ШОБ-қа KASE-ден орын берілді

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
1991

Қор биржасы орташа компанияларға өз алаңын ұсынды.

ШОБ-қа KASE-ден орын берілді Фото: forbes.kz

1 маусымнан бастап Қазақстан қор биржасы (KASE) ресми тізімнің жаңа құрылымын іске қосты, ол үш ірі блоктан құралған: негізгі, баламалы және аралас алаң. Мұндай бөлініс шағын және орта деңгейлі компанияларға KASE-ге жеңіл кіреуіне жол ашса, инвесторларға саудаланатын құралдардың өтімділігі мен тәуекелдерін бағалауды жеңілдетеді.

Жаңа биржалық тізімге сәйкес, негізгі алаңда ірі және аяғына тік тұрған компаниялардың акциялары мен облигациялары қамтылған, одан бөлек мұнда банктердің депозиттік сертификаттары да айналымда болады, оларды енгізу тәртібі әзірленіп жатыр. Баламалы алаңда нарық қаржысын тартуда алғашқы қадам жасап жүрген жас, дамушы компаниялар орналасады. Ал аралас алаң "үлгіге сәйкес келмейтін" биржалық құралдардың басын біріктіреді, олар: ислам бағалы қағаздары, инвестициялық қорлардың пайлары, туынды құралдар мен мемлекеттік бағалы қағаздар. KASE басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская  Алматыда ресми тізімнің жаңа нұсқасын таныстыра келе, бұл өзгерістер биржа нарығын дамытуға бағытталғанын айтты.

KASE өкілі қор биржаларының шапшаң екенін және үнемі эмитенттер мен инвесторлардың өзгеріп отыратын талаптарына қарай бейімделетінін баса айтты. 2015 жылы KASE эмитенттерді өтімділік деңгейі бойынша бөлу арқылы ресми тізімді қайта құрды, ол кезде барлық биржалар сөйткен еді. Бұл инвесторлар үшін тиімді болды, сондықтан өтімділік бойынша бөлу қазіргі тізімде де сақталды.

Бүгінде әлемді жаңа үрдіс жайлады. Соңғы жылдары таңғажайып өсім жылдамдығын көрсетіп отырған Шығыс Еуропаның жетекші биржалары, бірінші кезекте, Варшава мен Загребтің биржалары, сондай-ақ бірқатар азиялық алаң стартаптан бастап, аяғына тік тұрған  компаниялармен олардың кез келген даму кезеңінде жұмыс істегісі келеді. Наталья Хорошевскаяның сөзінше, қазір көптеген биржалар дәстүрлі клиенттермен ғана емес, әлі нарықта орнықпаған компаниялармен де жұмыс істеуге кет әрі емес. Әлемдік және жергілікті биржалар компаниялардың барлық спектрін тартып, ШОБ секторы үшін алаңды баяғыдан ашып қойған. Бәсекеге қабілетті болу үшін Қазақстан биржасы да осы әлемдік үрдіс ағымымен жүреді.

2016-2018 жылдарға арналған KASE-нің даму стратегиясында жаңа эмитенттерді көптеп тарту көзделген, дәлірек айтсақ, листингілік компаниялардың санын қазіргі 148-ден 172-ге жеткізу, акциялар нарығын капиталдандыруды 15,7 трлн теңгеге дейін өсіру немесе Қазақстан ЖІӨ-нің 33 %-на дейін жеткізу жоспарланған.

Бұл міндеттерді орындау үшін эмитенттермен жұмыс істеу үлгісін өзгерту талап етілді, яғни тарифтік саясатты ізгілендіру және инвесторларға түсінікті листинг құрылымын ұсыну қажет болды. Соның нәтижесінде екі жылдан соң листинг кезекті рет өзгертілді, яғни орташа капиталды компанияларға баламалы алаң ұйымдастырылды. Сондай-ақ KASE  стартаптарға арналған алаң құруды ойластырып жатыр.

Кедергілер азайды

1 маусымнан бастап биржаға кіру шарты барлық компаниялар үшін біріздендірілді, яғни беделді, инвесторлармен жұмыс тәжірибесі бар орныққан ірі эмитенттер мен жақында ғана акционерлік қоғамға біріккен немесе әлі ЖШС түрінде жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілеріне қойлатын талап бірдей болды.

Наталья Хорошевская атап өткендей, болашақ эмитенттермен  өткізілген кездесулер мен келіссөздер барысында компания иелері мен менеджмент арасында мүдделер қақтығысының бар екенін жиі байқалды. Яғни акционер жобаны іске асыру үшін биржалық қаржыландырудан бас тарпайды, компания листингілік болуы үшін күш салды, бірақ листингіге жұмсалатын шығын қаржылық есепке жағымсыз әсер ететініне қам жеген менеджменттің тарапынан түсінбестікке тап болады. Бұл компаниялардың белсенділігін бәсеңдетті.

1 маусымнан бастап биржа эмитенттері бизнестің көлеміне қарай бөлінді, шағын компанияларға нарыққа кіру талабы жеңілдетілді. Енді негізгі тізімге капиталы көп компаниялар ғана емес, тұрақты өтімділік ағымын беріп отырған компаниялар да кірді. Олардың негізгі қызметінен түсетін табысы соңғы үш жылдағы АЕК-нің 3000000- еселік мөлшерінен кем болмауға тиіс, баланс валютасы соңғы үш жылдағы АЕК-нің 2550000 - еселік мөлшерінен кем болмауға тиіс. Ал компаниялардың өзі үш жыл жұмыс істеп, қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарын қолдануы шарт, ал олардың аудиторы – бірінші деңгей бойынша биржа мойындаған аудиторлық ұйымдар тізімінде болғаны дұрыс.

Баламалы алаңда ақпарат беру көлемі қысқарады. Мысалға компаниялар жылдық есеп, жер қойнауын пайдаланушылардың есебін, корпоративті оқиғалар күнтізбесін, үлестес тұлғалар және инсайдерлер туралы мәлімет, корпоративті басқару кодексін және өзге корпоративті ақпаратты тапсырмайды. Листингілік алым мұнда екі есеге төмендеген, өтінімді қарау үшін – 100 АЕК-ден 500 АЕК-ге дейін және биржаға ену алымы – 100 АЕК-ден 1500АЕК-ге дейін. Салыстырмалы түрде айта кетсек, негізгі алаңдағы алымдар 100-1000 АЕК-ні және 100-3000 АЕК-ні құрайды.

KASE өкілінің ойынша, ресми тізімді бөлу және бағалы қағаздардың бір бөлігін баламалы алаңға ауыстыру өтімділік пен ағымдық құнға әсер етпейді, себебі құралдардың сапасы түбегейлі өзгермеді. Оның үстіне баламалы алаң – болашағы бар, күрделі жоба.

"Күрделі жобаның барлық атрибуттары баламалы алаңда да сақталады, яғни өз индексі, репо операциялар жасау үшін қағаздар пулы болады. Біз бұл мәселені ұзаққа созбаймыз", – деп сендірді Наталья Хорошевская.

Жаңа стандарттарға сәйкес, енді компанияларды бір тізімнен екіншісіне ауыстыру бұрынғыдай эмитенттің өтініші бойынша емес, биржаның шешімімен іске асырылады. Ол компанияның және оның бағалы қағаздарының ресми тізім талаптарына сәйкестігін қадағалап отырады.

Әйгерім Сүлейменова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу