Төбе би болып, төрелік етеміз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4141

Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті.

Төбе би болып, төрелік етеміз

ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, біздің ел қаңтар айының 31-не дейін тарихында тұңғыш рет БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Іс барысында Қазақстан аталған органның атынан ресми мәлімдеме жасайды және бәтуа мен бітімге бастамашы болады.  

18 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары", 19 қаңтарда "Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру" деген тақырыптарда пікірталас өтеді. Аталған шараға бірқатар елдердің басшылары мен министрлері қатысады. Ал 25 қаңтарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері деңгейінде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты тоқсан сайынғы ашық пікірталас ұйымдастырылады.

Бұған қоса қаңтар айында Сирия, Ливия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка,  Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай талқы таразысына салынады. Нәтижесінде бірнеше қарар қабылданады.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан 7 бағытты темірқазық тұтатынын алдын ала айтты. Басым бағыттарды Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне арнаған "Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін  жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас" атты саяси үндеуінде нақтылады.

Мемлекет басшысы ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету, терроризмге қарсы күрес, Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері, қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ету, қауіпсіздік кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатеріне бейімдеу Қазақстанның негізгі ұстанымы болатынын түсіндірді.  

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2016 жылы 29 маусымда 2 жылға БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. 

"Дауыс берушілердің үштен екісінің қолдауына ие болып, Қазақстан қауіпсіздік кеңесіне 2 жылға тұрақты емес мүше болып сайланды, 1 қаңтардан бастап қызметін бастайды", – деп мәлімдеді сол кезде Бас Ассамблеяның 70 сессиясының төрағасы Могенс Люккетофт.

Қазақстан Азия-Тынық мұхиты тобынан қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған кезде Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жариялады.

"Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енді. Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысымен халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз...", – деді президент.

Біздің ел БҰҰ тарихында қауіпсіздік кеңесіне Орталық Азия мемлекеттерінен енген тұңғыш мемлекет екеніне ерекше екпін түсірген елбасы қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде Қазақстан су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге серпін беруге атсалысатынын айтты.

Қазақстанның 2 жылға БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы һәм қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісуі сыртқы саясаттың жемісі болып табылады. Себебі бүгінге дейін бұл органға 23 ел ғана сайланып, жұмыс істеген.

БҰҰ жарғысына сәйкес, қауіпсіздік кеңесі ұйымның бас органдарының бірі болып табылады және оның шешімдері заңдық міндеттеуші күшке ие. Себебі қауіпсіздік кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешім қабылдай алады.
Айта кетейік, қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болған бір жылда Қазақстан кеңестің 270-тен астам  ресми отырысына қатысты. Оның ішінде 78 ашық қарар мен төраға мәлімдемелерінің қабылдануына, 150 ашық брифинг пен 8 шектеулі, 17 ашық пікірталасқа ортақтасты. Мұның сыртында 126 ресми емес консультациялар мен Е-10 Тобының (Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелер бірлестігі) 12 кездесуіне атсалысты.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу