Үкімет өз құжатынан гөрі, кәсіпкерлер жоспарын тиімді деп тапты

1781

Ел үкіметі өзі бекітетін ресми құжат түрінен бас тартып, оны бизнес әлем ортақ әрі оңтайлы құжат ретінде қабылдаған бизнес-жоспармен ауыстыратын болды.

Үкімет өз құжатынан гөрі, кәсіпкерлер жоспарын тиімді деп тапты

Осыны қарастыратын заң жобасын парламент мәжілісі бүгінгі жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлдады.

Бірден айта кетелік, "Қазақстанның кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңының жобасын депутаттық корпус аса қызу талқылады. Оның барысында қойылған өткір сауалдарға жауап беремін деп, заңды әзірлеуші органның басшысы – ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ақ тер-көк тер болды, есінен танбаса да, кейде сөзінен жаңылды.

Дегенмен, бұл жобада отандық және Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік кәсіпкерлер үшін біраз игілік қарастырылғанын айтқанымыз жөн.

Мысалға, жаңа заң қандай да бір "жобаның тұжырымдама-концепциясын" әзірлеуді "бизнес-жоспармен" ауыстырады. Өйткені жобаны жүзеге асырудың қазіргі дайындық кезеңі инвестордың, бизнесменнің көп уақытын алып, ығыр етеді: ол кезең бір жылдан да көп мерзімге созылуы ықтимал.

"Бұл жердегі бизнес үшін жеңілдік неде" деп сұрады депутаттар.

"Бізде заңдық актілер базасы бар, онда контракт бекітіп, оны орындауға кіріспес бұрын қандай қадамдар жасалуға тиістігі жазылған. Біз енді осы заң арқылы олардың бір бөлігін қысқартамыз, бір бөлігін бизнес үшін қолайлы қалып-формаларға келтіреміз. "Тұжырымдама" дегеніміз ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілетін құжат болып табылады. Ол негізінен бизнес-жоспар талаптарын қайталайды. Бірақ кейбір басты қырлары-аспектілері бойынша одан ерекшеленеді. Ал бизнес-жоспар дегеніміз бизнес үшін үйреншікті құжат. Олар мысалы, инвесторға, немесе кредит алу үшін банкке барғанда дәл осы құжатты үнемі әзірлейді. Оның үстіне бизнес-жоспарлар бүкіл әлемде бір-біріне ұқсас келеді", – деді министр.

Оның айтуынша, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бизнесмендерді қаржылық емес қолдаудың бұдан басқа да шараларының тұтас топтамасын әзірлеген. Тимур Мұратұлы КҰП-тың қалалық қана емес, ауылдық бизнесмендерді де бизнес-жоспар жазуға үйрететінін алға тартты.

"Қалай болғанда, бұйрықпен бекітілетін тұжырымдамаға үңілгенше, бизнеске де, банктерге де өздері үшін көз үйреністі құжатты түсіну жеңілірек болады. Біз "Атамекенмен" бұл тұрғыда сөйлестік. Олар да осыны қолай көріп отыр", – деді бас экономист.

Заң жобасы басқа да бірқатар негізгі бағыттар бойынша түзетулер қарастырылып отыр, олардың ішінде келісудің жекелеген кезеңдерін жою да бар.

"Сондай-ақ дамуға арналған мақсатты трансферттердің нәтижелері туралы келісімді жою ұсынылып отыр. Бүгінде олар бюджеттік бағдарламаларды қайталауда. Нәтижесінде орталық және жергілікті деңгейдегі 1,5 мыңнан астам құжат қысқартылады. Орталық мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындарын ортақ лимит арқылы жоспарлау ұсынылып отыр. Бұл бюджеттік өтініштерді дайындау мен ұсынылатын құжаттардың көлемін жеңілдетеді", – деді ұлттық экономика министрі.

Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңайлату да жүзеге асырылатынын алға тартты. Осы мақсатта барлық үдерісті 5-тен 3 кезеңге қысқарту ұсынылып отырғандығын атап өтті. МЖӘ жобаларының тұжырымдамалық кезеңдері және келісім жобаларының сараптамасы жойылады.

"Бұл МЖӘ жобаларын дайындаудың мерзімін 7 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жаңалықтың бірі "бағдарламалық МЖӘ"-ні енгізу болып табылады. Оның нәтижесінде МЖӘ рәсімдері қысқа және бизнес үшін қолжетімді болады", – деді Тимур Сүлейменов. 

Сондай-ақ заң жобасының аясында бюджеттік үдерісті жетілдірудің басқа да мәселелері қаралды. Бұл айыппұлдарды болжамдауға тыйым салу, инвестициялық жобаларды қазынашылық қолдауды енгізу, төлем есептеу әдісі арқылы есептілікті енгізу және басқалары.

"Тұтас алғанда ұсынылып отырған түзетулер бюджеттік қаржыны экономикаға жылдамырақ жеткізуге, игерілмеген сомаларды азайтуға, МЖӘ жобаларының көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың үлкен дербестігі жағдайындағы зор жауапкершілігіне ықпал етеді", – деді министр Тимур Сүлейменов.

Өз кезегінде депутаттар осы заң жобасы арқылы сыртқы қарыздарды тартуды бақылау жүйесін өзгертуді ұсынды. Себебі, құжатта институционалды жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды сол жобаға бастамашы болған және келісімге қол қойған меморганға жүктеу көзделген екен.

"Міне, қателік қайда жатыр! Мен 199-шы баптағы осы норманы неге қайта қарау керектігін түсіндіре кетейін. Жаңылмасам, өткен сессияда біз медициналық сақтандыру ұйымына арналған қарыз туралы келісімді ратификациялау мәселесін қараған болатынбыз. Бірақ ол құжатты депутаттар палатаның комитеті деңгейінде қарау барысында-ақ үкіметке кері қайтарып жіберді. Өйткені қателеспесем, сол келісім бойынша үкімет қарызға алатын 80 миллион доллардың 60 пайызы кеңес беру қызметтері үшін консалтингтік компанияға төленеді екен. Бұл сонда неғылған заем? Оған кім қол қойды? Министр сапарда болған. Министрдің орынбасары тізеге салып, қолын қойып берген. Сол себепті де мұндай мәселені бір органның, немесе бір тұлғаның қарауына бере салуға болмайды", – деген мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екінші оқылымға дейін жобаның осы бабын үкіметпен бірге қайта пысықтауды тапсырды. 

Бұған қоса, спикер ведомствоаралық комиссияның құрылуы, оны вице-министр басқаруы қажет екенін мәлімдеді: қарыз туралы келісімдер бір емес, көптеген меморгандардың жұмысы, мүдделері мен шешімдері тоғысатын жер.

"Дәл сол жерде мемлекет атынан қарызға ақша алынады, ол заемды кейін болашақ бірнеше ұрпақ төлеуге мәжбүр. Ал мұнда бірден 60 пайызын кеңесшілерге бере салмақ болған. Сонда ол қандай кеңестер? Олар жаңадан велосипед ойлап таба ма? Егер міндетті медициналық сақтандыруды ендіріп жатқан екенбіз және оған біреулерді тартады екенбіз, демек, олар оны ендіру бойынша онсыз да тәжірибесі бар емес пе? Ендеше оларда керектінің бәрі бұрыннан әзір. Соған қарамастан, 10 кеңесшіге бар қарыздың жартысынан көбін бере салу жарамайды. Абырой болғанда, кейін үкімет келісімді қайта қарады, қайтадан келіссөздер жүргізді, барлығын орнына келтірді. Тек содан кейін бізге басқа ратификациялық құжатты ұсынды", – деп медсақтандыруға қатысты кезекті жөнсіздікті жария етті мәжіліс басшысы. 

Осыған орай Нұрлан Зайроллаұлы үкіметте "салмақты үйлестірушілік сүзгі" болуға тиістігін, ол осындай кереғарлықтарды парламентке дейін жеткізбей, алдын ала зерделеп, заң жобасын олардан арылтуы керектігін нықтады.

"Ол сүзгі бірінші кезекте, үкімет үшін осындай келеңсіздіктен сақтандыруды кепілдендіруге тиіс. Сонда мұндай ақау болмайды", – деп түйді спикер.

Бұған жауап ретінде ұлттық экономика министрі бұл мәселені пысықтап, оны реттеу тетіктерін ұсынуға уәде етті.

Бірақ қалаулылардың сын-легі мұнымен шектелмеді. Заң жобасындағы бюджет қаржысын игермеу үшін меморгандардың бірінші басшыларынан, бірінші кезекте министр мен әкімнен жауапкершілікті алып тастайтын бапқа да мәжіліс қырын қарады.

Тимур Сүлейменовтың түсіндіруінше, министр мен әкімдер өздеріне тапсырылған сала не өңірдегі жалпы, ортақ ахуал үшін жауап береді. Тиісінше, бюджеттік мәселелерге сол бюджет жобаларын түзетін және оны іске асыратын бағдарлама әкімшілері не жауапты шенеуніктер жауапты болуға тиіс.

"Жауапкершілік ортақ болса, ол ешқандай жауапкершілік жоқ деген сөз. Сіз сонымен бірге, бірінші басшылардан жауапкершілік алынып тасталмайтынын да айтасыз. Сонда шындығы қайда? Заңнамада "бюджеттік бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізілмеуіне соқтыратын қаражатты игермеу үшін бірінші басшы және бағдарлама әкімшісі жауап береді" деп жазылған. Ал мына жобада "бірінші басшы" деген сөз алып тасталмақ. Оның орнына тек "бюджеттік бағдарлама басшысы" ғана қалады. Бұл – не департамент директоры, ең жоғары дегенде – вице-министр, әйтпесе, тек қана басқарма басшысы немесе меморгандағы бюджеттік департамент жетекшісі ғана. Сіз болсаңыз, жауапкершілік төмендемейді деп сендіресіз, ал мынаны қалай түсінуге болады? Сіздер "меморганның бірінші басшысын" алып тастап отырсыздар ғой!" – деп аң-таң болды Нұрлан Нығматулин.

Бұған жауап ретінде министр Тимур Сүлейменов бірінші басшылардың қызметі тек Бюджет кодексі бойынша ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ортақ стратегиялық бағдарламалық құжаттар мақсаттарына қол жеткізілуі бойынша бағаланатынын айтты. Бірақ спикер оның сөзін бөліп жіберді.

Мәжіліс төрағасы жалпы отырысты онлайн-трансляция арқылы халық көріп отырғанын, тиісінше, бұл мәселені де "ақылды сөздердің жиынтығымен" емес, қарапайым тілмен анық түсіндіру керектігін қадап айтты.

Нұрлан Нығматулин мемлекет басшысының өзі бірінші басшылардың жауапкершілігі болуын міндеттегенін ескертті.

"Облыс әкімі, министр бюджеттен берілген мемлекеттік қаражаттардың игерілуіне жауап береді. Дұрыс пайдаланбады ма, ұрланды ма, тиімсіз пайдаланды ма – бірінші басшы жауап берсін. Сіз қазір оның бәрін бюджеттік бағдарлама басшысына көшіре салғыңыз келеді", – деп қынжылыс білдірді спикер.

Тимур Сүлейменов депутаттардың айтқанымен келісетінін жеткізді. Әйткенмен, "бірінші басшыны" қалдыруға қатысты өзге министрліктермен келісіп, үкіметтің келісімін алуға рұқсат сұрады.

"Тимур Мұратұлы, сізге нені жасағыңыз келсе де, болады. Бірақ осыған келістік қой? Ендеше заң жобасы бойынша жұмыс тобының басшысына бюджеттік бағдарлама басшысымен қатар бірінші басшыны да қалдыруды министрдің ұсынысы ретінде енгізуді сұраймын", – деп шарт түйді мәжіліс төрағасы. Депутаттық корпус осыны қолдады.

Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин екінші оқылымға дейін заң жобасындағы "тиімсіз орындау" түсінігінің нақты анықтамасын тұжырымдауды жүктеді.

"Бюджет қаржыларының тиімсіз игерілуіне қатысты нақты өлшем болуы керек. Әйтпесе, Бюджет кодексінде түсінік ретінде ұсынылып отырған "нәтижелілік", "жауапкершілік", "перспективті" сияқты жалпылама сөздер ауқымды мемлекет қаржысын бөлу кезінде нақты дәлел бола алмайды. Өйткені, олардың ешқайсының тәжірибелік, қолданбалық сипаты жоқ. Ал, субьективті бағалаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Егер қаржы бір мемлекеттік органнан басқа органға қайта бөлінетін болса, не үшін олай болғанына, не себептен тиімсіз орындалғанына және соңғы нәтижесінің қалай болғандығына жауап беруіміз керек. Осыдан кейін ғана жеке жауапкершілікке қадам жасай аламыз", – деді палата басшысы.

Талқылау кезінде квазимемлекеттік сектор қаражаттары көлемінің ұлттық экономика министрлігі деңгейінде ғана келісілетіндігі сынға алынды. Спикердің айтуынша, президент бірнеше мәрте үкіметке бақылауға алуға тапсырған мемлекеттік займ мәселелері тағы да министрлік деңгейіне түсіп отыр. Министрлік ұсынып отырған редакция елбасының бюджетті бақылау жөніндегі нұсқауларымен сәйкес келмейді. Сондықтан, бұл норманы президент тапсырмасын есепке ала отырып, қайтадан тиянақтау ұсынылды.
Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу