Бұл жолғы онлайн-брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қауіпті індетпен арпалысып жатқан дәрігерлерге көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет коронавируспен күреске тікелей тартылған медицина қызметкерлерін үш топқа бөліп қаржылай көмек көрсетпек.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген. Осыған орай бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин мемлекеттік комиссияның отырысын өткізіп, арнайы шешім қабылдады. Оған сәйкес, медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне байланысты үш топқа бөлінген. Бірінші топ, бұл реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 3284 маман. Олардың жалақысына үстемеақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығына қосқанда олар айына шашамен бір миллион теңгенің үстінде алады. Екінші топ, провизорлық стационарлар мен жедел жәрдемнің қызметкерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 11951 адам. Олардың үстемеақысыы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар шамамен 650 мың теңге алады. Үшінші топ, карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалар. Барлығы 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстеме ақы алады. Яғни орташа айлығын қосқанда шамамен 380 мың теңге алады", – деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, Үкімет төтенше жағдай кезінде дәрігерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру тәртібін де бекітті. Осы тәртіп бойынша, коронавирус жұқтырған дәрігерге 2 млн теңге сақтандыру төлемі берілмек.
"Медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталды. Олар ауырып қалған жағдайда 2 млн теңгенің мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медицина қызметкерлері қайтыс болса, 10 млн теңге мөлшерінде төлемақы беріледі. Бұл жаңалық тек дәрігерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың рухын көтереді деп сенеміз", – деді министр кезекті онлайн-брифингте.
Тікелей эфир барысында Дәурен Абаев коронавирус өршіп тұрған кезде шетелге шығып кетіп, елге қайта алмай жатқан қазақстандықтардың жағдайына тоқталды. Жуық арада мемлекеттің күшімен 752 азаматты елге әкелу жоспарланып отырған көрінеді.
"Мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы осындай қиын кезде көрінеді. Президенттің тапсырмасымен 18 наурыздан бастап шетелдегі 7702 Қазақстан азаматын мелекет өз күшімен елге әкелді. Мемлекет тағы 752 азаматты әкеледі. Бұл Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр", – деді ол.
Төтенше жағдай кезеңінде бизнесі тоқтап қалғанына қарамастан елдегі кәсіпкерлер індетпен күреске үлес қоса бастаған. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің сөзіне сенсек, кейбір мейрамханалар жүздеген дәрігерді тегін аспен қамтамасыз етіп отыр.
"Солтүстік Қазақстан облысында мейрамханалар мен дәмхана иелері тәуліктік режимде жұмыс істеп жүрген жедел жәрдем дәрігерлеріне тегін ыстық тамақ ұсынып жатыр. Астаналық мейрамханалардың бәрі де дәрігерлерге тегін ыстық тамақ беруде. Бір күнде ғана 200-ден астам дәрігерді тамақтандырған. Бизнесмендер бұл акция жалғасатынын айтып отыр. Коронавирустан қорғануға қажетті медициналық бұйым шығаруға бет бұрып жатқан кәсіпкерлердің әрекетін айрықша атап өту керек. Мысалы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында антисептик өндіру басталып кетті. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің зертханасында да антисептиктер шығарыла бастады. Жуық арада дәл осындай өндірістер басқа облыстарда да іске қосылады. "КарТел, "К-Сеll", "Мобайл-Cервис" компаниялары коронавиурс эпидемиясымен күресіп жатқан дәрігерлердің бәріне тегін ұялы байланыс ұсынды. Ел бойынша 20 мыңнан астам медицина қызметкері тегін ұялы байланыс пен интернет пакетін пайдаланды", – деді Дәурен Абаев.
Есжан Ботақара
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу