Түркімендер топ жарды, қазақтар – төртінші орында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3274

Қазақстан спортшылары Ашхабадта өткен Азия ойындарынан 96 жүлде олжалап қайтты.

Түркімендер топ жарды, қазақтар – төртінші орында  Фото: olympic.kz

Түркіменстан астанасы Ашхабадта Жауынгерлік өнер түрлері мен жабық ғимараттағы V Азия ойындары аяқталды. 17-27 қыркүйек аралығында өткен кешенді додаға 62 мемлекеттің спортшылары қатысты. Нақтырақ айтқанда, "Сарықұрлық" сайысы мен жарысында Азиядағы – 45, Мұхит жағалауларындағы 17 елдің өкілдері бақ сынады.

Жауынгерлік өнер түрлері мен жабық ғимараттағы V Азия ойындары бағдарламасына 21 спорт түрі енгізіліпті. Бірақ оның 8-і ғана – Олимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері. Жалпы, 337 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Аталмыш дүбірлі доданың бағдарламасына енген спорт түрлерін тізіп шыққанымыз артық болмас: баскетбол 3/3, ат спорты/конкур, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, велоспорт (трек), жүзу, күрес түрлері (грек-рим және еркін күрес), тэквондо, теннис, шахмат, спорттық би, футзал, боулинг, бильярд, белбеулі күрес түрлері (ішінде қазақ күресі де бар), түркіменнің ұлттық күресі, самбо, джиу-джитсу, кикбокс, кураш, муай-тай.

Біздің елдің қыз-жігіттері Ашхабадта спорттың мына түрі бойынша бақ сынады: велоспорт (трек), жүзу, кикбокс, шахмат, белбеулі күрес түрлері (қазақ күресі), ауыр атлетика, ат спорты/конкур, жеңіл атлетика, теннис, джиу-джитсу, муайтай, самбо, тэквондо, грек-рим күресі, бильярд.

Жалпы командалық есепте, Қазақстан жанкүйерлерінің көбісін таң қалдырып, Түркіменстан спортшылары топ жарды. "Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса да" дегендей, ұйымдастырушылар Жауынгерлік өнер түрлері мен жабық ғимараттағы V Азия ойындарының бағдарламасын өз спортшыларына ыңғайлап құрастырған. Қазіргі заманда дүрілдетіп, мұндай кешенді дода өткізудің өзі оңай емес. Қай ел өткізсе де, бірінші кезекте, өз спортшылары мен жанкүйерлерін қуантуды, жігерлендіруді ойлайды. Сондықтан оған таңданудың қажеті жоқ...

Қазақстан спортшылары жалпы командалық есепте 4-орынға ие болды. Олар 28 алтын, 28 күміс, 40 қола, сонда бәрі 96 медаль жеңіп алды. Ал бірінші орынға, жоғарыда жазғанымыздай, Түркіменстан спортшылары ие болды – 245 медаль (89 алтын, 70 күміс, 86 қола). Жазғы Олимпиада ойындарының өзінде топ жарып жүретін Қытай – екінші орында (97 медаль: 42 алтын, 32 күміс, 23 қола). Иран үздік үштікке ілікті – 118 медаль (36 алтын, 23 күміс, 59 қола). Өзбекстан спортшыларының жүлделері біздікінен көп болса да, алтындары кем түсіп, 5-орынға орналасты – 131 медаль (24 алтын, 33 күміс, 74 қола). 

Қазақстан спортшылары алтын жүлделерді мына спорт түрлерінен олжалады:

Самбо – 7
Жеңіл атлетика – 6
Белбеулі күрес – 4 (қазақ күресі – 2, алыш – 1, классикалық – 1)
Велотрек – 3
Жүзу – 3
Кикбокс – 2
Шахмат – 1 (командалық рапид)
Ауыр атлетика – 1
Грек-рим күресі – 1

Үш спортшымыз, атап айтқанда, Әділ Қасқабай (жүзу), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) және Павел Воржев (велотрек) жабық ғимараттағы V Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Осы ретте, 19 жастағы Әділ Қасқабайдың Ашхабадтан бес медаль (2 алтын, 1 күміс, 2 қола) еншілеп қайтқанын айрықша атап өткіміз келеді. Ал 23 жастағы Павел Воржев 2 алтын, 1 күміс олжалады. Сондай-ақ, шахматтан қыздар арасында Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәліктің Азияда топ жарып, саф алтынға қол жеткізгендерін де бөле-жара атап өткіміз келеді. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу