Статистикалық сан һәм сауылмаған сиырдың сүті

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4536

Экономистер "өткен жылы 5 млн тонна сүт өндірілді" деген ресми статистикаға сенбейді.

Статистикалық сан һәм сауылмаған сиырдың сүті

Ел үкіметі 16 қазанда Қырғызстаннан келетін сүт импортына шектеу қойды. Арада бір ай өткенде ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов агроөндіріс кәсіпорындарын облыстық және аудандық деңгейде орналастырудың нақты картасы әзірленіп жатқанын жариялады. Оның сөзінше, картаға сәйкес, елімізде 79 жаңа зауыт салынады. Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бой көтеретін зауыттар тек сүт өнімдерін ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. 

Вице-министрдің пікірінше, жоғарыда көрсетілген өңірлердің шикізаттық әлеуеті өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері.

"Егер 2021 жылға дейін жоспарымызды жүзеге асырсақ, ірімшіктің импорттық үлесі 70%-дан 51%-ға дейін төмендейді, сондай-ақ сары май мен   сүзбеге қатысты импорттың да тасқыны азаяды", – деді Рүстем Құрманов.

Біздіңше, бұл осыдан 4 жыл бұрын берілген уәденің жалғасы. Естеріңізде болса, 2013 жылы парламентте өткен "Агробизнес-2020" мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымында сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстанда 2020 жылға дейін сүт өнімдерінің импорты 70%-дан 35%-ға дейін  қысқаратынын, 200-ден астам сүт өңдейтін кәсіпорын  ашылатынын, оған бюджеттен 44 млрд теңге бөлінетінін айтқан болатын. Арада 4 жыл өткенде үкімет бұл тақырыпқа басқа қырынан қайта оралып отыр.

Мамандар ауыл шаруашылығы саласы нақты нәтиже бермейтін бағдарламалардың сынақ алаңына айналғанын айтады. Олардың сөзінше, бір бағдарламамен екінші бағдарламаның арасында сабақтастық болмайды. Соның салдарынан басталған іс аяқсыз қалады.

"Үкімет парламентке қандай да бір бағдарламаның  жобасын алып келеді. Ол көп ұзамай қабылданады.  Мен соңғы жылдары  парламент депутаттарының осыған дейін қабылданған бағдарламалардың нәтижесін талап еткенін естіген жоқпын. Қазір олардың осылай жасайтынына күмән келтіретін болдым", –дейді экономист Сайлау Берімбетов.

"Агробизнес-2020" мемлекеттік бағдарламасы ауыл шаруашылығы, оның ішінде қайта өңдеу саласына қандай өзгеріс әкелді деген сауалға Сайлау Берімбетов: "Бағдарламада жергілікті атқарушы билік өкілдері шағын ферма мен сүт қабылдау пунктін ашуға ниеттенгендерге орын беруі және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі қажет екендігі айтылды. Бұған қоса кәсіпкерлер бизнес-жоспар бойынша жұмыс істеуге әзір болса, оларға үкіметтен субсидия беру мәселесі заңдастырылды. Алайда бұл тетіктер жұмыс істемеді. Сүтті қайта өңдейтін зауыттар үшін жайылымдық жер мәселесі де шешілген жоқ. Бұған кәсіпкерлердің құқықтық сауатсыздығы бірден бір себеп болды. Ең сорақысы, 2020 жылы сүт өнімдерінің 70%-ы өзімізде өндіріледі деген уәде межені маңайлай да алмады", – деді экономист.

Оның сөзінше, бағдарламада сырттан келетін өнімді тисті органдардың бақылап отыруы туралы мәселе қарастырылмаған.

Бұл туралы Сайлау Берімбетов: "Ресей  нарыққа өз өнімдерін қойып, өзгені ілестірмеуге тырысады. Оларда мұндай ұстанымды заңдастыратын құжаттар жетіп артылады. Ал Қазақстанның экспортқа шығаруға дайындаған өнімдері  ұзақ уақыт бойы вагондарда жатып, жарамсыз болып қалды. Бізге бұл мәселені Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде екі жаққа бірдей етіп заңдастыру қажет еді. Бізде қадағалау мәселесін қолға алып, май, ультрапастерленген сүт сияқты сырттан келетін тауарларға Ресей сияқты қатаң бақылау орнатсақ, ешкімге есе жібермеген болар едік. "Агробизнес-2020" бағдарламасы осындай мәселелерді айналып өтті. Басқаша айтқанда, ішкі нарыққа сыртқы рейтингтің ықпалын ескермеді", – деді.

Бағдарлама бойынша биыл біз кем дегенде 56-60%-дық межеге жетуге тиіс едік. Ал біз әлі күнге дейін 12-16%-аса алмай келеміз.

"Қағаз жүзінде 5 млн тонна сүт өндіріппіз. "Сүт өнімдері" ЖШС төрағасы  Александр Кузлякин қайта өңдеушілер 5 млн емес, 1,4 млн тонна сүт қабылдағанын айтады. Бұл 3,6 млн тонна сүт қағаз жүзінде өндірілген деген сөз. Заңсыз сатылған сүт өнімдері ресми статистикаға еніп кетпесе, біз 5 млн тонна сүт өндірген жоқпыз. Мұндай мәліметке экономистер күмәнмен қарайды, сенбейді", – деді Сайлау Берімбетов.

Ал академик Көпмағамбет Елемесов алдыңғы бағдарламадағы түйткіл қазіргі бағдарламада да шешімін таппағанын айтады. Мәселені делдалдар мен алыпсатарлар ушықтырып тұр.

"Астана маңындағы ауыл тұрғындары сүттің литрін 50-60 теңгеден сатады. Ол зауытқа келгенде  200-250  теңгеге айналып, тұтынушының қолына 300- 350 теңге болып тиеді. Ортадағы 250 теңге тұтынушыға да, сүт өңдейтін зауытқа да бұйырмай, делдалдардың қалтасында кетеді. Пайдадан қағылмау үшін сүт зауыттары сүт ұнтағын сатып алады, ал шаруа несібесінен қағылады", – деді академик.

Экономист Мырзакелді Кемел мұның бәрі  сауынды сиырлардың аздығынан, сүт сапасының төмендігінен және қайта өңдейтін технологияның жеткіліксіздігінен болып жатыр дегенді алға тартты.

"Сүт және сүт өндірісінің 95%-ы үй  шаруашылығында өндіріледі. Мұндай сүт сапа стандартына сай болмайды. Сауынды сиырлардың 90-95%-ы  жеке тұлғалардың қолында. Оларды бақылау өте қиын. Дүкен сөрелерінде кедендік одаққа мүше елдердің тауалары толып тұр.

Бұл Қыр­ғызстаннан келетін сүт өнімдері тоқтатылғаннан кейін болып жатқан жағдай. Мәселені ушықтырмас үшін ауыл шаруашылығы министрлігі жеке қосалқы шаруашылық пен өңдеуші сала кооперативін құру туралы ойлана жүргені дұрыс", – деп қорытты ойын Мырзакелді Кемел.
Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу