Теңгенің құны "құрбан" болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9318

Ұлттық банк экономикалық белсенділікті таңдады. 

Теңгенің құны "құрбан" болды Фото: Максим Морозов

Ұлттық банк 10 наурызда теңгенің базалық пайыздық мөлшерлемесін 9,25% - дан 12% -ға өсірді. Ал 3 сәуірде кезектен тыс шешім қабылдап, базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5% - ға төмендетті. Мұндай шешім не үшін қабылданды. Оның себебі мен салдары қандай болады?

Ақша құнын басқару механизміне енгізілген алғашқы өзгеріс кезінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев: "Сыртқы сектордағы қауіптің жоғарылауы жағдайында баға тұрақтылығын сақтап, теңгенің айырбас бағамын қорғау қажет. Сондықтан Ұлттық банк кезектен тыс отырыста базалық пайыздық мөлшерлемені 10 наурыздан бастап +/- 1,5% пайыздық пунктпен 12%-ға  дейін өсіру туралы шешім қабылдады. Базалық пайыздық мөлшерлемені өсіру макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ішкі бағаға сыртқы факторлардың әсер етуіне және долларсыздануға жағдай жасайды", – деді.

Қаржы реттеушісі жоғарыдағы шешімді қолданыстағы ақша массасын азайту үшін қабылдады. Мұндағы мақсат инфляция мен девальвацияның қарқынын бәсеңдету болды. Жасыратыны жоқ, екінші деңгейлі банктерге базалық пайыздық мөлшерлемеге енгізілген өзгеріс ұнамады. Себебі олар базалық пайыздық мөлшерлемені негізге ала отырып, несиенің пайызын ұлғайтуға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде халықтың қарыз алу мүмкіндігін шектеді.

Ұлттық банк девальвацияны тізгіндеу үшін қолданысқа франкфурттық  аукцион әдісін енгізді. Осылайша қор нарығындағы компанияларды төтенше жағдай кезінде долларды сату мен сатып алу аралығындағы алшақтықты 6 теңгеден асырмауға міндеттеді.

Бұл туралы GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық: "Ұлттық банк теңгені күшейту үшін бірнеше тәсілге жүгінді. Біріншісі, алыпсатарлықтың алдын алу үшін айырбас пунктеріне сату мен сатып алудың айырмасын доллар үшін - 6, еуро үшін - 7 теңгеден асырмау талабын қойды. Екіншісі, заңды тұлғаларды сатып алған долларын 10 күн ішінде жұмсауға  немесе оны қайтадан теңгеге айырбастауға міндеттеді. Үшіншісі, франкфурттық аукцион әдісі болды. Мұны Ұлттық банк пен Қазақстан қор биржасы бірлесіп жүзеге асырды. Бұл – жаңалық емес, әлемде бар әдіс. Дегенмен ол теңгенің құнсызданбауына жанама әрі тікелей әсер етті. Қор нарығы ашылып, валюталық есеп жүргізіле бастаған кезде ойыншылар өтінім тастайды. Өтінімге байланысты баға құбылып отырады. Бағаның шектен тыс қымбаттауына жол бермеу үшін қолданысқа франкфурттық аукцион әдісі енгізілді. Осы әдіс арқылы өтінім бағасын бұдан бір күн бұрын жабылған бағадан 1,5% -дан артық өсіруге тосқауыл қойылып отырды", – деді.

Мақсат Халық атап көрсеткендей, қаржы реттеушісі жаппай доллар сатып алып, кейін оны қымбатқа сатуға тыйым салды. Бұл үшін валюта нарығының ойыншыларына бухгалтериядағы ақшаны теңгемен жинау талабын қойды. Заңды тұлға 50 мың доллардан көп немесе осы сомаға тең шетел валютасын сатып алса, қаражатты 10 күн ішінде жұмсауға немесе қайтадан теңгеге айырбастауға тиіс болды.

Айта кетейік, қаржы реттеушісі 10 наурыздан бері теңге бағамын ұстап тұруға 1 млрд 487,6 млн теңге жұмсады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың мәлімдеуінше, қаржы реттеушісі интервенция шараларын жүзеге асырды. Осылайша қаржы нарығының қалыпты жағдайын сақтап қалды.

"Мұнай бағасы құлдыраған кезде сыртқы факторлардың ішкі нарыққа жағымсыз әсерін болдырмау үшін Ұлттық банк 1 млрд 487,6 млн теңге шығындады. Интервенция франкфурттық аукцион арқылы іске асты", – деді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін базалық пайыздық  мөлшерлемені ұлғайтты. Алайда бұл шағын және орта бизнестің аяғына тұсау салды. Төтенше жағдайдың салқынын сезіп отырған кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлемесі жоғары несиені не аларын, не алмасын білмей дал болды. Өз кезегінде Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Президенттің іскерлік белсенділікті арттыру туралы тапсырмасын орындау үшін шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын әзірледі. Оны жүзеге асыру үшін екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлерге айналым қаражатын толтыру үшін 12 айға жылдық 8% мөлшерлемемен 600 млрд теңге беретін болды.

"Екінші деңгейлі банктер қаражатты 3 айда игеруге тиіс. Жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының операторы  Ұлттық банк жанындағы "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ болып бекітілді. Бағдарламаға қатысушы банктердің бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға пайдалануына және өзге мақсатқа пайдалануға тыйым салынған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Қазақстанның орнықтылық қорымен" бірлесіп, кәсіпкерлерге жеңілдікпен берілген несиенің мақсатты пайдаланылуына ай сайын  мониторинг жүргізеді", – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Өздеріңіз білетіндей, базалық пайыздық мөлшерлеме Ұлттық банктің қаржы-несие саясатының басты құралы. Ол ақша нарығындағы номиналдық, банкішілік пайыздық мөлшерлемені реттеу үшін қажет.

Реттеу дегеннен шығады, Ұлттық банк іскерлік белсенділікке серпін беру, яғни шағын және орта бизнестің несиеге қолжетімділігін арттыру үшін теңгенің құны "құрбан" қылып, ақша-несие саясатын қайта өзгертті.

Бұл туралы қаржы реттеушісі: "Базалық мөлшерлемені 9,5%-ға дейін төмендету туралы шешім 2020 жылғы 6 сәуірден бастап күшіне енеді. Мұнай бағасының екі есе құлдырауы, OPEC+ келісіміне қатысты бұдан былайғы перспективалардың белгісіздігі және COVID-19 пандемиясына байланысты 2020 жылы наурызда қабылданған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 12,0%-ға дейін арттыру және теңгенің айырбастау бағамын тепе-тең деңгейде қалыптастыру туралы шешімдері инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға және сыртқы күтпеген өзгерістер ықпалының қаржы нарығына таралуын шектеуге бағытталды. Сыртқы күтпеген өзгерістер ықпалының теріс салдарын жеңілдету үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша 4,4 трлн  теңге көлемінде дағдарысқа қарсы шаралардың 2 топтамасына бастама жасады. Осы бастамаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының үкіметі бюджет саясатының негізгі параметрлерін қайта қарап, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға қомақты шығыс көздеді. Осыған байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде бұдан әрі ұзақ ұстап тұру экономикалық белсенділікке шектеу әсерін көрсетуі мүмкін деп санайды. Соған қарамастан, COVID-19 пандемиясының кеңеюіне негізделген сыртқы сектор тарапынан сұраныс пен ұсыныстың бір уақыттағы күтпеген өзгерістері және мұнай бағасының көп жылғы минимумға дейін күрт төмендеуі, сондай-ақ ішкі ұсыныстың шектелуі инфляция деңгейін арттыруға алып келді. 2020 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша инфляция жылдық көрсетуде белгіленген 4-6% нысаналы дәлізден асып, 6,4% болды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 2021 жылы бәсеңдеп, 9-11% шегінде қалыптасады деп күтеміз. Ұлттық банктің бағалауы қазіргі жағдай сақталған кезде ағымдағы жылы экономикалық өсу теріс болатынын көрсетіп отыр. Бұл шешім Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, біздің экономика үшін тәуекелдерді шектеуге және оны сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеуге бағытталған бірқатар шараларының бірі болып табылады. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын 1 трлн теңгеге дейін кеңейтуді және 600 млрд теңге сомасына шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын қабылдауды қоса алғанда, Ұлттық банктің басқа шараларымен бірге базалық мөлшерлемені төмендетуі коронавирус салдарының Қазақстан экономикасына әсерін жеңілдетуге мүмкіндік береді және экономикалық белсенділікке қолдау көрсетеді. Ұлттық банк сыртқы және ішкі жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады және қажет болғанда өзінің монетарлық саясатын икемдеп, түзетіп отырады. Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған барлық қажетті мүмкіндіктері мен құралдары бар және әлемдік экономикадағы ахуал айтарлықтай нашарлаған жағдайда тиімді шешім қабылдауға дайын", – деп мәлімдеді.

Біле жүріңіз, Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты  кезекті жоспарлы шешімі 27 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.

Оған дейін базалық пайыздық мөлшерлеменің төмендетілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер несиенің пайызын азайтады. Депозиттің пайыздық мөлшерлемесі қысқарады. Инфляцияның қарқыны күшейеді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры базалық пайыздық мөлшерлеменің өзгеруіне байланысты депозит бойынша ең жоғары мөлшерлемелер қайта қаралатынын жариялап үлгерді.

"Ұлттық банктің 6 сәуірден бастап базалық мөлшерлемені 12%-дан 9,5%-ға дейін төмендету туралы кезектен тыс шешімінен соң Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру мерзімсіз және қысқа мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін биылғы жылдың 1 мамырынан бастап төмендетеді. Теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі - 12% болады. Толықтыруға болатын, 3-6 айлық мерзімді салымдардың мөлшерлесі - 12%, ал толықтырылмайтын түрі бойынша - 12,5% -ды құрайды. Осы мерзімдерге арналған, толықтырылатын жинақ депозиттер бойынша мөлшерлеме - 13%, ал толықтырылымайтын түрі бойынша -13,5%-ға тұрақтайды", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу