Жылыту маусымы басталғаннан бері Теміртау қаласының жылу қазандығы 18 рет жарылды. Қала тұрғындары көрместі көріп, көнбеске көніп жүре берді.
"Басқа түссе баспақшыл" деген бар емес пе, әйтеуір ешкім сарыуайымға салынған жоқ. Керісінше теміртаулықтар темір төзім танытып: "Біз қыста далада да, үйде де бір киіммен жүреміз" деп таныс-тамырларын қалжыңмен қағытты. Осылайша олар бір-бірінің жанын жылытуға тырысты. Әйтпесе өкпек жел мен сары аяз әлдеқашан өңмендері мен сүйектерінен өтіп болған еді.
20 ақпанда теміртаулықтар 19-шы рет жылусыз қалды. Дәл осы күні сағат 13.10-де ЖЭО-2-ның төртінші турбогенераторынан өрт шықты. Біз мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында қалалық қазандыққа жауапты "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына хабарластық. Олар баспасөз қызметі арқылы жазбаша жауап беріп, қызметкерлер өртті өз күшімен дер кезінде сөндіргенін, адам шығыны болмағанын және сол күні турбогенератор қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Алайда Теміртау қаласының төртінші ықшам ауданына екі күннен бері жылу берілген жоқ. Осы ауданды мекен ететін тұрғындар екі күннен бері қатқан күйі "қатып" отыр. Ал біз қалпына келтірілген генератор қайтадан істен шықты ма, әлде ол жөнделмей жатып "жөнделді" деген ақпарат таратылды ма? деген сұраққа жауап таба алмай, дал болудамыз.
Шыдамның да шегі бар
Теміртаудағы жылудың жыры жылыту маусымының басынан басталды. Қаңтар айында №2 жылу орталығында 3 бірдей қазандық істен шықты. Бастапқыда халық мұны жылда болатын апаттың біріне балап, сабыр сақтады. Уақыт өте келе "сақтағандары" сарғайып, бұқараның ашу-ызасын туғызды. Әкімдік бүрсеңдегендерге басу айтып, жарылған қазандықтарды қалпына келтіргенше бүтін қазандықтар қақ айырыла берді.
Сөзіміз дәйекті болу үшін біз Қарағанды облыстық ТЖД хабарластық. Мұндағылар осыған дейін болған барлық апатты растады.
"Теміртау қаласында жылу маусымы 16-18 қазан аралығында басталды. Күні бүгінге дейін жылу қазандығының бірі істесе, бірі істемей қалып жатыр. Күзден бері төтенше жағдайлар департаментіне №2 жылу электр орталығынан 12 апатты хабарлама түсті", – деді облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев.
Үкімет басшысының "бас ауруына" айналды
Естеріңізге сала кетейік, Теміртаудағы жылудың жыры Астанаға дейін жетті. Жеткені былай тұрсын, үкімет басшысының "бас ауруына" айналды.
Өткен жылдың 27 желтоқсанындағы Үкімет отырысында премьер-министрге жылыту маусымының жай-жапсарын баяндаған энергетика министрі Қанат Бозымбаев: "Жылыту маусымы басталғалы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының 2-жылу-электр орталығының (ЖЭО) жағдайы қауіпті болып отыр. Онда биылғы қазан айынан бері №1 қазандықтағы күрделі жөндеу жұмысы аяқталмаған. Қысқы кезеңнің басынан қазандықтарда апат тіркеліп, жұмысы 16 рет тоқтатылған. Жекелеген күндері қолданыстағы 6 жылу қазандығының үшеуі ғана жұмыс істейді. Соның салдарынан жылу желілерінің температура кестесі желтоқсан айында 9 рет сақталмаған!", – дегенді айтты. Бұған ашуланған Бақытжан Сағынтаев сол кезде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке дүрсе қоя берді.
"Жылыту маусымы басталғалы "Арселор Миттал Теміртаудың" ЖЭО-2 орталығының жұмысы 17 рет апатты жағдайда тоқтатылған. Бүгін 6.20-да Теміртау ЖЭО-2-де 2-қазандық істен шықты. Мұның сыртында тағы екі қазандық әлі жөнделіп жатыр. Жекелеген күндері жылу жүйесіндегі су 15 градусқа дейін жылытылмайды. Теміртаудың тұрғын үйлеріндегі температура 16 градусқа әрең жетеді. Ал сыртта күрт аяз қысқанда, бұл көрсеткіш 12 градусқа дейін төмендейді. Нұрмұхамбет Қанапияұлы, бұл не масқара?", – деді Бақытжан Сағынтаев. Облыс әкімі Теміртау ЖЭО-2-де 3 күн апатты жағдай болғанын жоққа шығарған жоқ.
"Онда 5 және 2-қазандықтардың істен шығуы ахуалды күрделендірді. Бірақ үш қазандық жұмыс істеп тұр. Жылу төмен көрсеткіштермен беріледі, ол рас. Апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Түстен кейін 2-қазандықты іске қосамыз. Бесіншісі ертең жұмыс істей бастайды. Жылыту температурасы азайған шығар, бірақ Теміртауда маусым басталғалы бірде-бір рет жылу беру тоқтатылған жоқ", – деп жауап берді облыс әкімі.
Бұл жауап үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевты қанағаттандырған жоқ. Ол облыс әкіміне үйді жылытпайтын қызу жайлы сөз көңіл көншітпейтінін ескертіп: "Нұрмұхамбет Қанапияұлы, 12 градустық жылу беріп жатқандарыңызды мақтан тұтудың қажеті жоқ! Қазір мұныңызды бүкіл Қазақстан тыңдап отыр. Бұл дұрыс емес. Бірінші қазандық тек қазір ғана күрделі жөнделіп жатқаны түсініксіз. Біздің министрліктер мониторингті дұрыс жүргізбей жатқанға ұқсайды. Олар өз жұмысына үстірт қараған. Тек апат болғанда ғана қимылдай бастайсыңдар! Сосын оның зардабын қарапайым халық тартады", – деді. Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі теміртаулықтардың үйінде қалыпты жылу 30 желтоқсанда болатынына уәде берді.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қазандықтарды қалпына келтіру туралы тапсырмасына теміртаулықтар дән риза болды. Алайда "баяғы жартас сол жартас" қалпында қалды. Жергілікті жерде "тау қопарып, тас бұзып" нақты іс атқарған, мәселе шешкен адам болған жоқ.
Күні бүгінге дейін кез келген теміртаулықтың пәтеріндегі ауа температурасы 15 градустан жоғарыламайды, ал жылы су келетін құбырдан тек қоңыр салқын су ағады. Бұл аз десеңіз, Теміртаудағы әр отбасы әр бөлмесіне қытайдың жылытқыш құралдарын қаптатып қойған. Бұл құрал үйді жылытқанмен, элэктр қуатын жұтады. Яғни қарапайым адамдарға қосымша қаржылық шығын келтіреді.
"Арселор Миттал Теміртау" – айналасында тағы дау
Қарағанды облысы бойынша 9 ЖЭС бар. Олардың барлығы өздеріне жүктелген инвестициялық міндетті 2015 жылға дейін орындауы керек еді. Қазір 2017 жыл. Демек қазандықтар осыдан 2 жыл бұрын жаңартылу тиіс болатын. Осыған қатысты жергілікті әкімшілік пен "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы арасында түсініспеушілік бар. Әкімдіктегілер аталған компания өз міндетін толық орындамай отыр деп дабыл қағуда.
Теміртаулықтар тағы бір мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Жөні түзу жылусыз отырған үйлердің тұрғындары қызмет сапасы төмендеген сайын ақысы өсіп бара жатқанына наразы.
"Жығылғанға жұдырық" дегендей, "Оқжетпес -Т" коммуналдық мекемесі жылу тарифін бірден 200, суық су мен кәріз қызметінің құнын 300 теңгеге өсіріпті.
Теміртау қаласының тұрғыны Валентина Ушакова бұрын сонды мұндай қиындық көрмегенін, тіпті 90 жылдарда халық комуналдық қызмет көрсету саласынан қыспаққа алынбағанын айтады.
"Мен зейнеткермін. Жұрт сияқты үйімді қытайдың жылытқышымен жылытуға ақшам жетпейді. Сондықтан пәтерімде тоңып-жаурап өмір сүремін. Қартайған шағымда осындай қорлық көремін деп ойлаған жоқ едім. Қайтейін, мұндайды ешкімнің басына бермесін", – деді Теміртау қаласының тұрғыны.
Аяжан Ералықызы