қорының бұл ұсынысын бірден құп көре қоймағаны байқалып қалды: "Екінші деңгейлі банктер арасында "Халық банк", "Банк ЦентрКредит", "Нұрбанк" және "AsiaCredit Bank" маусым айынан бастап шетел валютасындағы депозитті 2 пайызбен, "Bank RBK" 1,5 пайызбен қабылдай бастады", -дейді ҚДКҚ (Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры) баспасөз қызметі таратқан деректерде.
"EXANTE" инвестициялық компаниясының Қазақстандағы сарапшысы Валерий Давыдовтың пайымдауынша, "АТФБанк" банктің теңгемен салынған депозит салымдарында да айтарлықтай өзгеріс бар. Долларлық депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін біраз банктер маусым айының алғашқы онкүндігінде көтеріп тастады.
"Теңгедегі депозиттер бойынша мөлшерлемелер шілдеде төмендетіледі. Бұл параллельді процестер. Теңгедегі мөлшерлеме төмендейді, себебі маусым айының басында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына теңгелік салымдар бойынша шекті мөлшерлемелерді бекітті. Мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері 10,5 - 12,5 пайыз, жинақ салымдары бойынша-11,5-13,5 пайызға өзгермейді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының айтуынша, аталған шешім мерзімінен тыс салымдар бойынша "постфактум" қабылданған, нарықтық мөлшерлемелер әлдеқашан жылдық 9,4-9,8 пайыз дәлізінде болған", – дейді бізге берген сұқбатында Валерий Давыдов.
"EXANTE" сарапшысының пайымдауынша, қалған банктер бірқатар себептер бойынша долларлық депозиттердің ставкасын арттыруға асықпай, әліптің артын бағып отыр.
"Осы күнге дейін долларды қайда орналастыруға болатыны түсініксіз еді, өйткені доллармен несие берілмейді, своптарға орналастыруға болады, бірақ небәрі 4 пайыз және аса үлкен көлемде емес. Облигацияларды 2-2,5 пайызбен береді. Екінші деңгейлі банктер коэффициент талаптарына байланысты Ұлттық Банкте қаржыны шетел валютасымен ұстап отыр. Соңғы шешімге дейінгі мөлшерлеме 0 пайыз көлемінде болды. Тек жақында ғана реттеуші 1 шілдеден бастап 0,5 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады", –дейді Валерий Давыдов.
Жаз маусымында қазақ теңгесінің жағдайының күрт нашарлап кететіні қалыпты жағдайға айналып үлгеріпті. Сарапшылардың мұның маусымдық өзгерістермен байланыстыратын болжамы негізсіз. Себебі халықтың елде немесе шетелде демалуға мүмкіндігі бар 10 пайыз бөлігінің жолдамаларды сатып алуға жұмсаған қаржысы валюта бағамына ықпал ете алмайды. Бұл Ұлттық банктің экс-төрағасы Данияр Ақышевтың банк секторында консервативті саясатымен байланысты болып келді. Валюта трейдерлері осыны пайдаланып, шетелдік валютаны алып-сатудағы айырмашылықтан пайда болып келді. Тіпті 2018 жылы тамыз айының соңында теңге бағасын тербетіп жіберген бас банк бар болғаны 1 аптаның ішінде 500 млн АҚШ долларын айналымнан кері қайтарып алғанын ұмытқан жоқпыз.
Сарапшы Ерлан Ибрагим Ұлттық банктің соңғы шешіміне қатысты болжам әрі жүйеленбегенін айтады. Мұның соңы неге апарып соғарын бас банктің өзінің де білмеуі мүмкін. Күні ертең олар өздеріне қажет шетел валютасын айналымнан шығарып алған соң, бәрінің баяғы қалпына қайта түсуі де әбден мүмкін. Себебі банктер несиені тек ұлттық валютамен ғана береді. Ал шетел валютасы шетелдік несиелерді өтеу үшін ғана керек. Сол себепті шетел валютасына ішкі нарықта сұраныс жоғары емес. Сұраныстың жоғары болуына Ұлттық банк те мүдделі емес.
"Бұл ұсыныс үкімет тарапынан қолдауға ие болса, доллардың ықпалынан тазару үшін қабылданған шешімдер күшін жояды",–дейді Ерлан Ибрагим.
Сарапшылар салымшылар валюталық бағалауға басымдық беру арқылы табыс табудың жолын меңгеріп алғанын айтып жүр. Депозиттердегі шетел валютасы, соның ішінде USD –ның теңгемен есептегендегі табыстылығы 4 пайыз, теңгемен сақталған депозит табыстылығы 6,5 пайыздың дәлізінде болды.
"Мұндай жағдайда қазақ теңгесі девальвацияның ықпалында қалып қоюы мүмкін. Теңгенің әлсіреуі мен күшеюі шетел валютасымен конвертация кезіндегі курстың айырмашылығын жойып жіберу мүмкін", –дейді Ерлан Ибрагим .

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу