ҰБТ: "Оқу сауаттылығы" оқушының тіл білімін тексере ала ма?

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
29818

Білім министрлігінің өкілі ҰБТ-дағы қазақ тілі бұрын да тек формальдылық үшін тапсырылып келгенін мәлім етті.

ҰБТ: "Оқу сауаттылығы" оқушының тіл білімін тексере ала ма?

Неге екені белгісіз, апта басында ұлттық тестілеу орталығы мен білім және ғылым министрлігінің өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарын емес, блогерлерді шақырып, Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ – автор.) көптен бері жарияланбай жүрген жаңа форматын түсіндірді. Алайда abctv тілшісі сол талқылауға қатысып, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңалықтарына қанық болып қайтты.

Сөз басында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-ның жаңа тұрпаты туралы ұзақ баяндама жасады. Оның айтуынша, көптен бері талқыланып жүрген тестің жаңа тұрпаты 2016 жылы мақұлданып, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген.

Рамазан Әлімқұловтың сөзіне сүйенсек, тест орталығы Ұлттық тестілеудің тұрпатын өзгертпестен бұрын ұстаздар арасында сауалнама жүргізген.

"Жаңа форматтың алдында ҰБТ 13 жыл бойы өткен. Оған 13 жылдың ішінде бір жарым миллион оқушы қатысқан. 13 жыл бойы оқушылардың 70 пайызы ғана осы ҰБТ-ға қатысқан. Оқушылардың 70 пайызы ғана қатысқан соң, ҰБТ-ның ескі форматы оқушылардың білімін толық көрсетпейді деген пайымға келдік. 2012 жылдан бастап ҰБТ ауысады, өзгереді деген әңгіме шыққанын өздеріңіз білесіздер. Сол жылдан бері талдау жасап, жұмыс істедік. Былтыр министрлік сауалнама жүргізген болатын. Оған 10 мың адам қатысты. Солардың 42 пайызы кеңес үкіметі кезіндегі қорытынды аттестацияны қайтару керек десе, 52 пайызы қазіргі жүйені жетілдіру керек деген жауапты таңдаған. 45 пайызы ҰБТ-ға "Алтын белгі", республикалық олимпиада иегерлері де қатыссын десе, 46 пайызы босатылсын деп жауап берді", – деді Рамазан Әлімқұлов.

Білім министрлігі мен тест орталығы осы сауалнаманың негізінде ҰБТ-ны екіге бөлу керек деген ұйғарымға келе отырып, мектепте тапсырылатын қорытынды аттестацияны қайта "тірілткен". Яғни биылдан бастап оқушылар мектепте бес пәннен: төртеуі – міндетті, біреуі – таңдау пәнінен аттестация тапсырады. Міндетті пәндер қатарында ана тілі және әд­ебиет (орыс мектептер­інде – орыс тілі және­ әдебиеті), алгебра ж­әне анализ бастамалар­ы, Қазақстан тарихы пəндері бар. Сондай-ақ, ж­әне орыс, өзбек, ұйғы­р және тәжік мектепте­рінде – қазақ тілінен­, қазақ мектептерінде­ орыс тілінен сынақ тапсырады. Бұл – мектептегі аттестация. Бағаны да мектеп ұжымы қойып, аттестацияны да мектеп тапсырады.

Ал республикалық деңгейдегі ҰБТ-ға үш пән міндеттелген: математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы деген жаңа пән және Қазақстан тарихы. Бұл үш пәннің әрқайсысы 20 сұрақтан тұрады. Ал оқушы өзі таңдайтын 2 бейіндік пән 30 тапсырмадан тұрады. Оның алғашқы 20 сұрағына бес жауап нұсқасы берілген, ол бес жауап нұсқасының біреуі ғана дұрыс болады. Демек әр дұрыс жауапқа 1 балл есептеледі. Қалған 10 сұраққа сегіз жауап нұсқасы беріледі: сегіз жауап нұсқасында бір, екі, тіпті үш дұрыс жауап болуы мүмкін. Оқушы барлық дұрыс жауапты белгілесе – 2 балл, ал біреуінен қателессе 1 балл алады. Мәселен, бір сұраққа берілген 8 жауаптың біреуі ғана дұрыс жауап болса және оқушы сол дұрыс жауапты белгілесе, 2 ұпай алады. Немесе тағы бір сұрақтың 8 жауап нұсқасында 3 дұрыс жауабы бар делік. Оның үшеуінде дұрыс тапса – 2 балл, ал екеуін немесе біреуін ғана тапса 1 балл алады.

"Оқу сауаттылығы" деп аталатын пән оқушының мәтінмен жұмыс істеу қабілетін тексереді, деді тест орталығының өкілі. Математикалық сауаттылық оқушылардың игерген білімдерін өмірлік жағдайларда қолдана білу деңгейін, объектілер мен құбылыстарды салыстырып, жіктей алатын қабілетін анықтайды. Ал бейіндік пән оқушының таңдап алған пәнін қаншалықты игергенін көрсетеді.

Жалпы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең шекті балы 140 ұпай болып бекітілген. Ұлттық жоғарғы оқу орнына түсу үшін кемінде 65 ұпай, ал "білім беру", "ауыл шаруашылығы ғылымы" "мал дәрігері" мамандықтарын меңгеру үшін 60 ұпай болып бекітілген. Тест тапсыруға өтініш 10 наурыздан бастап қабылданып, 10 мамырда аяқталады. Ұлттық бірыңғай тест алдын ала жоспар бойынша 20 маусым күні басталып, 1 шілде аралығында аяқталады. Тесттің бірінші кезеңінен өте алмаған оқушы тамыз айында екінші рет бағын сынайды. Егер одан өте алмаса, оқуға шартты түрде қабылданып, 1 семестр аяқталған соң қайта тест тапсыра алады.

Ұлттық тест орталығының директоры Ұлттық бірыңғай тестілеуден "Қазақ тілі" пәнінің жоқ екенін ресми түрде мәлім етті. Оның айтуынша, "Қазақ тілінің" сұрақтары "Оқу сауаттылығы" деген пәнде ішінара кездеседі. Жиынға қатысқан журналистика факультетінде оқитын студенттердің бірі: "Мен орыс мектебінде оқимын делік. Демек енді маған ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілін тапсыру міндетті емес пе?" деген сұрағына білім министрлігінің өкілдері "міндетті емес" деп жауап берді.

"Бұрын орыс мектебінде оқитындар қазақ тілін тапсырғанымен, оның балы оқуға түсерде саналмайтын. Мен сіздерге айтайын, қазақ тілінен сынақ бұрын да формальды түрде ғана тапсырылды. Енді мүлде алып тастадық. Қазақ тілі мектеп деңгейіндегі емтиханда қалды", – деді білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахметзакиев.

"Қазір орыс мектебінде – қазақ тілі, қазақ мектебінде орыс тілі оқытылады. Қорытынды аттестацияда бұл екі пән де қалды. Қорытынды аттестацияда орыс тілінде оқығандар қазақ тілінен эссе жазады. Бұрын да Бірыңғай ұлттық тестілеуде қазақ тілінің балы саналмайтын. Енді жаңа форматта қазақ тілі аттестат алуға тапсырылатын бес емтиханның ішінде бар. Эссені үш сағат жазады. Орыс тілінде оқыса – орыс тілінде, қазақ мектебінде оқыса – қазақ тілінде жазады", – дейді білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева.

"Қазақ тілін неге ұлттық бірыңғай тестілеуге міндетті пән етіп енгізбейміз? Мысалы Англияның жоғары оқу орнына түсу үшін "IELTS", АҚШ-тың оқу орнына түсу үшін "TOEFL", Францияның оқу орнына түсу үшін "Delta" тапсырмасақ, яғни сол елдің тілін тексеретін тест тапсырмасаңыз, ол елдің жоғары оқу орнына түсе алмайсыз. Сонда біздің елде қалай?" деген сұрақ та қойылды.

Бұған Жаңыл Жонтаева: "қазір біздің мемлекетімізде 82 пайыздан астамы – қазақ мектебі. Тіпті орыс мектебі жоқ аймақтар бар. Соны дұрыс түсініңіздер. Аттестатта қалдырдық қой, оның орташа бағасы да ықпал етеді… Оқу сауаттылығын тапсырады…", деп қысқа қайырды.

Ал "сіздер сонда қазақ тілін ұлттық бірыңғай тестілеуге міндетті пән ретінде қосылғанын қалайсыздар ма? Жарайды, қазір біз қазақ тілін тестке міндетті пән етіп енгізейік. Сонда ол қазақ тілінің сапасына әсер етеді деп ойлайсыздар ма? Әсер ептейді. Егер біз қазақ тілін емтиханға кіргізсек, ол әсер етеді деп үміттенетін шығарсыздар, бірақ ол әсер етпейді. Идеологияны дұрыстау керек. Мектепте оқыған жылдар бойы қазақ тілін дұрыстап оқу керек. Егер бесінші сыныпта оқитын бала қазақ тілін білмесе, 11 сыныпта тест кіргізу арқылы қазақ тілінің сапасын арттырамыз дегендеріңіз сәйкес келмейді", – деді Дархан Ахметзәкиев.

Кеше қызметкерлерінің сөзі үшін бас ұстаз Ерлан Сағадиев үкімет отырысынан бұрын өз ниетімен жоспардан тыс баспасөз мәслихатын өткізіп, оқушылардың барлығы қазақ тілін мектепте 100 пайыз тапсырып шығатынын айтты. Тек білім министрінің сөзінен Ұлттық тестен мемлекеттік тілдің неге алынғаны туралы сұрақтың жауабы табылмады.

"Биыл қазақ тілін мектеп түлектерінің 100 пайызы тапсырады. 12 жыл бойы орыс мектептерінің түлектері қазақ тілін ҰБТ аясында тапсырып келген болса да, оның нәтижелері есепке алынбаған. Тіл білімін бағалау нәтижелері грантты алуға ықпал етпеген. Оған қоса мектеп түлектерінің бір бөлігі қазақ тілін тест негізінде емес, мектепте әзірленген билеттер бойынша тапсырған. ҰБТ екі кезеңге бөлінгендіктен әрі биылғы мектеп түлектеріне түгелдей қазақ тілінен сынақ тапсыру міндеті қойылып отырғандықтан, аттестатты алу үшін әрбір түлек емтихан тапсырып, тіл білімін тестілеу қорытындылары бойынша сәйкес бағасын алуға тиіс", – деп түйді сөзін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу