Тасымал тарифі қымбаттады

3122

Баға саясаты тасымалдаушылардың көңілін көншітпей отыр.

Тасымал тарифі қымбаттады

Екібастұзда қоғамдық көліктің тарифі өсті. Жол жүру ақысы 55 теңгеден 65 теңгеге көтерілді. Бұған тасымалдаушылар қатты қуанған жоқ. Олар 65 теңге жыртыққа жамау болмайтынын айтып, жол жүру ақысын 90 теңге деп бекітуді сұрады. Бірақ жергілікті депутаттар Екібастұзда 29 мың теңге жалақыға өмір сүріп отырған отбасылар бар екенін назарға алып, тасымалдаушылардың  талабын негізсіз деп тапты.  

Айта кетейік, жол жүру ақысы өскенмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар мен студенттердің 50%-дық жеңілдігі сақталады. Ал тасымалдаушылардың шығынын жабу үшін қазынадан 98 млн теңге бөлінеді.

Қазір қала бойынша жолаушыларға "Тұлпар ЕК", "Жоламан ЭК", "МАИС" және "Қайрат ЭК" ЖШС-ның 54 автобусы қызмет көрсетеді.  Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоқсан сайын автобустар техникалық тексеруден өткізіледі. Ал қозғалыс жиілігі диспетчерлік қызмет арқылы реттеліп отырады. Тасымалдаушылар жолаушыларға қызмет көрсетуде тапсырыс беруші, яғни тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімімен жасалған келісімшарт талабын орындайды. Десек те аракідік түсініспеушілік туып жатады. Мәселен "МАИС" ЖШС наурыз айында өз бетінше №6 және №66 автобустардың қозғалыс кестесін өзгерткен. Сонымен қатар 4 автобустың орнына 3 автобус шығарған. Салдарынан жолаушылар қолайсыздыққа тап болған. Айтпақшы қыс мезгілінде аталмыш бағыттағы автобустардың  қатынасына тұрғындар тарапынан көп шағым түскен. Өкініштісі тапсырыс берушінің ескертулеріне "МАИС" ЖШС  құлақ аспайтын көрінеді.

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында осы мәселе көтерілгенде "МАИС" ЖШС  басшысы Сергей Войцицкий былай деді: "Біз шығынға батып жатырмыз. Үлкен автобустарды жиі жүргізу мүлде тиімсіз. Қозғалыс кестесін, жиілігін өзгерту қажет. Бұл туралы тапсырыс берушіге айттық, жаздық, бірақ нақты жауап алған жоқпыз".

ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің  басшысы Марат Закарьяновтың: "Жолақы құны 65 теңгеге көтерілді емес пе?"  деуі мұң екен тасымалдаушы: "Баға кеш көтерілді. Бағаны инфляция жеп қойды. Қала әкімі бағаны тұрақтандыру саясатын ғана жүргізеді. Қала әкімдігімен жасасқан келісімшартта автобустарды жаңартуға қатысты тармақ бар. Жол жүру ақысы 65 теңге болса біз автобустарды қалай жаңартамыз. Тасымалдаушылардың шығынын жабу үшін қазынадан 98 млн теңге бөлінгенін қайта-қайта айтасыздар. Осы ақшаның 26 млн теңгесі саяжайшыларға жұмсалатынын барлығыңыз білесіздер. Саяжайшылардың басым бөлігі жеңілдікпен жүретін зейнеткерлер. Ал жанар-жағармайдың бағасы уақыт өткен сайын өсіп жатыр", – деп ашынды.

"Жоламан" ЖШС  директорының орынбасары Иван Марышев Қытайда құрастырылатын автобустардың сапасы нашар екеніне тоқталды.

"Біз былтыр Қытайда жасалған 5 шағын автобус сатып алдық. Бұл автобустар суыққа төзімсіз болып шықты. Алдымен есігі сынды, одан кейін дизелі қатып қалатын болды. Алдағы жылдары сенімді ақтамаған қытайлық автобустарды рейстен аламыз", – деді ол.

Иван Марышев  тарифтің төмендігінен жүргізушілердің жалақысын көтере алмай отырғандарын да айтты.

"Орташа жалақы көлемі 130-140 мың теңге. Бұл отбасын асырап отырған азаматтар үшін аз ақша", – деді ол.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу