Үйлердің шатырын әкімдік жөндейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9499

Қазақстанда апаттық жағдайда тұрған көп пәтерлі 1 383 үй бар.

Үйлердің шатырын әкімдік жөндейді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаменті  директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтың айтуынша, елімізде 78 657 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Олардың 69,7 пайызының (54 808 үй) жағдайы – қанағаттанарлық. Ал 19 639 үй (25 пайыз) күрделі жөндеуді қажет етеді. Апаттық жағдайда тұрған үйлердің саны – 1 383 немесе 1,8 пайыз.

"Осы уақытқа дейін өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 2 827 үй жөнделді. Сондай-ақ 789 үй қайтарымды негізде жөндеуден өтті", – дейді Марғұлан Әбдікәрімов.

Елімізің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына реформалау үшін заң жобасы әзірленуде. Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Республикасының 3 кодексіне және 12 заңына өзгеріс енгізу көзделген. 2019 жылдың мамырында қабылдануға тиіс заң жобасы саладағы бірқатар мәселені оң шешеді деген болжам бар.  

"Бүгінде пәтер иелері кооперативтеріне (ПИК) деген сенім азайған. Бұған көрсетілетін қызметтің ашық болмауы себеп болып отыр. Сондықтан тұрғындар көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін ақша жинауға құлықсыз. Оның үстіне бір кооператив бір емес, бірнеше үйге қызмет көрсетеді. Ал соның бәріне бір ғана шот ашылады. Негізі әрбір үйге жеке-жеке шот ашылуы керек. Бұл жағдай тұрғындардан жиналған қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік бермейді. Осылайша, кооператив басшылары қолданыстағы заңнаманы бұзып отыр. Сондықтан жаңа заң жобасында "Бір үй – Бір мүлік меншік иелерінің бірлестігі – Бір шот" принципін енгізу ұсынылуда. Яғни, әрбір үйдің жеке шоты болады", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан Марғұлан Әбдікәрімов.

Сондай-ақ заң жобасы жергілікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктемек. Атап айтқанда, жергілік билік қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін жасау үшін қасбеттерді, шатырларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндейтін болады. Бұдан бөлек, тұрғын үйлердегі лифтілерді жөндеп, ауыстырады. Бірақ, лифтілерді жөндеуге я ауыстыруға жұмсалатын қаржы кейіннен кері қайтарылуға тиіс. Оны тұрғындар жинап береді.  

"Тұрғын үй-комммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылады. Заң жобасындағы жаңашылдықтың бірі – осы. Жүйе көп пәтерлі тұрғын үйді басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұрғындар шығындар мен табыстардың есебін көре алады. Үйді басқару мен күтіп ұстау бойынша электронды форматта дауыс беріп, шешім қабылдайды", – деді департамент директорының орынбасары.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу