Шетелдің шекесін шылқытпаймыз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3350

Триллион тартып, миллиард айналдырып отырған БЖЗҚ басқарма төрағасы орынбасарының ойы осындай.

Шетелдің шекесін шылқытпаймыз

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың жалпы қоры 7,14 трлн теңгеге жетті. Көрсетілген қаржының 98%-ын міндетті зейнетақы жарнасы толтырды.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында жоғарыдағы санат бойынша қорға 364,9 млрд теңге түсті. Былтыр дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 221,8 млрд тенгені құраған болатын.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жарты жылда 201 мың жеке зейнетақы шоты ашылған. Бірінші шілдедегі мәліметке сәйкес, бүгінге дейін барлық келісімшарт бойынша 10,07 млн жеке зейнетақы шоты рәсімделген. Соңғы 6 айда БЖЗҚ-дан 121,25 млрд теңге зейнетақы төлемі төленген. Оның 86,6 млрд теңгесі зейнет жасына жеткен азаматтарға берілсе, 14,7 млрд теңгесі сақтандыру қорларына аударылған. Қазақстаннан көшіп, тұрақты мекенжайын ауыстырғандар 9,7 млрд теңге еншілеген, ал 10,3 млрд теңге бірреттік төлемақы ретінде мұрагерлерге берілген.

БЖЗҚ-ның жарты жылдағы инвестициялық табысы 205,69 млрд теңгені құраған. Ал зейнетақы активтерінің табыстылығы 4,3%-ға артқан.

Естеріңізде болса, былтыр БЖЗҚ Қазақстан қор биржасы арқылы 5 млрд теңгеге "Бузгул Аурум" ЖШС-ның облигацияларын сатып алып, басы дауға қалған. Биыл Әзірбайжанның халықаралық банкіне 71,3 млрд теңге құйғаны анықталып, тағы шатылды. Бұл ақшаның аталмыш қаржы құрылымынан Қазақстанға қайтпай қалу қаупі де туды. Абырой болғанда ресми Баку оң шешім қабылдады. Енді бізге сабыр сақтап, сарылып күту керек. Себебі бұл ақша БЖЗҚ-ға 2024 жылы ғана аударылады.

Осындай олқылық орын алып жатса да, БЖЗҚ бұқараның қамсыз қарттыққа жинап жүрген ақшасын өзге елге инвестиция ретінде жөнелтуін доғармай отыр. Мысалы осыдан 2 ай бұрын БЖЗҚ тағы да 83 млрд теңгені шетел асырды. Бүгінгі таңда БЖЗҚ-да сақталып тұрған қаражаттың 316 млрд теңгесі елімізден тыс жерде айналып жатыр.

БЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева бұл мәселеге алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, шетелге құйылған инвестиция елімізге еселеніп қайтады. Бұл қаржы шетелдің шекесін шылқытуды емес, қордың қаржысын көбейтуді көздейді.

"Қор несиелік рейтингі жоғары шетелдік банктермен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан оларға шүбәсіз сенуге болады", – деді басқарма төрайымының орынбасары. Ол БЖЗҚ-ның арқасына жүк болып тұрған 45 млрд проблемалық актив туралы да пікір білдірді.

"45 млрд проблемалық активтер жеке зейнетақы қорларынан мұра ретінде қалған. Біз қазір сол 21 эмитентпен жұмыс істеп жатырмыз. Олар қарыздарын уақытылы төлеп келеді. Жыл басынан бері 80 миллион теңге қайтарылды. Жоспар бойынша, 2021 жылға дейін қарыз толық өтеледі", – деді Сәуле Егеубаева.

БЖЗҚ-ның ілкімді ізденістері де баршылық. Қазір қор артық шығыннан арылуға күш жұмсап жатыр.  

Осыдан 3 ай бұрын қор 290 қызметкерін қысқартып, 2017-2021 жылдарға арналған даму жоспарына өзгеріс енгізді. Осылайша әкімшілік, операциялық шығындарын азайтты.

"Қордың жалпы шығыны 28,5%-ға немесе 12 млрд теңгеге азайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті бір жылда 30 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деді БЖЗҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева.

Айтпақшы, келесі жылдың 1-ші шілдесінен бастап, зейнетақы азаматтардың еңбек өтіліне қарай есептеліп, төленетін болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеме жасады.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1-ші шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір өңірлерді аралап, азаматтармен кездесу ұйымдастырудамыз. Айта кетерлігі, 1998 жылдың 1-ші қаңтарына дейін ынтымақты еңбек өтілі саналған, 1998 жылдан кейін зейнетақы жүйесіне қатысты болған жарналарды аударған жылдар есепке алынады", – деді ол.

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін азаматтардың еңбек өтілі ескерілмеуіне байланысты базалық зейнетақы баршаға бірдей төленді. Бұдан былай осы олқылықтың орны толады.

"Мысалы, адам 35 жыл еңбек етті делік. Оның зейнетақы жарналары бар. Соған байланысты азаматтың зейнетақысы бір реттік төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткішімен бірдей болады. Бұл көрсеткіш қазіргі таңда 14 мың 466 теңге десек, ендігі жылы бұл толық бір реттік төменгі күнкөріс деңгейімен бірдей, яғни 24 450 теңгені құрайды", – деді Светлана Жақыпова.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, зейнетақы мөлшері 2 рет өскен.

"Зейнетақы инфляцияға байланысты 9%-ға, ал 1-шілдеден бастап 11%-ға ұлғайды. Нәтижесінде базалық зейнетақы мөлшері 14466 теңгені, ең төменгі зейнетақы мөлшері 31 245 теңгені құрады. Биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, базалық зейнетақы алушылардың саны 2 млн 111 мың 609 адамды құрады. Ынтымақты зейнетақы алушылардың қатары 2 млн 99 мың 638 адамға жетіп қалды", – деді Светлана Жақыпова.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу