Дәурен Абаев бүгін не деді?

3023

Науқастың келісімі, бұрынғы әйеліне емхана терезесінен кірмек болған романтик, конкурссыз сатып алу, 67 мың бала, 30 минуттық онлайн-сабақ, 13 мың литр антисептик. 

 Дәурен Абаев бүгін не деді?

Төтенше жағдай режиміндегі Қазақтанның 26 наурыздағы ахуалы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев тікелей эфирде жұртқа мәлімет берді. Онлайн-брифингте министр коронавирустен жазылған азаматтарға қатысты ақпарат таратудың тәртібін еске салды.

"Кеше айтқанымыздай, екі емделуші коронавирустен жазылып шықты.Олардың бірі Алматы, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделді.  Денсаулық сақтау министрлігінің хабары бойынша, кеше БАҚ өкілдері осы адамдар туралы өте көп сұрақ қойып, жиі хабарласқан екен. Сондықтан тағы да еске саламыз. Ешкім коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайтын шығар. Сіздер сол адамның орнына өздеріңізді қойып көріңіздер. Олардың барлығы өз азаматтарымыз. Өзіне қатысты жеке мәліметті жарияламауға құқығы бар. Біз оны сыйлауымыз керек. Егер ол адамдар туралы қандай да бір ақпарат тапсаңыздар, ол кісілердің жазбаша рұқсатынсыз ешкімге бермеуді сұраймыз. Оларды емдеу процесі туралы журналистерге дәрігерлер айтып береді. Біз ұйымдастыруға дайынбыз", – деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде оқушыларға арналған онлайн-сабақтарды жүргізудің тәртібін түсіндірді.

"Елімізде қашықтан оқыту процесін бастауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс тобы құрылды. Әлем елдерінің қашықтан оқыту тәжірибелері зерделенді... Ұсыныстарды ескере отырып, өз концепциямызды айқындадық. Негізгі контент ретінде телевизиялық сабақтар  дайын цифрлық ресурстарда ұсынылады. Телевидениеге 2000-нан астам сабақ түсірілетін болады. Қазіргі таңда 200-ге жуығы дайын. Бір айтып өтетін жағдай, бұл ресурстардың барлығы педагог пен оқушыға қосымша саналады. Негізгі қашықтан оқу процесі мектептегі жасалған сабақ кестесіне сәйкес өтетін болады. Сабақтың ұзақтығы 30 минутты құрайды. Оқушы, мұғалім, ата-ана кері байланысты күнделікті білім алатын мектеп жүйелері арқылы орнататын болады. Барлық методикалық нұсқаулықтар дайын", – деді министр.  

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, елдегі халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылғанымен, құжатқа тапсырыс беріп қойған азаматтар 28 наурызға дейін тиісті мекемеге жүгіне алады.

"21 наурызға дейін құжатын халыққа қызмет көрсету орталықтарына өткізіп үлгерген азаматтар сол мекемеден 28 наурызға дейін барып, құжаттарын ала алады. Ал 30 наурыздан бастап әр қалада тек бір ғана орталық дайын құжаттарды беру үшін жұмыс істейтін болады", – деген министр мемлекеттік қызмет түрлерін "Egov" порталы мен әлеуемттік желідегі ресми ресурстар арқылы да алуға болатынын айтты. Ал "1414" нөмірі бойынша бір мезетте 1000 адам өтініш тапсыра алатынын еске салды. 

Әлеуметтік желінің табасына қалып, заң органдарының қырына іліксе де, карантиндік жағдай кезінде еселеп пайда тапқысы келетіндер айылын жияр емес. Министр Дәурен Абаевтың айтуынша,  сақшылар заңсыз сатылған 4 млн-нан астам бетперде мен 13 мың литр антисептик тәркілеген.  

"Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері елорда мен Ақтөбе облысында бетперделер мен антисептиктерді заңсыз сатқан 40 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Жалпы заңсыз әрекетке барғандардан 4-млн-нан астам бетперде мен 13 мың литр антисептик тәркіленді. Енді олар денсаулық сақтау саласының мамандарына беріледі", – деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар өткен тәулікте карантин режимін бұзған 137 адамның үстінен Әкімшілік кодекстің 476 - бабы бойынша іс қозғалып, оның 89-ы қамауға алынған көрінеді.

"Олардың барлығы заң бұзушылыққа барғанын мойындады. Кейбірі ойға келмейтін әрекет жасаған. Мәселен, Қарағанды облысында бұрынғы әйеліне емхана терезесінен кірмек болған азамат 10 күнге тұтқындалды. Ал ол Германиядан келіп, ауруханада карантинде жатқан", – деді министр. 

Коронавируске қарсы жарияланған төтенше жағдай жер қойнауын пайдаланушыларға кері әсер етпеуі үшін жаңа норма енгізілді. Дәурен Абаевтың айтуынша, аталған норма жұмысшылар санын қысқартпауға септігін тигізетін болады

"Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға отандық өндірушілерден тауарларды конкурстық процедураларсыз сатып алуға рұқсат берді. Бұған дейін ондай конкурстық процедуралар 2 айға дейін созылатын. Бұл түзету қазақстандық компаниялардың үздіксіз жұмыс істеп, бюджетке де салықтың үздіксіз түсуіне жағдай туғызады. Сондай-ақ осы норма қазақстандық кәсіпорындрдағы жұмысшылар санын қысқарту тәуекелін бәсеңдетуге көмектеседі", – деді ол.

Өткен тәулікте ағзасынан коронавирус белгілері анықталған 14 адамның үшеуі ауруды жақындарынан жұқтырыпты.

"Бүгінде еліміз бойынша 97 науқас тіркелді (26 наурыз сағат 12.20-дағы жағдай бойынша (ред).) Ең көп вирус жұқтырғандар Нұр-Сұлтан қаласында, 55 адам. Оның тоғызында науқастар карантиндік стационарда болған. Бұлардың ішінде 3 адам бұрын тіркелген науқаспен байланыста болған. Бір жолаушы 25 наурызда Нұр-Сұлтан әуежайы арқылы келген. 5 адам  өткір респираторлық вирустық инфекцияның ауыр жағдайымен коронавируске күдікті ретінде стационарлық бақылауда болған. Қалған науқастар эпидемиологиялық ахуалы қауіпті елдерден келген жолаушыларға мониторинг жүргізу кезінде анықталды. Олармен тығыз байланысты болғандарды оқшаулау жұмыстары да басталып кетті", – деді Дәурен Абаев онлайн-брифингте.

"Жұмыс тапшы, жан тәтті". Коранвирус дендеп тұрса да, баласын балабақшаға апаруға мәжбүр ата-аналар туралы осылай айтуға болатын шығар. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, 67 мың бала әлі күнге дейін балабақшаға барып жүр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы және Түркістан, Ақмола, Алматы облыстарындағы балабақшалар жұмысын тоқтатқан. Қалған өңірлерде балабақшалар штаттық жұмыс істей береді. 

"Ата-аналардың балаларды өз еркімен апаруға мүмкіндігі бар. Апармаған жағдайда орын сақталады. Қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істейтін  балабақшаларға тек 67 мың бала келуде. Бұл көрсеткіш 11 процентті құрайды", – деді ол. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу