Сыртқы қарыз кешіктірілген мүшелік жарналармен де толығып отырады

5738

Қазақстан 73 халықаралық ұйымға 33 млн АҚШ долларынан артық жарна төлейді.

Сыртқы қарыз кешіктірілген мүшелік жарналармен де толығып отырады Фото: liter.kz

БҰҰ жыл басында 2019-2021 жылдар арасында мүше мемлекеттер төлеуге тиіс үш жылдық жарнаның жаңа межесін жариялады: Ұйымның үш жылдық бюджетінің 22 пайызы АҚШ-тың үлесінде. Одан кейінгі жарнаның қомақты бөлігі –12, 005 пайызын төлеуді Қытай Халық Республикасына міндеттепті. Жапония 8,564 пайыз болса, Германияның үлесі одан сәл аз – 7 пайыз екен.

ТМД елдерінде мүшелік жарнаны ең көп төлейтіні – Ресей – 2,405 пайыз. Одан кейін тұрған – 0,187 пайыздық міндеттеме Қазақстанға жүктеліпті.

БҰҰ сайтында жарияланған деректен мемлекеттердің міндеттемелері олардың төлем қабілетіне қарап айқындалатынын ұғындық. Егер жарна уақтылы төленбесе, БҰҰ Жарғысының 19 бабына сәйкес, мүше мемлекет Бас Ассамблеяда дауыс беру құқынан айырылады екен. Соңғы онжылдықта мүшелік жарнасын 12,005 пайызға көтерген Қытай Жапонияны (8,56) артқа тастап, БҰҰ-ның ең ірі салық төлеушісіне айналды. Қазақстан 2018 жылғы төлем қабілеті жағынан алғашқы ондықтың қатарынан орын алыпты.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, еліміз 73 халықаралық ұйымға жарна төлейміз. 2018 жылғы мәліметтер бойынша, оларға төлейтін мүшелік жарнамыз 33 млн АҚШ долларынан асады. Осыдан бірер жыл бұрын ҚР сыртқы істер министрлігі еліміздің халықаралық ұйымдардағы мәртебесінің өзгеруіне байланысты бұл соманы 55 млн АҚШ долларынан асыру қажеттігін айтқан. 

Жарнаның қомақтысын МАГАТЭ бюджетіне төлеп келеміз. Еліміз 1994 жылы 26 шілдеде Қазақстан Атом энергиясы туралы халықаралық агенттікпен Кепілдіктерді қолдану туралы келісім жасады. Келісім 1995 жылы 11 тамызында өз күшіне еніп, Қазақстанның ядролық қызметтері МАГАТЭ кепілдігіне алынды.

ҚР қаржы министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы еліміздің төрт ұйымға жарна есебіндегі берешегі – 12 миллиард теңгеге жеткен. Бұл бар болғаны Дүниежүзілік банк, Ислам даму банкі, Халықаралық даму қауымдастығы және Азиялық даму банкі секілді төрт ұйымға ғана берілуге тиіс жарнаның жалпы сомасы. 2018 жылдың қортындысы туралы мәліметтер әлі толық дайын болған жоқ. Қаржы министрлігі халықаралық қаржы институттарының жұмысына қатысу Қазақстанға тиімді инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін айтады.

"Жеке кәсіпкерлікті дамыту және инновация тәрізді пайдалары да бар. 2017 жылы республикалық бюджеттен Азиялық даму қорына 1 миллиард теңге жіберу қарастырылған", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

БҰҰ-ға мүшелік жарнасын үнемі кешіктіріп төлейтін мемлекеттердің қатарында АҚШ тұр. 2018 жылдағы кесте бойынша бұл мемлекет БҰҰ-ға өз міндеттемесін қазан айына дейін төлеп бітуге тиіс екен. Әлемдік ақпарат көздері АҚШ-тың қарызды кешіктіріп төлеуі 1984 жылдан, Рональд Рейганның президенттігі тұсында басталғанын айтады. Ал Билл Клинтон тақта отырған кезеңде АҚШ-тың аталмыш ұйымға қарызы 2 миллиард доллардан асып кеткен.

Сарапшылар Қазақстанның сыртқы қарыздарының көп бөлігі уақытында төленбеген мүшелік жарнамалармен де толығып отыратынын айтады. Олар ұйымдарға мүшелік жарнаны қысқарту немесе мүшеліктен шығу мәселелерін қарастыратын кез келді деген ойға басымдық беріп жүр.

Дағдарыс кейбір мемлекеттердің халықаралық ұйымдарға мүшелігіне қатысты саясатын қайта қарауға мәжбүрлеп жатыр. 2018 жылдың қазан айында АҚШ пен Израиль ЮНЕСКО-дан шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі хабарлады. АҚШ Рональд Рейганның тұсында 1984 жылы ұйымнан шығып кеткен болатын. Бұған қаржылық келіспеушіліктер мен Америка саясатына жиірек айтылып кеткен қарсы пікірлер себеп болыпты. Джордж Буштың кезінде 2002 жылы ЮНЕСКО-ға қайта оралған АҚШ, 2011 жылы Барак Обама басшылығы тұсында тағы да ұйымның көзқарасымен келісе алмайтынын білдірген. 2017 жылғы деректер бойынша АҚШ-тың ЮНЕСКО алдындағы қарызы 550 млн долларға жеткен.

Көптеген жылдар бойы СІМ жүйесінде қызметте болған Расул Жұмалы "осы ұйымдағы мүшелігіміз өзін-өзі ақтап жатыр ма" деген сұрақты жиі сараптап, қажет болса оңтайландырып, қысқартып отыру қажеттігін айтады.

"Сыртқы саясатта көп мәселе тек жарнаға ғана байланысты емес. Бізге пайдасыз немесе құр уәдемен шектеліп отырғандарынан бас тарту халықаралық заңдарға қайшы келмейді. БҰҰ, Ислам конференциясы сияқты маңызды ұйымдарға мүшелік жарнаны төлеп тұру бізге тиімді.  Еуразиялық экономикалық одақта сауда-саттық жағынан ұтылып отырғанымыз талай рет ресми айтылды. Осы мәселелерді мемлекеттік деңгейде ойластыратын кез келді. Мүшелік жарнаны түрлі ұйымдар алдында өз мүддемізді қорғау үшін төлейміз. Ол бізге мінбер үшін керек. Сыртқы саясатта халықаралық ұйымдардың мінбері арқылы жаһандық, ірі халықаралық мәселелерді шешуге басымдық беріп, аймақтық, ұлттық мәселелерді екінші ысырып қойып жүрміз", – дейді Расул Жұмалы.

Расул Жұмалының пайымдауынша, біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіміз бізге үлкен мүмкіндіктердің есігін ашқан еді. Аймақтық экологиялық түйткілдер жетерлік.

"Тұрақты емес мүшелер БҰҰ мінберінде өз аймағының, өз мемлекетінің мүддесін бірінші қорғайды. Заман өзгерген сайын сыртқы саяси басымдықтар да өзгеріп отырады. Бұрын қабылданған шешімдерді қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізіп отыру керек", – дейді ол.

Академик Асқар Жұмаділдаевтың да ЮНЕСКО-ға мүшелігіміз жайлы өз айтары бар екен. Себебі соңғы кезде жыл сайын ЮНЕСКО шеңберінде мерейтой өткізу біздің елде әдетке айналыпты. Ел ішінде "мерейтойлар мемлекетіміздің деңгейін көтерді, қазақтың атын әлемге танытты" деген пікірге шынымен сеніп қалатындар көп.

"ЮНЕСКО жарна төлеуші алпауыт мүшелерінің көңіл-күйіне тікелей тәуелді. Олар "Біздің есепшотқа ақша аударыңдаршы, содан кейін мерейтойларыңды жасай беріңдер" дейді. Оны ешкім мойындамаса, оның шығынға татырлық пайдаса болмаса, бар тапқанымыз – бір ақынның екі-үш өлеңді аударуы болса, оның бізге не қажеті бар?", – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Оның айтуынша, ЮНЕСКО-ға 190 ел мүше екенін, соның ішінде 40 ел ұйым бюджетінің 0,001 пайызын беретінін айтады.

"Мүшелік жарнаны көп ел тиісінше төлемейді. Қазір ЮНЕСКО-ның негізгі демеушісі – Жапония. Мүшелік жарна жинау – коммуналдық төлемақы жинауға ұқсайды. Мерейтой өткізу тек ақша жиып алу үшін керек. Атақ үшін қолдан қанат жасап, аспанға ұшып кетуге дайын тұратын кейбір қазақтар үшін бұл қажет", – дейді ол.

Асқар Жұмаділдаев ЮНЕСКО секілді дүниежүзілік ұйым мекемелерінде қазақтардың да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін айтады. Бірақ, бұл мүмкіндікті қазақтар дұрыс пайдаланып отыр ма? ЮНЕСКО-ның арнайы ғылыми мекемелерінде жұмыс істейтін қанша қазақ бар?

"Біздің естуімізше, бірде-бір қазақ жоқ. Кейбір қазақ зиялыларының нақты мәселелерден гөрі жалпы мәселелермен, не өткенді қазбалаумен айналысатыны мені таңқалдырады. Олардың пікірінше, басқа мәселе жоқ, жұрт бәрін тастап, тек солардың дүниелерін талқылауы керек. Жай талқылап қана қоймай, "бұл еңбек әлемдік деңгейде!" деп пікір айту керек. Бұл тек ЮНЕСКО-ға емес, Қазақстан мүшелік жарнасын төлеп, отырған барлық ұйымдарға қатысты. Қазақстанның азаматтары соның бәрінде жұмыс істеу керек. Сол кезде ғана Қазақстанның мүддесі терең сарапталып, қорғалады. Қазақстан өзін-өзі таныту үшін әрекеттенген кезеңнен өтті. Мұнайымыз бен алтынымыз бізді әлемге танытты. Ендігі мақсатты сол ұйымдардың бәрінде өз мамандарымызды отырғызуға бағыттау керек. Біз осы әдіспен ғана халықаралық ұйымдардың интелектуалын пайдалана аламыз. Сол кезде ғана халықаралық ұйымдарға мүшелігіміздің салмағы артып, қалтамыздан шығып отырған қаржымызды ақтайды", – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Баршын Айтжанбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу