Тимур Құлыбаев: Салықтың бір бөлігі өңірлерде қалуға тиіс

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2386

Осылай болғанда әкімдіктердің де бизнесті дамытуға деген қызығушылығы артады. 

Тимур Құлыбаев: Салықтың бір бөлігі өңірлерде қалуға тиіс Фото: atameken.kz

Астана кәсіпкерлерінің дәстүрлі конференциясында "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салықтың бір бөлігін өңірлерде қалдыру керек екенін жеткізді. Төрағаның сөзінше, бұл – президенттің тапсырмасы.

"Астанада Алматыдағыдай қала бюджетін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Егер салық түсімдерінің бір бөлігі өңірлерде қалса, әкімдіктердің бизнесті дамытуға деген қызығушылығы артады. Ал бұл жайт салық салу базасын қалыптастырады. Өз кезегінде өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, облыстарды дамытуға кеңінен жол ашпақ", – деді Тимур Құлыбаев.

"Атамекен" КҰП төралқа төрағасының пікірінше, бас қала бизнес бастамалардың бастауында тұр. Елордада жүзеге асырылған жобалар тұтас елді қамтуда. 

"Мәселен, "1000 сауда орны" жобасы шағын бизнесті дамытуда тиімділігін көрсетті. Бүгінде шағын бизнес өкілдері 650 сауда орнында жеке бизнесін жүргізуде. Сауда орындары 7 жылға беріледі. Демек инвестиция құюға мүмкіндік бар. Ең бастысы, сауда орындары қаланың сәулетіне сай жасалған. Бұл бағдарламаны тұтас ел бойынша жүзеге асыруды ұсынамыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы ұлттық палатаның кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырғанын нақты мысалдармен баяндады. Атап айтқанда, "Атамекеннің" қатысуымен бақылау-қадағалау қызметтеріне ауқымды реформа жүргізілді. Соның нәтижесінде бизнеске қойылатын талаптар 56%-ға (17 мыңға) қысқарды. Тексерушілердің 1 мыңға жуық штаттық бірлігі азайды.

Дей тұрғанмен кәсіпкерлерге берілген мұндай басымдықтар мен жеңілдіктер олардың жауапкершілігін азайту деген өз емес. Тимур Құлыбаевтың айтуынша, қайта, кәсіпкерлер жауапкершілікті мейлінше арттыра түсуі керек.

"Қоғамдық тамақтану орындарында болған келеңсіз оқиғаларды, жолаушылар тасымалындағы төтенше жағдайларды, лифтілердегі қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін өзін-өзі реттеу институттарын дамыту қажет. Сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдастықтар белсенді жұмыс атқаруға тиіс. Қауіптілігі жоғары, адам денсаулығына зиян тигізетін орындарда кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру қажет", – деді "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы.

Тимур Құлыбаевтың айтуынша, 2013-2017 жылдары "Атамекен" ұлттық палатасына кәсіпкерлікті қорғау бағытында бизнес өкілдерінен 22 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 40%-дан астамы оң шешілген. Нәтижесінде бизнеске тиесілі 92 млрд теңгеден астам қаржы қорғалды.

Сондай-ақ "Атамекен" КҰП 20 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер мен заң жобаларына сараптама жасады. Мемлекеттік органдар палата тарапынын түскен ескертулер мен ұсыныстардың 73%-ын (6 500 жоба) назарға алған. Мәселен ұлттық палатаның қатысуымен жаңа Салық кодексі әзірленіп, онда шағын және орта бизнес үшін арнайы салық жүйесі қарастырылды. Қосылған құн салығының шекті мәні сақталып, әкімшілендіру оңтайландырылды.

Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

"Бизнеске арналған үкімет" жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын реинжиниринг жасау мен автоматтандыру, сондай-ақ осы қызмет түрлерін бір терезе қағидатына негізделген "Atameken Services" жүйесіне енгізу жұмысы атқарылып жатыр. Осының нәтижесінде бизнеске қызмет көрсету мерзімі 50 күннен 1-3 күнге қысқарады әрі бұл қадам сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді", – деді Тимур Құлыбаев.

Еске сала кетейік, Астана кәсіпкерлерінің конференциясы жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл ол бесінші мәрте өткізілді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу