Тимур Құлыбаев: "Таңдаған жолымыз дұрыс"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7695

"Атамекен" КҰП пен Бас прокуратураның бірлескен жұмысы тиімділігін көрсетті. 

Тимур Құлыбаев: "Таңдаған жолымыз дұрыс"

Астанада "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты бизнесті қорғау тақырыбына арналған ІІ форум өтті. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мен Бас прокуратура бірлесіп ұйымдастырған форумда соңғы бір жарым жылда кәсіпкерлікті қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2018 жылға арналған жоспар жарияланды. 

Басқосу барысында "Атамекен" КҰП пен Бас прокуратура өзара тиімді әрекеттестікке бағытталған кезекті жол картасын бекітті.

"Былтыр ұйымдастырылған форумда айтылғандай, бизнес қылмыстық қысымға жиі ұшырайды. Әдеттегі тексеруді жүргізгеннен, кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғау әлдеқайда оңай. Былтыр жалған кәсіпкерлік туралы да айтылды. Бұл қатарға алаяқтармен бірге заңды құрметтейтін адал кәсіпкерлер де еніп, жиі жазаланатын болды. Әкімшілік кедергілер де көп еді. Оның көптігі соншалық, талаптың барлығын орындау мүмкін емес болатын. Қысқасы, осының бәрі бизнестің адымын аштырмай келді. Алғашқы форумда прокурорларға қатысты да мәселе көтерілді. Ортаға прокурорлар бизнесті бақылау және қадағалау органдарынан қаншалықты тиімді қорғайды деген сауал тасталды. Прокурорлардың кәсіпкерлерді қайта-қайта тексеретіндігі, оларға қатысты қылмыстық істерді дер кезінде қарамайтындығы айтылды. Алғашқы форумда 5 бағыттан тұратын жол картасы қабылданды. Аталған құжат аясында 114 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары түзілді. Жол картасының көздегені – бизнеске түрлі тараптан жасалатын қысымдарды азайту. Біз бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Әрине, әлі де қолға алатын тұстар көп", – деді форумда Жақып Асанов.

Бас прокурор І және ІІ форумдардың аралығында Астана мен Қарағанды қалаларында екі мәрте алқа отырысы өткенін атап өтті. Сондай-ақ Ақтөбе, Алматы шаһарларында прокуратура мен бизнес өкілдері арасында ауқымды кездесу ұйымдастырылғанын еске салды.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Бас прокуратурамен тізе қосып, кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жұмыс істеп жатқанына үш жылдай уақыт болды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – палата қызметінің маңызды бағытының бірі. Үш жылда мол тәжірибе жинақталды. Республикалық және жергілікті деңгейде кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын бірлескен кеңестер құрылды. 2016 жылы ұйымдастырылған форум біздің жұмысымызға ерекше қарқын қосты. Әсіресе, Бас прокуратура басшылығы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында қолға алуға тиіс жұмыстарды ойдағыдай атқарып келеді. Бүгінде Бас прокуратура кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсететін, түрлі мәселелерді шешуде жол нұсқайтын орынға айналды", – деді алқалы жиында "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.

Өңірлерді аралау кезінде кәсіпкерлер тарапынан "Бас прокуратура мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің бизнеске деген көзқарасы өзгерді" деген мағынадағы сөздерді жиі еститінін алға тартқан Тимур Құлыбаев кәсіпкерлердің құқығын қорғауда жемісті жұмыс істеп жатқан Жақып Асанов бастаған Бас прокуратура өкілдеріне ризашылығын жеткізді.

"Осы жылдың маусым айында кәсіпкерлердің ұлттық палатасының съезін ұйымдастырдық. Оған көршілес Ресейдің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері келіп қатысты. Олар кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында Қазақстанда қолға алынған тәжірибелерді оң бағалады. Олар мұның бәрін өздеріне енгізуге күш салатындарын айтты. Демек таңдаған жолымыз дұрыс. Ең бастысы бұл – "Атамекен" мен Бас прокуратураның бірлескен жұмысының жемісі", – деді Тимур Құлыбаев.

Бас прокуратура мен "Атамекен" ұлттық палатасының ортақ жұмысының жемісті болғанын нақты деректер де дәлелдейді. Мәселен, ортақ әрекеттің арқасында кәсіпкерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істер саны едәуір азайды.

"2015-2016 жылдар аралығында бизнес өкілдеріне қатысты 7900 қылмыстық іс қозғалған. Ал 2016 жылдың маусымы мен 2017 жыл аралығында барлығы 1400 іс тіркелген. Яғни қылмыстық істердің саны едәуір қысқарды. Былтыр "Атамекеннің" бастамасымен рақымшылық жасалып, 640 кәсіпкер бизнес саласына қайта оралды. Бақылау және қадағалау органдарының қызметіне қатысты да көп жұмыс атқарылды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және төтенше жағдайлар саласындағы талап 80%-ға қысқарды. Жалпы бақылау және қадағалау қызметтері 30%-ға азайды. Бұл да бірлескен жұмыстың нәтижесі. Мұндай іс-шаралар әлі де жалғасады деген сенімдемін", – деді "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы.

Сонымен қатар Тимур Құлыбаев рұқсат беру құжаттарының саны қысқарғанын атап өтті. Олардың жалпы саны 1 мыңнан артық еді. Қазір 470-ке түсті.

"Атамекен" мен Бас прокуратура кәсіпкерлерді жиі тығырыққа тірейтін қолданыстағы заңнамаларға қатысты да ауқымды жұмыс атқарды. Әсіресе, Салық кодексі мен Кеден кодексіне терең зерттеу жүргізді. Кеден кодексінің жаңа ережесі қолданысқа енгізілді. Салық кодексі одан әрі жетілдіріле түспек. Салық санын қысқартуға тырысамыз. Жалпы көптеген норма бойынша келісімге келдік", – деді Тимур Құлыбаев.

"Атамекен" КҰП төралқа төрағасы ұлттық палата бизнеске қажетті мемлекеттік қызметтердің бәрін электронды форматқа көшіру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қазақстанда "Бизнеске арналған Үкімет" қызметі енгізілуі мүмкін. Бүгінде бұл бастама үкімет деңгейінде талқылануда.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу