Теңге тербелмейтін сомның алдында төмен қарады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
24684

 Қырғыз экономистері валютаға қатысты Астана сценарийі Бішкекте қайталанбайтынын айтады.

Теңге тербелмейтін сомның алдында төмен қарады

Сарапшылар енді теңгенің емес, қырғыз сомының тұрақтылығына назар аудара бастады. Пікір әртүрлі: экономист Алмас Чукин журналистермен кездескен кезде мұның бірнеше себебі барын айтты. Бастысы – қырғыз экономикасының әртараптандырылуында. Бірақ, бұл жолы қырғыз сомы бағамының тұрақтылығына бірнеше фактор жанама болса да әсер етіп отырған көрінеді.

"Қырғызстанның экономикасында шетелдік акционерлер жоқ. Бұл қырғыз сомының тұрақтылығына әсер етіп отырған фактор. Себебі шетелдік акционерлер баға құбылмалы болып тұрған кезде акцияны сатып алады немесе сатады. Қырғыз акциясында немесе қор биржасында сырттан әсер етуші факторлар болған жоқ", – дейді Алмас Чукин.

Сондай-ақ, сарапшы шетелдегі қырғыз мигранттарының жыл сайын шетелден 2 млрд АҚШ долларын Қырғызстанға аударып отыратындығын тілге тиек етті. Көрші елдің ішкі жалпы өнімі 6-7млрд АҚШ доллары екенін ескерсек, бұл сома осының үштен бір бөлігін құрайды екен.

"Қырғыз ағайындар қай жерде жұмыс істесе де, табысын елге жіберіп отырады. Бұл ІЖӨ-ге мультипликативті тұрғыда әсер етіп тұратын фактор", – дейді Алмас Чукин.

Қазақ валютасының жиі-жиі тербеле беруі іргедегі қырғыз валютасына соншалықты әсер ете қоймайтыны осыған дейін де байқалған еді. 2015 жылдан бері қазақ теңгесі 30 пайыз құнсызданған кезде қырғыз сомы құнын тек 5 пайызға ғана жоғалтқан. Қырғыз Ұлттық банкі осыған дейін валюталық тербелістерге кенеттен жол бермеуге уәде беріп келген еді. Олар сөздерінде тұрды. Біз соңғы 10 жылда қырғыз сомының кенеттен құнсызданғанын көрген жоқпыз. Бұл процесс біздің елдегідей кенеттен емес, халықтың тұрмысына немесе базардағы бағаға бірден әсерін тигізбейтіндей эволюциялық жолмен жүргізіліп келді.

Қазақ теңгесінің жиі құбылуы қырғыз ағайындарға да әсер етіп жатқанын әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы хабардармыз. Теңге девальвациясы Қырғызстанның медиакеңістігінде қаны тамбай тұрған тақырыпқа айналып үлгірді. Ал қырғыз экономистері болса, валютаға қатысты Астана сценарийі Бішкекте қайталанбайтынын айтып жатыр. Себебі, Қазақстан валюта бағамын қолдан ырықтандырып отырса, қырғыздар оны әлдеқашан еркін айналымға жіберген. Қазақстандық қаржыгер Бейсенбек Зиябеков екі елде қаржы саласына қатысты міндетті түрде қайталанып отыратын дәстүрлі құбылыстың қалыптасып қалғанын айтады. Қазақ жағы валюта бағамын кенеттен теңестіріп жіберсе, қырғыздар сомын тағы да еркіндікке сілкініссіз жібереді екен.

Осыған байланысты экономистер қырғыз сомына байланысты қандай уәж айтарын білмей, дал болып отыр. Бірі бұл қырғыз экономикасына кері әсер етіп отырған қолайсыз коньюнктура деп жатыр. Олардың пайымдауынша, мұндай тренд ішкі және сыртқы сауда айналымына теріс сальдо қалыптастырып отыр екен. Мұндай бағыт жылжымайтын мүлік нарығының тоқтап қалуына да ықпал ететін көрінеді.

Десе де, сарапшылар қырғыз сомын тұрақтандырушы фактор – қырғыз мигранттарының елге жіберіп отырған ақшалары деген пікірге басымдық береді. 2017 жылы олар елге 2,2 млрд АҚШ долларын жіберген. 

Бейсенбек Зиябеков Қырғызстанға кетіп жатқан валюта аударымының 97 пайызы – Ресейден, 0,09 пайызы – Қазақстаннан, қалғаны алыс-жақын шетелдерден екенін айтады.

"Дәл қазір Қазақстанның да, Ресейдің де ұлттық валюталарының тұрақталығына қырғыздар мүдделі", – дейді Бейсебек Зиябеков.

Қырғыз сомының құтқарушы қалқаны міндетін атқарып тұрған келесі фактор – алтын өндірісі екен. Көрші елдің Ұлттық статистикасы мен Ұлттық банкінің сайтында жарияланған деректер биылғы жылдың алты айында алтын экспорты 57 пайызға дейін төмендеп, 301,1 млн АҚШ доллары болыпты. Қырғыз жеріндегі "Кумтор" алтын кенішінің айналысындағы мәселелердің шешімін таппауы оның толық қуатымен жұмыс істеуіне кедергісін тигізіп жатқан көрінеді.

"Қырғыз парламенті оны жекеменшікке өткізіп, соның базасында біріккен кәсіпорындар ашқысы келеді. Бірақ әлі түбегейлі шешім қабылдаған жоқ", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Жаз маусымында қырғыз сомының "шырайы" кіріп қалатыны белгілі. Туристік маусым кезінде қырғыз сомы теңге ғана емес, рубль мен долларға да дес бермей кететін көрінеді. Ал қыркүйек-қазан айларында 5-10 пайызға дейін "шаршап қалады" екен.

"Бұл жолы қырғыз сомының қаншалықты деңгейде "шаршайтынын" білмейміз. Себебі оның бағамына әсер ететін факторлар көбейіп кетті", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Ал шетелдік сарапшылар болса, қырғыз сомының девальвациялануына мүдделі тараптар бар екенін жасырмайды. Олардың пайымдауынша, қырғыз билігі ішкі жағдайдың көңіл-күйін бұзбау үшін доллар бағамын 70 сом дәлізінен әрі асырмай отыр екен.

Ал қырғыз сарапшылары болса "шетелдіктердің күткен девальвациясы, Қырғызстан 2015 жылы ЕАЭО-ға мүше болып қабылданған кезде болуы мүмкін еді. Бірақ ресми Бішкек еуразиялық инетеграцияның идеясын емес, Қырғызстанның мүддесін жоғары қойыпты. 2015 жылы қырғыз сомы девальвацияның біздегідей кенеттен сілкісініссіз емес, жанға жайлы түрін таңдап алған.

"2016 жылы қырғыздың Ұлттық банкі қырғыз сомына интервенция жасап, 175 млн АҚШ долларын айналымға жіберді. Тек қыркүйек айында 6,8 млн АҚШ доллары арқылы қосымша қоректендірді. 2015 жылдан бері қырғыз сомына деген сенімділіктің азайып келе жатқаны байқалады. 2015 жылға дейін қырғыз банктеріндегі шетелдік валюта түріндегі депозит 16 пайызға артып, 56 пайыз болса, қазір 72 пайызға жетті", – дейді қаржыгер Светлана Аюпова.

Бұл фактор қырғыз экономикасына кері әсерін тигізіпті. Себебі ЕАЭО нарығына тауар шығарып отырған қырғыз экспорттаушылары бәсекеге төтеп бере алмай қалған. "Бұл фактор қырғыз нарығына кері әсер етіп жатыр" деген пікірді енді қырғыз сарапшылары айтып жатыр. Осыған байланысты қырғыздың ұлттық валютасы 2018 жылдың аяғында өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Қырғыз сомының долларға қатысты шекті бағасының қандай болатынын тек ресми Бішкек қана айта алады. Себебі 1993 жылдан бері ТМД елдерінің ұлттық валютасы бағамы өзгеріске ұшырап жатқанда қырғыз сомының сыр білдірмеуі тек соларға ғана аян. Қазіргі таңда Өзбекстан және Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының жағдайы мәз емес екенін басылымдардың бәрі жазуда. Былтыр өзбек мигранттары отанына 2,4 млрд доллар аударған. 2016 жылы Ресейден Өзбекстанға ақша аударымдарының жалпы сомасы 5 миллиард 581 миллион долларға жеткен екен.

Мамандар бұл жағдай алдымен ресей рублінің шетелдік валюталарға қатысты бағамының төмендеуіне байланысты екенін айтады. Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларының әсерінен ел экономикасының дағдарысқа ұшырауы да салқынын тигізді. Оның үстіне, көші-қон талаптарының күшеюіне байланысты Ресейге Орталық Азия елдерінен келетін мигранттар саны күрт азайып кеткен.

Ranking.kz басылымы Қазақстанға ақша аударым жүйесі арқылы жарты жыл ішінде 150 миллиард теңгеге жуық ақша аударылғанын хабарлады. Оңтүстік Кореядан ақша аударымы – 2,3 есе, Қырғызстаннан аударым 77 пайызға дейін өскен. Шетелден келетін ақшалай аударымдардың көлемі 2018 жылдың қаңтар-маусым айында 147,5 миллиард теңге болыпты. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,5 процентке көп екен.

Мамандар мигранттарға қатысты көзқарасты өзгертудің кезі келгенін айтады. Бүгінде дереккөздерде 2018 жылы Қазақстаннан 28 мың маман шекара асып кеткенін айтылады. Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон полициясы департаментінің жыл басында ұсынған мәліметінде соңғы бес жыл ішінде ТМД елдеріне 157,9 мың, алыс шет мемлекеттерге 11,3 мың адам көшіп кеткен. 2015 жылы "Стратфор" агенттігі қазақстандықтардың 10 пайыздан астамы шетелде жұмыс істейтінін жазса, Дүниежүзілік банк Қазақстан еңбек мигранттары саны жөнінен әлем бойынша – тоғызыншы, ТМД елдерінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында екенін мәлімдеген.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, қазір бұл үрдістің тамыры да, шекарасы да тереңдеп бара жатқанын айтады. Алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде мәселенің мәнін ашып алатын тұстар көп.

"Қазір еңбек миграциясымен қоса, интелектуалдар миграциясы басталды. Шетелде жұмыс істеп жатқан қазақ мигранттарының елге қанша ақша аударатыны және оның ІЖӨ-ге әсері туралы ақпараттар әлі есепке алынған жоқ. Кезінде "ТМД елдерінде тек қазақтар қана нәпақа іздеп жан-жаққа шашырап кеткен жоқ" деген мәліметтер қазір мақтаныш емес, біздің кемшілігімізге айналды. Мигранттар бағытын үйлестіре алсақ, ол шетелдегі қазақтың үніне айналатын болады. Сол себепті шетелдегі қазақ мигранттары туралы ақпараттарды жүйелеп, мемлекеттік деңгейде сараптайтын кез келді", – дейді Расул Жұмалы.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу