Шикізат емес тауарлар мен қызметтер экспорты 2 есеге артады

10881

Қазақстанның экспорттық стратегиясы өзгереді

Шикізат емес  тауарлар мен қызметтер экспорты 2 есеге артады

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында бюджетті жан-жақты үнемдеу мәселесіне кеңінен тоқталды.

"Тамызда жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізіледі. 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап корпоративтік табыс салығын шағын және орта бизнестен жергілікті бюджеттерге беруді ескере отырып, айқындалатын болады. Биылғы қазанда квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігіне талдау жүргізіледі. Салынған қаражаттан қайтарымды бақылау тәсілдері және квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігін бағалау үшін әдістеме жобасы әзірленеді", – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ысырап етуіне қандай тосқауыл қойылатынын айтты.

"Биыл желтоқсанда Ұлттық экономика министрлігі Есеп комитетімен бірлесіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны және жоспарлағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар, оның ішінде заңнамаға өзгерістер қабылданатын болады", – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Ә.Смайылов бюджет қаражатының тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде ең алдымен әлеуметтік-экономикалық әсері ескерілетінін айта келіп, көрмелер, конференциялар және дөңгелек үстелдер өткізуге арналған шығыстарға талдау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, имидждік іс-шараларға кететін шығын негізінен жергілікті бюджеттен жұмсалмақ.

Сонымен қатар Ә.Смайылов Президенттің экспортты дамыту туралы тапсырмасы аясында атқарылатын жұмыстар туралы да баяндады.

"Экспортты ұлғайту және қазақстандық тауарларға арналған нарықтарды кеңейту мақсатында жаңа Сауда және интеграция министрлігінің жұмысы шаралар кешенін әзірлеуге және оны іске асыруға бағытталатын болады. Экспортты дамыту саласындағы тұжырымдамалық тәсілді жаңғырту мақсатында әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайды ескере отырып, Ұлттық экспорттық стратегия қайта қаралатын болады. Осы жұмыстың аясында 2025 жылға қарай шикізат емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экспорттауды 2 есеге арттыру үшін тиімді шаралар кешенін жасау жоспарланып отыр. Шикізат емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экспорттауға ілгерілету жөніндегі Жол картасы жақын арада енгізіледі", – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, халықаралық нарықта Қазақстан тауарлары мен қызметтерін көбейту үшін дәстүрлі нарықтарда жаңа сауда байланыстарын қалыптастыруға баса назар аудару қажет. Ол үшін шетелде сауда өкілдіктері желісін кеңейту ұсынылады.

"Делдалдық байланыстарды қысқарту мақсатында көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған заманауи инфрақұрылым, азық-түлік өнімдеріне арналған тарату орталықтары құрылады. Көрші елдермен көліктік-логистикалық желі дамытылады. Қолма-қолсыз төлемдерді ынталандыру және электрондық коммерцияны дамыту арқылы шағын және микробизнесті көлеңкелі саудадан жаппай шығару жоспарлануда", – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу