Су тасқынының салдарынан мыңдаған адамның зардап шегуі, жүздеген үйлердің қирауы, мал-жанның өміріне қауіп төнуі және елді мекендердің мазасыз күй кешуі сынды келеңсіз құбылыс жыл сайын қайталанып жатыр.
Ал үкіметтің алдын ала берген тапсырмалары тиісінше орындалмай, жергілікті атқарушы органдар мен бейінді мекемелердің болжамы мен дайындығы бір бірімен қабыспай жүр. Жыл сайынғы су тасқыны сөзіміздің айқын айғағы.
Айта кетейік, төтенше жағдай су тіреуіш және су реттеуіш гидротехникалық құрылыстарының техникалық жай-күйінің нашарлауының салдарынан туындауы мүмкін. Бұған мысал 2010 жылғы Қызылағаш су қоймасындағы апат.
Елімізде 1665 гидротехникалық құрылыс бар, оның 464 - і республикалық, 929-ы коммуналдық, 212-сі жеке меншікте, 60-ы иесіз. Жалпы гидротехникалық құрылыстар сапасының сын беруі, ұзақ пайдаланылуы, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының аз жүргізілуі де құрылыстардың негізгі конструкциясы бұзылып, істен шығуына себеп болады.
Мысалы биыл 1 мамырда АШМ су ресурстары комитеті 2016-2017 жылдары тексерген 1212 гидротехникалық құрылыстың 324-і жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Су тасқыны кезінде Атбасар қаласындағы бөгет бұзылып, Ақмола облысы Бурабай ауданы Кенесары ауылындағы бөгет те быт-шыт болды.
Атбасарда былтыр салынған бөгет неге әлсіз болды? Бұл сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап берілген жоқ. Осыдан біраз бұрын құқық қорғау органдарының өкілдері осыған қатысты қылмыстық іс қозғалатынын айтқан болатын. Алайда мәселе жылы жабыла салды.
Ресми дерекке сүйенсек, 2016 жылы су басуға жол бермеу мақсатында 122 шақырым қорғаныш бөгеті тұрғызылған. Қолданыстағы 146 шақырым қорғаныш бөгетіне жөндеу жүргізіліп, 73 шақырым жағалауды бекіту, 37 шақырым өзен арнасының түбін тереңдету жұмысы жүргізілді. Бұған қоса көлік жолдары мен көпірлердің астындағы 13,2 мың, теміржолдардың астындағы 1,6 мың су өткізу құбыры мен 1789,5 шақырым канал тазартылды.
Ағымдағы жылы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша елді мекендерден 16,5 млн.м3 қар шығарылды. 8 мың тоннадан астам жанар-жағармай, 228 мың тонна инертті материал, 1 млн-нан астам құм салынған қап пен 20 тонна жарылғыш зат дайындалды. Алдын алу шараларына қарамастан тасқын су 1504 тұрғын үйді, 862 саяжайды шайып кетті.
Табиғи апат кезінде 10 мыңнан астам (Ақмола-2995, Ақтөбе-1907, ШҚО-91, Жамбыл-81, Қарағанды-2079, Қостанай-365, СҚО-2991) адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 90 (Ақмола -15, Ақтөбе -71, СҚО-2, Алматы-2) адам құтқарылды.
Су тасқыны кезінде төрт түліктің де жағдайы мәз болған жоқ. 21 мыңнан астам мал қауіпсіз аймаққа айдалды. Суға ағып кеткен, қатып өлген мал да аз болған жоқ.
Жыл сайын қайталана беретін табиғи құбылыстың басты себебі не? Алдын алу шаралары неге нақты нәтиже бермейді? Бұл сұраққа ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитеті, ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті және Казгидромет бірлесіп жауап беру керек сияқты.
Көркем Мәулен