"Сыбаға" деп жүріп сыбайластарға ұрынды

3159

Қарағанды облысында алаяқтар шаруаның 23 млн теңгесін алдап әкеткен. 

"Сыбаға" деп жүріп сыбайластарға ұрынды

Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылында тұратын Дәуренбек Кәсіпханның сот пен әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүргеніне бір жыл болған. Ол 2018 жылы мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасымен "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан" 23 млн теңгені несиеге алған. Шаруасын дөңгелетуді мақсат тұтқан Дәуренбек Кәсіпхан ол ақшаға асыл тұқымды мал сатып алмақшы болады. Сол оймен Бұхар Жырау ауданындағы "СПК Ақсұңқар Ботақара" ЖШС-нен асыл тұқымды мал сатып алу үшін келісімшарт жасаған. Шарт бойынша екінші тарап 45 бас асыл тұқымды сиырды Ресейден жеткізуге тиіс болған. Кәсіпкер еш күдіктенбестен, 23 млн теңгені кәсіпорынға аударып жіберген. Ал мал 2018 жылдың желтоқсанында шаруа қожалыққа жетуі керек еді. Арада бір жыл уақыт өтті. Не ақша, не мал жоқ. Бұл  мәселе бойынша бірнеше рет сот процессі өткен. Облыстық соттың соңғы отырысы Дәуренбек Кәсіпханның пайдасына шешілген. Алайда фермер осы сот шешімінің орындалмай отырғанына қапаланады. 23 млн теңге несиені шаруа қожалық уақытында қайтармаса, кепілге қойылған жері мен ондағы үй-жайы тәркіленуі мүмкін.

"Қайда барып шағымданатымды білмей отырмын. Полицияға бірнеше рет жүгіндім. Істі жауып тастап отырды. Бір жыл бойы сотқа сабылдым. Біздің пайдамызға сот шешім шығарса, ақшаны алған тарап қайтадан аппеляцияға береді. Іс осылай созылып кетті. Енді қолымызға сот шешімі тиген күннің өзінде оны ешкім орындамай отыр. "СПК Ақсұңқар Ботақар" ЖШС-нен тәркілеп алатындай мүлік  те жоқ екен. Несие берген қормен бүгін уақытша келісімге келдік. Олар біраз күтетін болды. Сол кезде қайтармасаңыз, айыппұл салынады деп отыр", – дейді "Әсел" шаруа қожалығының басшысы Дәуренбек Кәсіпхан.

Ал "СПК Ақсұңқар Ботақара" ЖШС бастығы Жұмай Минап шаруа қожалыққа 3 млн 900 мың теңгені ғана қайтарғанын айтады.

"Өзім де біреулерге алданып қалып отырмын.18 млн теңгені Ресейден мал тасымалдап жүрген делдалдарға беріп қойғанмын. Қалған ақшаны солар бермей жүр. Мен енді әлгі делдалдармен соттасамын", – деді Жұмай Минап.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылық басқармасы қор арқылы қаражат алған шаруа қожалықтар малды қайдан сатып алатынын өздері шешетінін, оған араласа алмайтындарын айтып отыр. Сот шешімінің жуық арада орындалмайтынын түсінген Дәуренбек Кәсіпхан облыстық прокуратураға шағым түсірді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу